Қазақ тілі америкалықтарға не үшін қажет?

Қазақ тілі америкалықтарға не үшін қажет?
Фото: www.huffingtonpost.com

Бүгінгі таңда әлемдегі кез келген ЖОО-да ағылшын тілі негізгі мамандық ретінде де, мамандықты игеру тілі ретінде де оқытылады. Ал ағылшын тілі өз ана тілі болған ел азаматтары қай тілдерді игереді? АҚШ, Мексика және Канадамен іргелес жатқандықтан, испан және француз тілдерін шет тілі ретінде оқиды. Одан бөлек, әлемнің өзге де халықаралық деңгейдегі тілдері игеріліп жатыр. Ал АҚШ-тың кейбір университеттері қазақ тілін де оқытады екен. Сонымен америкалық студенттер қазақ тілін неліктен меңгеріп жүргенін анықтап көрелік.

АҚШ-тың Индиана университеті (Индиана штаты) қазақ тілін бакалавр деңгейінде үйренгісі келетін америкалықтарға арнайы оқу бағдарламасын ұсынады. Ал университеттің ресми сайтында бағдарламаны үгіттеу үшін мынадай түсіндірме жазалыпты:

«Қазақстанның АҚШ үшін қандай маңызы бар?

Қазақстан - мұнай мен табиғи газға бай ел. Америкалықтар білмеуі де мүмкін, Қазақстан территориясы бойынша әлемдегі тоғызыншы орында тұр.  АҚШ-тың мұнайлы штаты Техастан 4 есе үлкен. Демек мұнай да сәйкесінше сол шамада көп. Сонымен қатар, аталған ел Ресей мен Қытайдың арасында орын тепкен. Бұл – геосаяси жағдайды бақылауда тиімді аймақ.

Қазақтар кімдер және Қазақстан туралы не білесіз?

Егер сіз «Борат» фильмін көрген болсаңыз, оны ұмытыңыз. Оның қазақтар мен Қазақстанға еш қатысы жоқ. Дегенмен «Моңғол» фильмі қазақтардың өткендегі көшпенді өмірін суреттейді. Тәуелсіз мемлекеттің орталығы Астана қаласына ауысқан. Ел жылдам дамып келеді.

Қазақ тілін не үшін оқимыз?

Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ тілінің статусын мемлекеттік деңгейге көтерді. Қазақ тілін меңгеру арқылы тарихы мен мәдениеті бай ұлтпен танысасыз. Қазақтар қазақ тілін білетін шетелдіктерді өте құрметтейді!

Қазақ тілін меңгерген америкалықтар Орталық интеллигенция агенттігі (CIA) немесе Федералды тергеу бюросы (FBI) сынды мемлекеттік органдарда жұмыс істей алады».

Одан бөлек АҚШ-тың Дьюк, Стэнфорд, Висконсин-Мэдисон, Бостон, Гарвард, МичиганАризона сынды университеттерінің шығыстану факультеті мен тіл оқыту курстарында қазақ тілі оқытылады.

Ж. Өрісбай