Бүгін үш ойын өтеді

Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының үш бірдей ойыны өтеді. Сондай "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасын табады.

Уэльс – Швейцария

Екі құрама арасындағы ойын Нұр-Сұлтан уақытымен сағат кешкі 19:00-де басталады. "А" тобындағы екінші кездесу Бакуде өтеді. Бас төреші – француз Клеман Тюрпен.

Уэльс пен Швейцария өзара 7 рет кездескен. 2 ойында валийліктер жеңіске жетсе, 5 ойында швейцариялықтар басым болған. Соңғы рет 10 жыл бұрын ойнаған. Одан бергі аралықта көптеген өзгерістер болғаны анық.

Уэльс құрамасы жанкүйерлері сенім артар ойыншының бірі – Гарет Бэйл. Ол осы жарыстан кейін мансабын аяқтағысы келеді. Сондай-ақ Аарон Рэмси мен Джеймстен де көп үміт күтеді.

Ойында аз да болса швейцариялықтар фаворит саналып отыр. Владимир Петкович шәкірттері жарысқа тас-түйін дайындықпен келген. Бас жаттықтырушы шақырған ойыншылардың бәрі сапта.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер QazSport арнасынан тамашалай алады.

Дания – Финляндия

Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. "В" тобындағы бұл кездесу Копенгагенде өтеді. Бас төреші – ағылшын Энтони Тэйлор.

Даттар топтық кезеңдегі 3 ойынын да өз жерінде өткізеді. Бұл құрама үшін зор мүмкіндік. Жергілікті билік стадионға 30% жанкүйер кіргізуге рұқсат берген. Бұл команда үшін үлкен қолдауы екені рас.

Дания құрамасы 2012 жылдан кейін Еуропа чемпионатына енді ғана жолы түсті. Құрамы Еуропаның үздік командаларында ойнайтын футболшылардан жасақталған. Сарапшылар топтық кезеңнен тосылмай шығады деп болжауда.

Финляндия Еуропа чемпионатының негізгі кезеңінде алғаш рет бақ сынамақ. Кейінгі өткізген 6 ойында жеңіске жетпеген. Сондай-ақ 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстанмен бір топта екенін айта кеткен де жөн.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Бельгия – Ресей

"В" тобындағы екінші ойын осы екі құрама арасында өтеді. Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Бас төреші – испан Антонио Матеу Лаос.

Бельгия ойындағы айқын фаворит. Құрамы жағынан бір бас жоғары десек болады. Футболшылары Еуропаның ең үздік клубтарында доп тебеді. Құрама топта ғана емес, жарыстағы жүлделі орыннан үміткер ұжымдардың бірі.

Ресейге қарсы ойынға үздік ойыншыларының бірі Кевин де Брюне қатыса алмайды. Ол Чемпиондар лигасының финалында алған жарақатынан айығып үлгермеді. Кейінгі ойындарына қатысады деп күтілуде. Аксель Витсель де жарақатына байланысты алаңға шықпайды.

Ойын Санкт-Петербургтегі "Газпром Аренада" өтеді. Бұл ресейліктердің бір басым тұсы ғана.

Екі құрама Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде бір топта болған. Бірінші ойында Бельгия өз алаңында 3:1 есебімен ұтса, "Газпром Аренада" 4:1 есебімен басым түскен болатын.

Ойынды қазақстандық жанкүйерлер Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады. 

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!