- Негізгі бет
- Еуро-2016
- Массагет бәйгесі. Үш...
Массагет бәйгесі. Үш ойынға болжам жаса
Бүгін Еуропа чемпионаты ойындары аясында үш кездесу өтеді. «А» тобында Албания мен Швейцария ойнаса, «В» тобында Уэльс пен Словакия, Ресей мен Англия құрамалары кездеседі. Назарларыңызға ойын алдындағы қысқа шолуымызды ұсынамыз.
Албания – Швейцария
Албания құрамасы Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысқалы жатыр. Олар үшін алғашқы ойынның маңызы жоғары. Дегенмен албандар үш ойында да жеңіліс тапса да, жанкүйерлері жазғыра қоймасы анық. Себебі құрама өз тарихтарындағы ірі жетістігіне қол жеткізіп отыр. Албания – Еуропа чемпионатындағы аутсайдер құрама. Солай бола тұра албандарды әлсіз деп бағалауға болмайды. Мәселен, 2014 жылғы әлем чемпионатындағы Коста-Риканың, биылғы ағылшын премьер-лигасындағы «Лестердің» ерлігін қайталап кетпесіне кім кепіл?!
Албания құрамасын италиялық маман Джанни де Бьяси жаттықтырады. Көбіне қорғаныста жүріп, қарымта шабуылға шығатын құрама. Сондықтан да швейцариялықтарға бүгінгі ойын оңай соқпасы анық.
Швейцария құрамасы соңғы ойындарында сәтті өнер көрсетіп жүрген жоқ. Еуропа чемпионаты алдындағы жолдастық кездесулерде команданың қорғанысында олқылықтар бары байқалды. Дегенмен команда бұл қателіктердің орнын толтырып үлгерген болар.
Букмекерлік орталықтар бұл ойында Швейцарияны фаворит санап отыр. Швейцариялықтардың жеңісіне - 1,75, тең ойынға – 3,48, албандардың жеңісіне 5,95 коэффициент беруде.
Ойын Астана уақытымен сағат кешкі 19:00-де басталады. «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.
Уэльс – Словакия
Қос құраманың бір-бірімен әлеуеті шамалас. Екі команда да іріктеу кезеңінде топта екінші орын алды. Екі құрама да Еуропа чемпионатында тосынсый жасауы мүмкін. Сондықтан да бұл ойынға нақты болжам жасап, фаворитті дөп басып айту қиындау. Дегенмен Уэльс құрамасы Еуропа чемпионатына алғаш рет жолдама алып отыр.
Крис Коулман жаттықтыратын Уэльс құрамасы қорғанысқа баса назар аударатын құрамалардың бірі. Шабуыл шебі де осал емес. Гарет Бэйл, Аарон Рэмси, Джо Аллен секілді ойыншылары бар құрама осал емес екені сөзсіз.
Словактар да қарсыластарын сан соқтыра алатын күшке ие. Команданың жұлдызды ойыншыларының бірі – Марек Гамшик. Ян Козак жаттықтыратын команда осы ойыншының гол соғуына көп жағдай жасауы мүмкін.
Букмекерлік орталықтар ойында Уэльс құрамасының жеңісіне – 2,75, тең ойынға – 2,80, словактар жеңісіне 2,87 коэффициент беруде. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.
Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. «Қазақстан» арнасынан тамашалай аласыздар.
Ресей – Англия
Англия құрамасы – «В» тобының ғана емес, Еуропа чемпионатының фавориті. Сондықтан да бүгін ресейліктерге оңай болмасы сөзсіз. Ағылшындар соңғы 10 ойынында жеңіліссіз келеді. 7 ойында қарсыластар қақпасына 2 голдан артық соққан. Англия құрамасын Пеленің өзі фаворит санап отыр.
Ресейліктердің ойында олқылықтары көп. Әсіресе Еуропа чемпионаты алдында Алан Дзагоевтың, Игорь Денисов, Юрий Жирковтың жарақат алуы - команданы әлсіретті. Орталық алаңдағы қорғанысы жиі қателесіп жатады. Мұны Еуропа чемпионаты алдындағы жолдастық кездесулерден байқадық.
Бұл ойында Англия құрамасы айқын фаворит екені анық. Ресейліктер үшін бұл ойыннан бір ұпай алудың өзі үлкен нәтиже болмақ. Дегенмен ағылшындардың шабуыл шебі мықты болғанмен, қорғанысы кейде қателесіп тұратынын естен шығармаған да абзал. Сондықтан бүгін түнде Марсельде өтетін ойын тартысқа толы болары анық.
Букмекерлік орталықтар Англия құрамасының жеңісіне – 1,80, тең ойынға – 3,25, ресейліктердің жеңісіне 4,50 коэффициент беріп отыр.
Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 01:00-де басталады. «Қазақстан» арнасынан тамашалай аласыздар.
Айта кетейік, осыған дейін «Массагет» порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бүгінгі ойындарға болжам жасау Астана уақытымен кешкі сағат 18:55-те тоқтатылады. Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Үш ойын да бір қатарға жазылып, үш ойынға болжамды аталған уақытқа дейін жариялап үлгерулеріңізді сұраймыз. Сондай-ақ аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілейміз! Бірінші турдың рейтингін мына сілтеме арқылы біле аласыздар.
Г. Берік