Нұржан Керменбаев: Доллармен емес, теңгемен сөйлесетін болды

«Арнау» тобының мүшесі, елге танылып үлгерген белгілі әнші Нұржан Керменбаев "Жұлдыз FM" радиосында қонақта болған болатын. Тыңдармандардың қойған қызықты сауалдарына жауап берген әншінің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

1. Туған жеріңіз жайында айтып өтсеңіз?

− Менің туған жерім Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы. 1-сыныпқа баруым үшін 6 жасымда Сәтпаев қалашығана көштік. Жастық шағым сонда өтті. Алматыға 16 жасымда келген болатынмын. Міне қазір осында жүргеніме 10 жылдың төңірегі болып қалды.

2. Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар? «Арнаудың» жай-күйі қалай болып жатыр?

− Баршаңыз білетіндей Салтанат екінші перзентін дүниеге әкелді. Соған байланысты қазір жұмыс кішкене тоқтап тұр. Алайда топ өз жұмысын алда жалғастыратын болады. Тіпті топтың ғұмыры ұзақ болса екен деймін. Ал өзім ізденіс үстіндемін. Жақында Айқын Төлепберген екеуміз қыздар жайында дуэт жаздық. Тағы бір жаңалығым, Жанар Дұғаловамен «Мұның дұрыс болмады» деген дуэт жазып жатырмыз. Алайда әннің атына екеуміздің де қатысымыз жоқ. Мұны композитор бауырым Данияр Шеңгелбаев қойды.

3. Жеке шығармашылық кешіңізді қашан бересіз?

− Ендігі жылы өнер жолында жүргеніме 10 жыл толады. Соған орай есеп беру концертімді 2016 жылы өткізу жоспарда бар.

4. «Алыста жүрсемде» әнінің тарихын айта кетсеңіз?

− Бәріңіз білетіндей бұл әннің тақырыбы алыста жүрсе де бір-бірін іздейтін ғашық жандардың сағынышы туралы. «Жел тұрмаса, шөптің басы қималдамайды» демекші, бұл әннің де өзіме қатысы бар. Алайда өзім жайлы бәрін айта бергім келмейді.

5. Сіздің ойыңызша продюсер қандай болуы керек?

− Бұл жұмыстың жүгі өте ауыр. Продюсер болғысы келетіндер өте көп, алайда продюсер болу оңай емес. Мұны жұмыс барысында көріп те жатырмын. «Accord», «Достар» атты топтардың продюсерімін. Қазір бір қарындасымызға ағалық ретінде көмектесіп жатырмын және тағы да жеке орындаушылар бар. Өз басым болашағынан көп үміт күтетін, талантты Шоқан Уалихан есімді азаматты дайындау үстіндемін. Алда Шоқан көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамын. Ал продюсер қандай болу керек деген сұрақтың өзіне келер болсақ, ең бастысы әділ, адал болуы керек.

6. Қазір жігіттерден құралған топтар көп. Ал «Accord» тобы несімен ерекшеленеді?

Кез келген мәселеде адамгершілік қымбат. Жігіттер өте ұйымшыл. Ұжымда татумыз. Сол себепті жігіттер ауызбіршілігімен ереше деуге де болады. Сондықтан жігіттерге тек сәттілік тілеймін!



7. Қандай ақын, композиторлармен жұмыс жасайсыз?

− Осыдан бес жыл бұрын мен әуелі әннің әуеніне мән беретінмін, қазір олай емес, әннің сөзіне баса мән беремін. Менің сүйікті ақыным Ринат Зайытов. Өзге де Дулат Құйқас және Хамза Көксебек секілді ақын ағалармен жұмыс жасаймын.

8. Жұлдыз ауруымен ауырдыңыз ба? Одан қалай жазылдыңыз?

− Әрбір өнер адамы бұл күйді бастан кешіріп, бұл кезеңнен өтеді. Мойындаған да ерлік демекші, мойындай білу керек. Мұны менде басымнан өткіздім. Алайда ешқашанда тура жолдан тайған емеспін. Мен жалғыз Алланың қолдауымен бұл жолдан қиындықсыз өттім деп айта аламын.

9. Жұмыстан шаршап, қажыған сәттерде қалай демаласыз?

− Көбінесе ән тыңдаймын. Осылай шаршауымды басып аламын. Оның ішінде өзімнің де әндерімді тыңдап қоямын. Әрине, әнім қалай шықты, қай жерлерінде қателіктер кетті деген оймен. Сонымен қатар құран сүрелерін тыңдағанды ұнатамын.

10. Отандық телеарналарда шығып жатқан түрлі жобалар бар. Сол жобаның бірі арқылы өзіңіз де халыққа жол тарттыңыз. Қазіргі таңдағы жас әншілер жобада өздерін қалай көрсетіп жүр?

− Жоба жеңімпазы атанғанның өзі бақ қой. Ал оны ары қарай алып кету әркімнің өз қолында. Алайда бәрі де еңбекпен келеді. Мұның бәрі 1% талант, 99% еңбектің арқасында ғана жүзеге асатын дүние.

11. Доллардың көтерілгені сізге қаншалықты әсер етіп жатыр?

− Бұл жағдай тек өнер жолындағы адамдарға ғана емес, бүкіл халыққа әсері тиіп жатыр. Көпшілік әншілер өз қаламақысын түсіріп те жатыр. Енді қазір доллармен емес теңгемен сөйлесетін болдық. Жалпы бұл жағдайдан кейін теңгеге жақындап жатырмыз.

12. Қай футбол камандасына жанкүйерсіз?

−«Жігітке жетпіс өнер де аз» деген халықпыз. Бұл ойынды бала кезімнен ойнап өстім. Ал «Барселона» жанкүйерімін десем, «Реал» жанкүйерлері ренжіп қалмасын.

− Сұхбатыңызға рахмет!