Бүгін футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі екінші ойындар басталады. «В» тобында Ресей құрамасы Словакиямен, «А» тобында Румыния мен Швейцария, Франция мен Албания құрамалары кездеседі.
Ресей – Словакия
Ресей мен Словакия арасындағы ойын Астана уақытымен кешкі сағат 19:00-де басталады. Топтағы алғашқы ойында ресейліктер ағылшын құрамасымен тең ойнаса, словактар Уэльс ойыншыларынан ұтылып қалған-ды.
Ойын алдында Ресей құрамасы аз да болса фаворит саналып отыр. Дегенмен словактар топтан шығу мүмкіндігін жібергісі келмейтіні анық. Кей спорт сарапшылары бұл ойында тең есеп тіркелуі мүмкін деп болжам жасауда. Букмекерлік орталықтар Ресей құрамасының жеңісіне – 2.25, тең ойынға 3,24, словактардың жеңісіне 3,58 коэффициент беріп отыр.
Ойынды тікелей эфирде «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар.
Румыния – Швейцария
Румыния құрамасы Еуропа чемпионатының бірінші ойынында Францияға қарсы ойнап, 2:1 есебімен ұтылып қалды. Ал Швейцария Албанияны 1:0 есебімен ұтып, 3 ұпай еншіледі.
Румындар француздарға қарсы сәтті ойнаған-ды. Алаң иелеріне ірі есеппен есе жіберген жоқ. Ойыны жанкүйерлер көңілінен шықты. Топта үшінші орын алып плей-оффқа шығуды көздейді. Ал швейцариялықтардың топтан шығу мүмкіндігі жоғары. Бүгін-ақ бұл мәселені шешіп тастауға мүмкіндіктері бар.
Құрамалардың ойынға шығуы мүмкін құрамы:
Румыния: Тэтэрушану, - Рац, Григоре, Кирикеш, Сэпунару, - Хобан, Пинтили, - Б.Станчу, Станчиу, Попа, - Андоне.
Швейцария: Зоммер, - Рожригес, Джуру, Шер, Лихтштайнер, - Г.Джака, Бехрами, - Эмболо, Джемаили, Шакири, - Сеферович.
Букмекерлік орталықтар румындардың жеңісіне 3,25, тең ойынға – 3,12, Швейцария құрамасының жеңісіне 2,49 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.
Франция – Албания
Бұл ойында француздардың айқын фаворит екені айтпаса да белгілі. Алайда албандар ұпай иеленіп жатса, нағыз жанкүйерлер күтпеген оқиға болары сөзсіз. Дегенмен Дидье Дешам жаттықтыратын алаң иелері топтан шығу мәселесін осы ойында шешкісі келеді.
Албания – Еуропа чемпионатындағы аутсайдер құрамалардың бірі. Тіпті бірде-бір гол соқпауы мүмкін деп те болжанып отыр. Бұл ойын Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.
Айта кетейік, осыған дейін «Массагет» порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Ойындарға болжам жасау Астана уақытымен басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады. Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Барынша үш ойынды да бір қатарға жазып жарияласаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілейміз! Жаңарған рейтинг Ресей – Словакия ойыны басталғанға дейін жарияланады.