Саргасс – мұхит территориясындағы теңіз

1492 жылы италиялық саяхатшы Христофор Колумб испан кемелерімен Канар аралдарынан батысқа қарай Үндістан барар жолды іздеп шығады. «Санта Мария», «Пинта» және «Нинья» кемелері Атлант мұхитының 20 және 40° солтүстік ендігі мен 30 және 70° батыс бойлығында бетін жасыл шөп қаптаған теңізге келіп тіреледі. Бұл «мұхиттағы теңіз» болатын. Қалың су шөбі 5 мың шақырым ендікке, 2 мың шақырым бойлыққа созылып жатты.

Бұрын-соңды белгісіз болған су жылы әрі мұхитқа қарағанды тұзды еді. Теңіздің бетінде майда ағзалардан тұратын планктондар жоқ болғандықтан тұнық көк болып көрінетін. Одан бөлек, тереңдігіне қарамастан, әртүрлі су балдырлары теңіз бетіне шейін өсіп тұрған.

Испан саяхатшылары су балдырларының «сарга» атты жүзім сұрыбына ұқсағаны үшін «саргассо» деп атайды. Содан бері бетін балдырлар қаптаған «мұхиттағы теңіз» Саргасс деп аталып кеткен.  

Саргасс – құрлықпен шектеспейтін әлемдегі ең үлкен теңіз. Аталған тұзды су алабы Атлант мұхиты суының антициклонды айналымы әсерінен қалыптасқан. Ол батыста Гольфстрим, солтүстікте Солтүстік Атлант, шығыста Канар және оңтүстікте Солтүстік Пассат ағыстарының түйіскен айналымында жатыр.