Гегельдің ұлттық мемлекет туралы философиясы

Руссоның жалпыға ортақ ерік ұғымын Кант пен Гегель әртүрлі қарастырды. Кант оған мораль субъектілерінің консенсусы ретінде мифтік емес форма беруге тырысты. Ал Гегель оны адамзат тарихында көрініс табатын әлемдік рухтың еркіндігіне айналдырды.

Гегель өзінің еркіндігі мол рух пен өзіндік сананың эволюциясы туралы тезистері мен нақты тарихтың арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін түсінген сияқты. Ол әлемдегі үдерістің бәрі жекелеген тұлғалардың риясыз іс-әрекеттерінің нәтижелері деп таныды. Сондықтан ол тарихты халықтардың бақыты, мемлекеттердің даналығы және жекелеген адамдардың ізгліктері құрбандыққа шалынатын қасапхана ретінде сипаттауға дайын болды. Бірақ, – дейді ол, – уайымға салыну – негізсіз, себебі индивидуумдардың эгоистік әрекеттері – дүниежүзінің идеал тағдырын жүзеге асырудың жалғыз ғана құралы.

«Идеал – тарих өрмегінің негіз-қаңқасы, ал адамның ұмтылыстары – оның жіптері».

Адамның іс-әрекеттері әлеуметтік ортада жасалады, өзіндік мүдделер эгоистік болмауы тиіс. Әлеуметтік рөлдерді орындауды өздігімнен үйренемін деп үміттенуге болады: өз отбасыма деген махаббат, мамандығымды мақтаныш тұтуым – өзіндік сананың формалары емес, алайда олар менің бақытты болуыма ықпал етеді. Керісінше, әлеуметтік институттар менің еркіндігімді шектемейді, олар менің іс-әрекеттерімнің мүмкіндіктерін кеңейте отырып, еркіндігімді ұлғайтады. Бұл отбасына және Гегель «азаматтық қоғам» деп атайтын клубтар мен кәсіпорындар сияқты ерікті ұжымдарға қатысты алғанда ақиқат болып саналады. Бұл – ең алдымен, мемлекет, ол әрекет еркіндіктерін ең көп мүмкіндіктермен қамтамасыз етеді, сонымен қатар, әлемдік рухтың өз мақсаттарына жетуге ықпалын тигізеді.

Идеал мемлекет азаматтардың жеке мүдделері мемлекеттің жалпы мүдделеріне сәйкес келетін түрде құрылуы тиіс. Дүниежүзілік рух олардың көмегімен өзінің мақсатына жететін индивидуумдарды тарих, мемлекет және халықтардың өздерінің арасынан шығарып отырады. Мысал ретінде ұлы адамдардың Цезарь немесе Наполеон сияқты бірегей тұлғаларын айтуға болады, олар өз замандары үшін тарихтың пісіп-жеткен қырларын көре білді және дүниежүзілік рухтың көрініс табуында ерекше рөл атқарды.

Бірақ та мұндай адамдар сирек кездеседі және дүниежүзілік рухтың жекелеген халықтар немесе ұлттар арқылы қалыпты дамуы болып саналады. Бұл рух халықтың мәдениетінде, діні мен философиясында, сонымен қатар, әлеуметтік мекемелерінде көрініс табады. Ұлттардың мемлекеттермен бірдей болуы міндетті емес. Шынында да, Гегель осыны жазған кезде неміс ұлты өзін герман мемлекетіне әлі айналдырмаған еді, бірақ тек мемлекетте ғана ұлт өзін саналы түсіне бастайды.

