Көшпелілік өмір салтындағы ғарыштық (космостық) дүниетаным

Қазақ тіл білімінде ұлттық дүниетанымның ғарыштық сипаты туралы мәселелер философия, мәдениеттану салалары бойынша жазылған ғылыми еңбектерде айтылып жүр. Дегенмен, қазақ Космосының моделін зерттеу ісі енді-енді қолға алынып жатыр десек болады. Бұлардың ішінде тілге тиек ететін маңызды жұмыстар қатарына Г.Гачевтің «Қазақ космосына саяхат», Ж.Каракузова мен М.Хасановтың «Қазақ мәдениетінің космосы», А.Галиевтің «Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы» атты сүбелі ізденістерін жатқызуға болады. Көшпелілер өмірінің басым бөлігі кеңістікті игерумен байланысты болғандықтан, олардың өмір туралы дүниетанымы космоспен біте қайнасып жатқан. Олар өздерін ерекше тіршілік иесі ретінде әлемнен бөліп қарамаған. Әлемді шеңбер түріндегі жалпақ кеңістік ретінде, яғни ғарышты дөңгелек әлем бейнесінде қабылдаған. Шексіз әлемді халық даналығы нұрлы аспан бейнесі және оған пара-пар келе алатын адам бейнесі арқылы жеңе білді, және адам өмірі шексіз деп түсінді. Жан ұшып аспанға барады, ол мәңгілік деп қабылданды. Қазақ киіз үйіндегі шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол іспеттес. Жоғарыдан төмен қарағанда киіз үйдің шаңырағы – күн, ал уық-керегелері оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фәни дүниеден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы киіз үй құрылысынан да көрініс тапқан.«Әлемді түрік тайпалары шексіздік ұғымында түсінген және ол өз құрылымы жағынан көшпелілердің отауы – киіз үйге ұқсас. Жеті қабат Жер бар делінеді, онда Көк Төбе орналасқан, Көк Төбеде Көк Терек өсіп тұр, ал ол Көк күмбезді тіреп тұр. Бұл киіз үйдің кереге, уық, және шаңырағымен ұқсас келеді». Түркілер түсінігінде «Көктәңірі – адам – жер» – біртұтас құбылыс, яғни Адам – Жер мен Көктің қосындысы. Осы түсінікпен байланысты түркілер түсінігінде әлем үш бөліктен тұрады: жоғарғы әлем (Көк, аспан), ортаңғы әлем (Жер), төменгі әлем (Жерасты). Қазақтарда осындай модельдің болғандығына мына бір аңыз дәлел: «Көктің өз тұрғындары бар, олар адамдар, олардың белбеулері мойнында оралған, біз жердің ортасында тұрамыз және белбеуіміз денеміздің ортасында тұрады. Өз күні, айы мен жұлдыздары бар жерасты адамдары белбеулерін аяғында ұстайды».
Сол сияқты Орхон-Енисей жазбаларында: «Жоғарыда көк аспан, ал астында қара жер жаратылған кезде, олардың ортасында адам баласы жаратылды. Адам балаларының үстіне патша болып менің бабаларым Бумын қаған мен Естеми қаған отырды. Патшалыққа отырған соң олар мемлекетті қорғады және түрік елінің заңдарын жасады» делінеді. көшпелілердің дүниетанымын екі бағытта қарастыруға болады: Бірі – әлемнің тік бағытты құрылымы, екіншісі – көлбеу құрылымы. Оның біріншісі – Жерасты-Жер-Аспан (мұны кейде Жер-Адам-Аспан деп те айтады) құрылымы, екіншісі – кеңістікпен (қозғалыспен) байланысты. Азиялық көшпелілердің табынушылық өмірінде Аспан құдайының (көктің) рөлі мен маңызы ерекше болды. Бұл діни наным «Тәңіршілдік» (Тенгрианство) деп аталады. Түрік жазуларында түріктердің барлық жеңістері Көк Тәңірімен байланыстырылған. Арабтар Орта Азияны жаулап алғанға дейін қазақтар Тәңірге (аспанға) табынды. Қазақтардың бұрыннан қалыптасқан Тәңірге табыну салты ислам идеясымен сабақтасып, халықтың наным-сеніміндегі Тәңірі – Алла ұғымымен бірігіп, бір ғана құдыреттің барлығын танытады. Көктәңірілік сенімнің негіздері тасқа қашалып жазылған сан ғасырларға жеткен Орхон-Енисей ескерткіштерінде шынайы көрініс тапқан.
Орхон-Енисей ескерткіштерінің мәтінінде басынан аяғына дейін Тәңіршілдік туралы айтылады. Томсеннің ең алғаш оқыған сөзінің өзі осы Құдай, аспан мағынасындағы «tangri» сөзі болған. Бұл жазу үлгісі халқымыздың дүниетанымы мен мәдениетін, тарихын танып білуде маңызды рөл атқарады. Түріктер тауларды пір тұтқан және олар биік шыңды (Хан тәңірі және Тянь-Шань) Тәңірі тауы деп атаған. Сондай-ақ көшпенділер үшін Айдың да маңызы зор болған. Ай көне түрік мәдениетінде Күннің орынбасары, әйел құдайы ретінде танылған. Ш.Уәлиханов зерттеулерінде қазақ халқының Айды Құдай тұтқандығы туралы айтылады. Қазақтар әр ай сайынғы Айдың жаңарып отыратынын байқаған. Айдың тууына қарай алдағы айдың жайлы-жайсыздығын болжаған. Мұсылмандықта Ай діни таңба қызметін атқарған. Мұсылмандар зираттарына Ай белгісін қоюдың мәні – ол әруақтар дүниесімен жалғастыратын белгі болып саналған.
Ай – қазақ дүниетанымында әдемілік пен сұлулықтың символы. Қазақ мифтерінде аспан денелерінің бір кезде адам болғандығы, және олардың қазірде де сол адамдардың іс-әрекетін қайталап жүргендіктектері туралы ақпараттар беріледі. Мысалы, Жетіқарақшы жұлдыздары Арқан жұлдыздары арқылы Темірқазыққа арқандалған Ақбозат пен Көкбозат жұлдыздарын ұрлап алу мақсатында әр түн сайын торуылдап жүреді екен. Енді ұрламақ болғанда, таң атып кетіп, күндіз ұрылар жасырынып үлгіреді. Солтүстік полюс бағытында жақын орналасқандықтан Темірқазық жұлдызы әрқашан бір орнында тұрады да, қалған жұлдыздар жердің өз осін айналуына байланысты қозалыста жүреді. Ақбозат пен Көкбозат жұлдыздары Темірқазықты жақындау жерден, ал Жетіқарақшы алысырақтан айналады».