- Негізгі бет
- Экономика
- «Экономика сабақтары» қалай...
«Экономика сабақтары» қалай түсірілді?
Құрметті оқырмандар, естеріңізде болса, Массагет порталында 21 қараша күні "Экономика сабақтары" жобасы басталған болатын. Аталған сабақ өз мәресіне жетіп, соңғы дәрісі де жарияланды. Қызықты дәрісті видео түрінде жариялап, оның түсірілімінде біраз тер төккен шығармашылық топпен сұхбаттасудың сәті түсті. Түсірілім алаңында қандай жағдайлар болғанын біле отырайық.
– «Экономика сабақтары» жобасы да өз мәресіне жетті. Түсірілім кезінде шығармашылық топпен жұмыс жасау ұнады ма?
Саулет Беркут (жоба продюсері): Бұл жобаның тез әрі еш қиындықсыз өткеніне қуанамын. Шығармашылық топтың жұмысына ризамын. Мысалы, Мария сценарийлерді тез жазғаны таңғалдырды, ал Ерболдың жүргізуші ретіндегі алғашқы қадамы оң болды есептеймін. Видеодәрістерді инфо-графикамен әрлеп, монтаждаған Ернар өз ісінің маманы екенін дәлелдеді. Операторлардың да жұмысына ризамын. Жалпы алғанда шығармашылық топ жас, талантты әрі қуатты болғандықтан, жоба өз мақсатына жетті деп есептеймін. Алшанов Рахман, Мақсат Халық, Смағұлов Әділ, Бауыржан Қасымбергебаев секілді түсірілімге шақырылған қонақтардың да еңбегі бар.
Мария Кузнецова (жоба сценарийінің авторы): Әрине, топпен жұмыс жасау өте қызық. Топтағы әр адам – өз ісінің шебері, сол себепті берілген уақыттан кешіккен кезіміз болмады. Түсірілімге шақырылған қонақтар – бизнес, экономика саласының мамандары келісім беріп, пікірлерін білдіргендеріне рақмет!
Ербол Жұмабайұлы (жоба жүргізуші): Шығармашылық топпен жұмыс істеу маған мол тәжірибе сыйлады. Түсірілім барысында әр маманның қызметі аса маңызды екенін байқадым. Шығармашылық ұжымның бір-бірін қолдағаны осы жобаның сәтті өтуіне әсер етті дей аламын.
Ернар Алмабек (жобаның монтаж режиссері): Топ болып жұмыс істеген қашанда қызық. Ал ол топ шығармашылық адамдарынан құралса, жұмыс барысы одан да қызықты болатыны анық. Осы жобаны жасау үшін жиналған біздің ұжым сондай адамдардан құралған еді. Әлбетте, о бастан бір-бірімізді түсінісіп кету қиынға соқты. Түрлі келеңсіздіктер орын алып, ішкі жұмыс кестесінен де қалып қойып жаттық. Бірақ бірнеше бөлім жасалғаннан кейін бәрі өз қалпына келіп, экономика сабақтарының соңғы бөліміне дейін бәрі бірқалыпты өтті деуге болады.
– Осы жобаны жүзеге асыру барысында қызметтеріңізде қандай қиындықтар туды?
Саулет Беркут: Өз тарапымнан еш қиындық болмады: топты ұйымдастыру, спикерлерді шақыру аса қиынға соқпады.
Мария Кузнецова: Әр жұмыстың бір қиындығы болады ғой, бірақ біз туындаған мәселелерді шешу жолын іздеп, тауып отырдық.
Ербол Жұмабайұлы: Шындығында, мен басында біраз қиналдым. Себебі, журналистика саласында жүргеніме 2 жылдан асса да, бұл менің жүргізуші ретіндегі алғашқы тәжірибем еді. Дауыс қойдырып, алдын-ала дайындық жасауға уақыт болмады. Қателеспесем, 1-дәрісті 4 рет қайталап түсірдік. Сөйлеген сайын, көзім жыпылықтап бір орында тұрмайды. Суфлермен жұмыс істеу де маған алғашында жат дүние болды. Бірақ, бірте-бірте бәрін үйрендік. Дегенмен, әлі де үйренерім көп.
Ернар Алмабек: Менің жұмысымның қиындығы – ең соңғы болып істелетіні. Яғни жұмысым әріптестердің жұмысына тікелей байланысты. Мысалы, бір күн түсірілім болмай қалса, не кешігіп жатса, онда менің монтажым да кешігеді. Тиісінше, бағдарлама уақытылы дайын болмайды. Сонымен қатар, графика жасау кезінде де қиындықтар туындады. Алғашқы сабақтың графикасын бір апта бойы ойластырдық, салдық, реттедік. Бірақ уақыт өте тәжірибеміз жиналып, бұл жұмыс та жеңілдей түсті.
– Қазір сын айтушылар аяқ астынан туа келеді. Жоба туралы теріс пікір айтқандар кезікті ме?