Мемлекет құру – рух оны қалыптастыру құралдары ретінде жекелеген тұлғалар мен халықтарды қолданатын өте жоғары мақсат. Гегель үшін мемлекет бейбіт өмірді немесе меншікті қорғауға арналған мәжбүрлеу құралы: бұл – жеке тұлғаларға өмірлік жаңа өлшемдер ұсынып, олардың еркіндігінің кеңінен қанат жаюына ықпал ететін негіз. Еркіндіктің көрінісі ретінде мемлекет өздігінен өмір сүреді. Индивидуал азамат өзі ие болып отырған бүкіл құндылықтарға, рухани дүниеге тек мемлекет арқылы ғана қол жеткізіп отыр. Қоғамдық және саяси өмірге қатыса отырып қана ол өзінің рационал болмысын саналы түсінеді, өзін ұлттық және дүниежүзілік рухтың көрініс ретінде көрсетеді. Мемлекет, – дейді Гегель, – жер бетінде өмір сүріп отырған құдайы идея. Бірақ құдайы идея әлі толығымен жүзеге асырылмаған. Неміс рухы – абсолют ақиқат шексіз еркіндікке ие жаңа дүниенің рухы, - дейді Гегель. Алайда Пруссия корольдігінің өзі дүниежүзілік рухтың соңғы сөзі емес. Гегель тұтасты жекеден үнемі жоғары қоятынын ескерсек, ол ұлттық мемлекеттер ақыр соңында дүниежүзілік билікке бағынулары тиіс деген болжам жасайды деп күтуімізге болатын еді. Бірақ әлемдік мемлекет идеясы Гегельге ұнамады, себебі ол тарих диалектикасындағы қажетті кезең болып саналатын соғысты теріске шығарар еді. Гегель соғысты қажетті зұлымдық қана емес, өмір сүрудің шарттылығын еске салып отырушы ретінде жағымды сипатқа ие нәрсе деп қарастырды. «Бұл шарттылық уақытша игіліктер мен заттардың өтпелілігіне байыпты қарауымыз керектігін» ескертеді. Сондықтан Гегель Канттың мәңгілік бейбітшілікті іздеуіне қарсы шықты. Адамзаттың Гегель болжамдаған болашағы Германияда да, біріктірілген бейбітшілік әлемінде де болмады, ол, шамасы, «біздің алдымыздағы ғасырда дүниежүзілік тарих тарихының құпиясы ашылатын» Америкада, Солтүстік пен Оңтүстіктің континеттік ұлы соғысында көрініс табатын шығар.

Германияның Гегель дүниеден өткеннен кейінгі жүз жылдық және одан да астам тарихы оның саяси философиясын жаман атаққа қалдырды. Оның мемлекетті өзіндік мақсат ретінде мадақтауы, неміс халқының космостық рөліне деген сенімі, соғысты жағымды бағалауы ХХ ғасырдың быт-шытын шығарған екі дүниежүзілік соғысқа жауапкершіліктен қашып құтылуына мүмкіндік берер ме екен? Ол бағалаған Пруссия моделі, өзі ұстанған ұлтшылдық нацистердің тоталитарлық расизмінен біршама алыс болды. Десек те оның философиялық мансабы, Руссо секілді, қате метафизикадан туындайтын апатты салдарды еске салу болып саналады. Біз ол туралы белгілі бір түрде жеке, адамның қарапайым индивиді емес, шынымен де жоғары формасы деп ойлағанда ғана мемлекет ішкі құндылыққа ие деп сенуге болады. Бұған Гегельдің ұлттық мемлекеттерді жандандыратын ұлттық рухтардың арасындағы өзара әсер етуде өмір сүрген дүниежүзілік рух бар деген метафизикалық болжамын қабылдағанда ғана рационал түрде сенеміз.

Философия тарихына қазіргі заманғы мәселелерді түсіну үшін қызығатын адамдар Макиавеллиден бастап Гегельге дейінгі кезеңді – саяси философияның гүлдену дәуірін қарастыра алады. Ежелгі және орта ғасыр дүниесі қазіргі заманғы саяси философиядан тым алыс. Басқа жағынан алғанда, келесі томда байқайтынымыздай, ХІХ ғасырдың ұлы философтарының саяси зерттеулері жаңа ғана қалыптасып келе жатқан экономика және әлеуметтану пәндеріне қарыздар, себебі олар таза саяси философияның өзгермес ядросы болып саналатын мәселелерді зерттейді.

Батыс философиясының жаңа тарихыы, 3-том.
Қазіргі заман философиясының бастауы