Германия 5 түрлі энергия көзін ұсынады

Германия 5 түрлі энергия көзін ұсынады
Фото: massaget.kz

Батыс Еуропадағы Германия үкімет Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде Германиядағы жасалған энергетикалық төңкерісті алып келген. Германия павильоны "Болашақ энергиясы" аясында "Энергия - дұрыс жолда" (Energy on Track) ұранын таңдаған.

Павильонға кірерде әрбір келушіге, оның ана тіліне кодталған smartstick құралы беріледі. Бұл құрал оларға жеке жәдігерлерді іске қосуға және олармен өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді.

Германия болашақтың энергиясы ретінде 5 энергия (жел, күн, су, геотермалды және биомасса энергиясы) көзін ұсынған.  Ол климаттың өзгеруі глобалдық мәселе екендігін және жаңа әрі жақсырақ энергетикалық заман үшін үміттендіретін қорларды глобалдық деңгейде қолжетімді екенін көрсетеді.

Неміс авто концерні BMW ұсынған i8 электр көлігі.

Болашақ қаласы

Болашақта қалалардың келбеті қандай болады? Қандай көлік түрлерін пайдаланамыз және қандай ғимараттарда тұратын боламыз? Осы сынды сұрақтарға Германия павильоны адамдардың күнделікті өміріне энергетикалық революцияның ықпалымен жауап берген. Оған заманауи электр көліктері, қолда бар энергияны үнемдейтін ақылды үйлер және энергия өндірудің стандартты емес жолдары кіреді.

Ақылды үй концепті толығымен үнемдеуге бағытталған.

Қазіргі таңда неміс инженерлері энергия үнемдеп қана қоймай, қосымша өндіру мүмкіндігіне ие ақылды үйдің 35 түрлі жобасын дайындаған. Efficiency House Plus инновациялық жобасының мобильді қосымшасы барлық энергия жұмсайтын құрылғыларды бақылауда ұстайды. Егер қажетінен артық энергия ресурсы жұмсала бастаса, бұл туралы мәлімет үй иесіне жіберіледі. Осылай энергияны үнемдеуге болады.

Балдырлардан өндірілетін энергия

Болашақ қаласына қажетті энергияның үштен бір бөлігі балдыр биереакторының үлгісіне арналады. Айта кетсек, ақылды үй қабырғаларына іші бос кус кейпінде айналармен бекітіледі.

Су астында өсетін балдырлардан да энергия өндіруге болады.

Ал оның ішіне су толтырылып, балдырлар орналастырылады. Балдырлардың фотосинтез үдерісі арқылы өсуінен бөлінетін жылу энергиясы үйдің негізгі қуат көзіне айналады. Ал балдыр өсіп кеткен соң, ауыстырылып, биомасса ретінде пайдаланылады.

Қабырғалары толығымен балдырларға толтырылған BIQ ақылды үйі Гамбург қаласында эксплуатацияға берілген.

Баламалы энергия көздері

2017 жылдың басында Германияның қолдауымен Қазақстанда алғашқы жел турбиналары қондырылды. Германия павильонында бұл технологияның жұмыс істеу принциптерімен таныса аласыз.

Неміс технологиясы аясында Ерейментауда жел электр станциясы іске қосылды.

Неміс инженерлері дайындаған тағы бір инновациялық жоба сізді жер астына саяхатқа алып барады. Геотермалды энергияның құпиясын жер қойнауында жатыр. Бұл технологияның жұмыс істеу принципі "Вена мен Артерия" қан тамырларының жүйесіне ұқсайды.

Алдымен Жер астына арнайы трубалар арқылы су жіберіледі. Су жер қыртысы бойымен төмендеген сайын қыза бастайды. Ал судың белгілі бір бөлігі буға айналып, қайнаған кезде, су екінші труба арқылы жоғарыға тартылады.

Бұл жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаржы керек. Бірақ инвестиция өзін ақтайтыны белгілі.

Ал Жер бетінде орналасқан аппарат ыстық судық жылу энергиясын алады. Айта кетсек, су жоғарыға шығарылып жатқан кезде небәрі 3 пайыз жылуын жоғалтады. Бұл технологияның 97 пайызға дейін тиімді екенін білдіреді.

Аталған жобаны Қазақстанның солтүстік аймақтарында қолдануға болады. Десе де, бұл неміс технологиясын жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет. Бірақ, вена мен артерия технологиясы – әзірге баламалы энергияны өндірудің ең тиімді әдістерінің бірі болып отыр.

Ж. Өрісбай