Саулет Беркут: Сын айтушылар әр кезде табылады ғой, бірақ, жобаның сәтті өтуінен шығар, теріс пікірлер кезікпеді.
Мария Кузнецова: Әзірге кезікпеді. Бұл таңғаларлық жағдай. Демек, бұл – біз көрермендерге керек дүние жасадық деген сөз.
Ербол Жұмабайұлы: Теріс пікір деуге келмес, бірақ, мына жерін былай жасағанда жақсы болар ма еді дегендей талап-тілектер болды. Нақтырақ айтсақ, "10 минут тым ұзақ, қысқа қылып жасау керек еді" деген секілді. Видеодәрістердің орташа уақыты 10 минут болғанының өзіндік себебі бар. Одан аз болса, тықырыпты толықтай түсіндіру мүмкін емес еді.
Ернар Алмабек: Сын болды. Солардың ішінде жобаға пайдасын тигізгендері де аз емес. Мысалы, порталымыздың youtube арнасына бір көрермен алғашқы дәріс шыққаннан кейін "Видео ритмі төмендеу, сәл жылдамдатсаңыздар", - деген пікір қалдырыпты. Бұл пікірден кейінгі видеолардың ритмін тездету үшін жұмыс жасадық. Расында, ол өз нәтижесін берген секілді.
– Осы жобадан кейін тың идеялар туындады ма?
Саулет Беркут: Әрине! Жеке өзіме мәдени, танымдық жобалар ұнайды. Жоба аяқталған соң, жастарға да, үлкендерге де арналған жаңа жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Бірақ, әзірге құпия.
Мария Кузнецова: Жаңа идеялар көп, бірақ жүзеге аспай жатып бірдеңе деу қиын.
Ербол Жұмабайұлы: «Ойды ой қозғайды» демекші, бұл жоба тың идеялардың тууына сеп болды, жаңа ойлар бой көрсетіп жатыр, әзірге жарияламауды жөн көріп отырмын.
Ернар Алмабек: Бірінші кезекте жоба үлкен тәжірибе берді. Ал тәжірибе көбейген сайын тың идеялар қатары да көбейетіні бар. Сонымен қатар, бұрын жасай алмайтынымды біліп кейінге шегерген ескі идеялар да қайтадан қатарға қосылды.
– Жоба өміріңізге әсер етті ме? Мысалы, үнемді болу керек, шығын мен шығысты ажырата білу керек деген секілді...
Саулет Беркут: Әрине, әсер етті, әр сабақтан кейін экономика туралы танымымның артып келе жатқанын байқадым. Айналада болып жатқан экономикалық жағдайларды ғылыми атауымен атай алатын болдым. Мұны жобаның бір мақсатының орындалғаны деп білемін.
Мария Кузнецова: Әр сабақтың көңілге тоқып алатын тұстары бар. Өз басым әр экономистің сөзінен өзіме керек біраз ақпарат жинадым. Мысалы, «Тұтынушы құқығы туралы Заңға» арналған дәрісті барлығы бір қарап шыққаны артық болмас деймін.
Ербол Жұмабайұлы: Иә, дәл қазіргі уақытта жеке өміріме керек құнды деректермен таныстым, үнемді болу өз алдына, қор жинау, т.б. тақырыптарда зейінім ашылды. Жүргізуші өзгеге түсіндіру үшін, алдымен өзі түсініп алуы керек қой. Сондықтан, бір сценарийді 5 рет қайталап оқыдым. Нәтижесінде, экономикалық білімімді арттырдым. Алған ілімімді ары қарай арттыру ойымда бар, себебі, экономиканың өмірде қаншалықты маңызды екенін түсіндім.
Ернар Алмабек: Жұмысыма байланысты жобаға тереңірек үңілуіме тура келді. Графика салу үшін әр сөзге мұқият қарап, айтылған әңгіменің өмірде орын алатын мысалдарын іздеп, әріптестеріммен ақылдасып тұрдым. Өйткені жүргізушінің сөзін графика арқылы қарапайымдау етіп, көрерменге жеткізу үшін, алдымен не туралы әңгіме болып жатқанын түсініп алуым керек еді. Бұл жағынан келгенде жобаның пайдасы көп болды. Жоғарғы оқу орнында "Экономика негіздері" деген пән оқығанбыз. Сол кезде түсіне алмаған дүниелерімді осы сабақтарды жасап жүргенде түсіндім. Түрлі терминдер мен қиыннан қиыстырылған сөйлемдеріне қарап, біз оны жатырқайтынымыз бар. Ал қарапайым тілмен оқысаң, күнделікті өмірдегі мәселелерді шешуде экономиканың пайдасы зор екен.
Міне, оқырмандар! Шығармашылық топ сіздерге арнап, осындай еңбек жасады. 25 дәрістен тұратын видеодәріс Массагет порталының басты бетінде ашылған "Экономика сабақтары" атты айдарда жинақталып жарияланды. Экономикалық танымыңызды арттырғыңыз келсе, осы айдарға өтіп көре аласыздар.
Г. Берік