- Негізгі бет
- Еуро-2016
- Массагет бәйгесі. Бүгін...
Массагет бәйгесі. Бүгін топтық кезеңнің бірінші ойындары аяқталады
Бүгін футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі бірінші ойындар аяқталады. Соңғы болып «F» тобында Португалия мен Исландия, Австрия мен Венгрия кездесетін болады. Ал біз ойын алдындағы қысқа шолуымызды ұсынамыз.
Австрия – Венгрия
Бұл ойында Австрия құрамасы фаворит саналып отыр. Себебі Венгрия Еуропа чемпионатындағы ең әлсіз құрамалардың бірі. Мажар елінің футболшылары іріктеу кезеңінде өз тобында үшінші орын алып, қосымша жолдамаға таласуға мүмкіндік алды. Жеребе бойынша Норвегия құрамасына қарсылас атанып, қос ойын қорытындысы бойынша Скандинавия түбегінің өкілдерін сан соқтырды.
Австрия іріктеу кезеңін аса сәтті өткізді. 10 ойынның 9-да жеңіске жетті. Тек бір ойында ғана Швеция құрамасымен тең ойнап қалды. Дегенмен Еуропа чемпионаты алдындағы жолдастық кездесулерін сәтті өткізе қойған жоқ. Албания мен Мальтаны (2-1) жеңгенмен, Түркия (1-2), Швейцария (1-2) мен Нидерланд (0-2) құрамаларынан ұтылып қалды.
«F» тобында Португалия мен Австрия фаворит болса, Венгрия үшінші орын алуды мақсат тұтады. Бір қызығы, Венгрия құрамасын бір кездері Қазақстан құрамасын жаттықтырған Бернд Шторк бастап шығады. Ол 2008-2010 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасын, «Алма-Ата» және «Цесна» клубтарын, жастар құрамасын жаттықтырған. 2015 жылдан бері Венгрия құрамасын жаттықтырып келеді.
Командалардың алаңға шығуы мүмкін құрамы:
Австрия: Алмер, - Фукс, Драгович, Предль, Кляйн, - Алаба, Бамгартлингер, - Арнаутович, Юнузович, Харник, - Янко.
Венгрия: Кирали, - Кадар, Гузмич, Юхаш, Фиола, - Надь, Пинтер, - Штибер, Ловренчич, Джуджак, - Салаи
Букмекерлік орталықтар Австрия құрамасының жеңісіне – 1,78, тең ойынға – 3,52, Венгрия құрамасының жеңісіне 5,41 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.
Португалия – Исландия
Португалия мен Исландия арасындағы ойындағы фаворит айтпаса да белгілі. Спорт сарапшылары Криштиану Роналду бастаған жігіттер топтан қиналмай шығады деп топшылауда. Дегенмен іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасымен бір топта ойнаған Исландия құрамасының ойын өрнегі де ерекше. Португалдықтарды сан соқтырмаса да, оңай есе жібермесі анық.
Ойынға шығуы мүмкін құрам:
Португалия: Руи Патрисиу, - Элизеу, Рикардо Карвальо, Пепе, Виейринья, - Жоао Моутиньо, Андре Гомеш, - Роналду, Нани, Рафа Силва, - Эдер.
Исландия: Холлдорсон, - Скуласон, Арнасон, Сигурдссон, Ингасон, - Гуннарссон, Хальфредссон, Г.Сигурдссон, - Финнбогасон.
Букмекерлік орталықтар Португалия құрамасының жеңісіне – 1,51, тең ойынға – 4,05, Исландия құрамасының жеңісіне 8 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.
Айта кетейік, осыған дейін «Массагет» порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Ойындарға болжам жасау Астана уақытымен басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады. Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Барынша екі ойынды да бір қатарға жазып жарияласаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілейміз! Жаңарған рейтинг Австрия – Венгрия ойыны басталғанға дейін жарияланады.
О. Сансызбай