Әдебиет пен экономикалық дағдарыс арасындағы тәуелділік

Британдық ғалымдар «әдеби» бақытсыздық индексі мен дәл осындай экономикалық индикаторды салыстыра отырып, екі көрсеткіштің арасындағы тәуелділікті анықтап отыр.  

Бристоль және Лондон зерттеушілері Александр Бентли, Альберто Асерби, Пол Ормерод және Василеос Лампос өз зерттеулерінде ағылшын және неміс тілдерінде басылған миллиондаған кітаптың цифрлық көшірмелерін сараптамадан өткізген екен. Олар алдымен әдеби шығармалардағы ыза, қорқыныш, қасірет, таңдану, жиіркену және қуанышты білдіретін сөздердің қолдану жиілігін санап шықты. Анықталған «әдеби» бақытсыздық индексі «қайғылы» және «қуанышты» сөздердің жиынтығы ретінде көрсетілген.

Британдық ғалымдар «әдеби» индикатордағы өзгерістер экономикалық бақытсыздық индексімен сәйкес келетіндігін, алайда олардың айырмашылығы он жыл екендігін анықтап берді. Мысалы, 1930 жылдардағы үлкен дағдарыс кезіндегі экономикалық индекстің төмендеуі 40-шы жылдардағы «әдеби» индикатордың құлдырауына алып келген.

Профессор Бентлидің ойынша, бұл ақпараттардың есте сақтау ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Егер жазушының балалық шағында негативті жағдайлар көбірек есте қалған болса, онда ол ер жете келе жазбаларында күйзеліске толы лексиканы көбірек қолданады екен.  

Алайда көптеген жазушылар бұл зерттеуге күмәнмен қарайтынын да айтып қалды. Мысалы, Джейн Смайли («Мың акр» романы үшін Пулитцеров жүлдесіне ие болған) осыған байланысты былай деп мәлімдеді: «Біздің әрқайсымыз (жазушылар) өзімізді ерекше жан және шығармамызды да таңқаларлықтай деп санайтынымыз бар. Сондықтан олардың (ғалымдар) біздің туындымызды жеке сөздерге бөліп жаруы  - біздің жүзімізге күлкі ұялатады».  

Ғалымдар «әдеби» индикаторды алып экономикаға ие АҚШ пен Ұлыбританияның экономикалық бақытсыздық индексімен салыстыра отырып, қорытынды жасаған. Бұл көрсеткішті америкалық экономист Артур Оукен жасап беріп кеткен екен. Бақытсыздық индексі инфляция бағамы мен жұмыссыздық көрсеткіштері сияқты есептелінеді. Ал өз кезегінде жоғары инфляция мен өсіп бара жатқан жұмыссыздық көрсеткіші ел экономикасының құлдырауына әкелетіні белгілі.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: en.flossmanuals.net