- Негізгі бет
- Еуро-2012
- Украинаның жеңісіне 12,5...
Украинаның жеңісіне 12,5 миллион евро сыйақы
Украина мен поляктардың жерінде өтетін Еуропа чемпионаты қызықты болайын деп тұр. Күні бұрын үздік командаларға бәс тігіліп, ұтып шыққандарына үлкен көлемде сыйақы берілмек. Солардың бірі - Украина құрамасы. Сөздің шындығына сенсек, алда-жалда чемпиондық атаққа қол жеткізетін болса, онда командаға 12,5 миллион евро көлемінде сыйақы берілмек. Бұл туралы Украинаның Футбол Федерациясының президенті Григорий Суркис хабарлады.
Осы кісінің айтуы бойынша, Украина құрамасы басқа мемлекеттерге (чемпионатқа қатысатын) қарағанда қаржы ынталандырмасы жағынан көш ілгері екен. Егер сыйақыны қосып есептейтін болсақ, Олег Блохин бастаған ойыншылар әр ойындағы жеңіс үшін 500 мың евро алады. Ал тең есепке - 250 мың евроны қанағат тұтады.
Украина құрамасы топтан шығып, финалдық кезеңде ойнайтын болса, 2 миллион евроны иеленеді. Ал финалға келетін болсақ, оның жөні тіптен бөлек. Егер Шева бастаған ойыншылар жеңіп, қуаныштан көзайым болып жатса, 4,5 миллион евромен қанжығаларын майламақ.
Айта кетсек, 12,5 миллион евро - Украина құрамасы табатын қаржының максимал мөлшері. Бірақ, бұл үшін барлық ойынды жеңу керек. Әйтпесе, Германия құрамасына берілетін 7 миллионға (сыйақы) да жете алмай қалуы ғажап емес. Оның үстіне мұндай мейірбандық екінің бірінің басына түсе бермейді. Мәселен, Польша құрамасына берілетін сыйақы мөлшері 4 миллионнан асар-аспас ғана.
Сурет: tiras.ru
Л. Лига