Сөздер сөйлейді. «Абыз»

ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді еске түсіру үшін сөздер сөйлейді.

ХІХ ғасырдың орта тұсында жасап өткен Дулат Бабатайұлының бір өлеңінде:
Абыз демей, не дейміз,
Шалы орнынан тұрған соң, –
дейді. Мұндағы абыз сөзі, Л. Будаговтың көрсетуі бойынша, Қазан татарлары тілінде «оқымысты, білгір, сауатты адам», тобыл наречиесінде абзи «аға», абыз тотай, одан қысқарған абыстай «апай, дін басы болған адамның әйелі, мұғалім әйел», башқұртша абсай «ана, шеше», абыз етмек, абызламақ, «оқыту, ағарту», абызмақ «оқу, сауаттану» (Будагов, І, 4). Қазіргі қазақ тілінде абыз – көне сөз, «көп білетін, білгір, білімді адам» және «сәуегей, көріпкел» мағыналарын білдіреді (ҚТТС, І, 1974, 38). Соңғы мағынада жиірек қолданылатынын айтуға болады және қазақтардың абызы «алдап соғатын» сәуегей емес, ақылды, халық құрметіне ие болған әрі жасы еңкейген адам екені байқалады. Мұхтар Әуезов «Еңлік-Кебек» пьесасында дана кейіпкердің образы етіп Абызды алуы да осыны дәлелдейді.

Абышқа (абшыйақ) сөзінің бірнеше фонетикалық вариантта құбылып келіп, бірқатар көне, тірі түркі тілдерінде немесе олардың диалектілерінде «қарт адам, қария, әйелдің ері, шал», кейде тіпті «кәрі әйел» ұғымын беретіні мәлім. Бұл сөздің түбірі – абы/абу/аба немесе абыш «шал». Ал аба – (түрлі фонетикалық вариантта) түркі-моңғол тілдерінде «әке, ата, әкенің ағасы» мағынасын беретін сөз. Қырғыз тілінде «қадірмен» мағынасын беретін абығый сөзінің аб/аба тұлғасымен тамырластығы даусыз, өйткені жасы үлкен адам, ата, әке – қадірлі, құрметті адамдар.

Демек, бұл күнде сирек қолданылатын, көбінесе бұрынғы өлең-толғаулар мен қазіргі тарихи, көркем шығармаларда кездесетін абыз сөзі өзінің түп тамырындағы «ата, әке, қарт адам» деген мағынасында да, одан ауысқан «көпті көрген білгір, сауатты, білімді адам» деген мағынасында көмескілендіріп «дана, ақылшы, көреген қария» деген ұғымда жұмсалған, жұмсалатын сөз деп танимыз. Әрине, бұл сөздің қазақ тіліндегі қолданысында өзге тілдердегі және ертедегі мағыналық реңктері сақталғанын (қария адам болуы, көп нәрсені байымдай алатын білімді болуы, сәуегейлік қасиетінің болуы т.б.») көреміз.

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.

Сурет: spi2uk.itvnet.lv

1. Сөздер сөйлейді. "Жер болу, жер қылу"

2. Сөздер сөйлейді. "Дес беру, дес бермеу"

3. Сөздер сөйлейді. «Адырна»

4. Сөздер сөйлейді. "Қағанағы қарық, сағанағы сарық"

5. Сөздер сөйлейді. Дін аман. Дән риза