Шевченко: "Біз финалға жете аламыз"

Шевченко: "Біз финалға жете аламыз"

Украинаның ұлттық құрамасының капитаны Андрей Шевченко өз командасының Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне дейін жететініне сенімді. Финалдық ойынның Киевте өтетінін ескерсек, онда Шева айтқан сөздің жаны бар.

"Егер біз өз ойынымызды көрсете алсақ және бағымыз басым түсіп жатса, онда финалдық кезеңге жете аламыз. Әрине, әр ойын біз үшін қиынға соғатынын түсінем. Алайда, тарихты қайта жазуға мүмкіндік бар"-деп goal.com сайтына берген сұхбатында Шевченко ағынан жарылды.

Аталған ойыншы ұлттық құрамада 107 ойын өткізіп, 46 доп соққан. Және Украина мен Польшада өтетін Еуропа чемпионатынан кейін мансап жолын аяқтайтын сыңайлы.

"Соңғы бес жыл бойы осы чемпионат туралы ойландым. Егер менің мансап жолым ұзарып келсе, онда осы чемпионаттың арқасы. Менің бар арманым - чемпион болу. Мен баяғы қалпыма оралуым керек. Дайындықсыз ойын алаңына шығып, жақтаушыларымның көңілін қалдырғым келмейді. Өзімнің жақсы ойнайтынымды көрсетуге тиіспін" - деді Шева.

Украина ұлттық құрамасы 11 маусым күні Швецияға қарсы алғашқы ойынын өткізеді.

Сурет: sovsport.ru

Л. Лига