Әлемдік экономикалық ахуал мен Қазақстандағы зейнетақы жүйесі

Дүниежүзі халқының қартаюы демографиялық және экономикалық ахуалды қайта қарастыруға, жаңа болжам мен есеп-қисап жасауға себеп болады. Мұның ішінде зейнетақы реформасы да бар. Дүниежүзі халқы қандай зейнетақы реформаларын қолданып жатқанын, оның Қазақстан экономикасына ықпалын түсіну маңызды.

Әлемдік демографиялық үрдіс

Әлемнің қазіргі демографиялық сипатының басты белгісі – әлем халқының "қартаюы". Бұл – дүниежүзіндегі елдердің бәрінде үрдіс алып отырған жағдай. 1950 жылы 65 жастан асқан адамдардың саны әлем халқының 5%-ын құраса, 2015 жылы 8%-ға жетіп, 2020 жылы 10%-ке жуық көлемді құрады. Ал БҰҰ-ның есебінше, 2050 жылға дейін әлем халқының 16%-ін 65 жастан асқан қарттар құрамақ. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш 22-27%-ға дейін жетуі мүмкін. Қазақстанда бұл 7%-ке тең.  

Яғни, 1950 жылдан бастап 100 жылдың ішінде қарттардың саны әлемде 3,1 есе көбеймек.

Әлем халқының "қартаюының" бірнеше себебі бар: балалардың аз тууы, өмір сапасының жақсаруы, өмір ұзақтығы.

Қарт адамдардың көбеюі бір жағынан, медицинаның дамуы мен өмір сапасының жақсарғанын білдіргенімен, екінші жағынан, мемлекет бюджетіне айтарлықтай соққы болмақ. Денсаулық сақтау саласын дамыту мен зейнетақы төлеу сынды маңызды мәселелер алдыдан шығады.

Аталмыш демографиялық үрдістің соңы зейнеткерлердің көбейіп, жұмысшылардың азаюына себеп болады. Кейінгі жылдары Еуропа одағы "Қартаю бойынша баяндама" дайындауды әдетке айналдырды. Мұнда қарт адамдардың өсімі мен оларды зейнетақымен қамтудың бюджеттегі шығыны, оған қолданылатын шаралар жайлы есеп беріледі. Сондай баяндамалардың бірінде ЕО-дағы міндетті зейнетақы сақтандырудың шығыны алдағы уақытта ЖІӨ-нің 8,7% дейін жетуі мүмкін екені айтылған.

Мұндай демографиялық үрдістің мәселелері тек бюджетпен ғана шектеліп қалмайды, негізгі макроэкономикалық динамиканың өсуіне де біршама кедергі келтіреді.

Зейнетақы саясатының түрлері

Кейінгі онжылдықта дүниежүзі елдері экономикалық өсімін тұрақтандыру мен "қартайып бара жатқан" халықты зейнетақымен қамту үшін түрлі зейнетақы реформаларын жаңадан құрып, бюджет саясатын жүргізуде.

Мұндай іс-шаралардың ауқымы кең: зейнетақы жүйесіне бөлінетін қаржыны молайту (көбіне салықты көбейту арқылы), зейнет жасын көтеру, зейнетақы көлемінің өсуіне шектеу қою, миграциялық заңнаманы жеңілдету және туу көрсеткішін жоғарылату және тағы басқа шаралар қолданылып жатыр. Бұл жердегі іс-шаралардың бірін таңдау "саны көбейген қарттарға зейнетақыны кім төлеуі керек?" деген сауалға жауап іздеумен тікелей байланысты. Мәселен, салықты көбейтсек, онда қоғам мүшелерінің бәрінің әл-ауқатына кері әсер етеді, ал зейнетақы сомасын төмендетсе, зейнеткерлерге қиын.

Сондықтан әлем елдері зейнетақы реформасын жүргізудің екі бағытына басымдық берген. Оның бірі – зейнетақы міндеттемелерін тіркеу жүйесінен жарна салу мен икемді зейнетақы міндеттемесіне өту, екіншісі – зейнетақы төлеу шарттарын қатаңдату. Соңғы шараға зейнет жасын ұлғайту, зейнетақыны кешірек беру, еңбек өтілін көбейту сынды бағыттар жатады.

Мұндай шара зейнетке шығу жасын созу арқылы зейнетақы жүйесі мен зейнетақы көлемін тең ұстауға мүмкіндік береді. Халықаралық еңбек ұйымының хабарлауынша, 2010-2018 жылдары 72 мемлекет зейнетақы жасын ұлғайтса, тағы 31 мемлекет зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайту саясатына көшті. Ондай елдердің қатарында Франция, Ұлыбритания, Германия, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Украина, Әзербайжан, Эстония сынды мемлекеттер бар. Еуропа одағындағы мемлекеттердің 18-і әйелдердің зейнетке шығу жасын 2020 жылы ерлермен теңестірсе, тағы 5 ел жобаны қабылданғанымен, кейінге қалдырып отыр.

Зейнет жасын көтеру – демографиялық қартаю мәселесін шешудің ең көп таралған шарасы. Бұл – еңбек етушілердің санын көбейтуге бағытталған әрекет. Халықаралық валюта қоры мамандарының айтуынша, зейнетақы реформасының басқа нұсқаларына қарағанда зейнет жасын көтеру экономикалық тұрақтылық қалыптастыратынын көптеген эмпирикалық зерттеулер дәлелдеген. Мәселен, Тайвань ғалымы Юань Хо Хсудың мәліметінше, Тайваньда қолданылған әртүрлі зейнетақы реформаларының макроэкономикалық салдарын салыстыра келе, зейнет жасын көтеру саясаты мемлекет азаматтарының әл-ауқатына басқа реформаларға қарағанда аз залал келтіреді. Ал зейнетақы жарнасын көбейту ағымдағы жылдың қаржылық мәселесін шешкенімен, болашақта берер нәтижесі жоқ.

АҚШ экономисі Луиза Шейнердің дерегінше, зейнет жасын өсірудің экономикаға келтірер шығыны минимал әрі қоғам мүшелерінің әл-ауқатына кері әсер етпейді. "Мұндай реформа барынша ертерек қолға алынса – соншалықты қоғам үшін пайдалы" дегенді айтады.

Ал Экономикалық серіктестік пен даму ұйымына мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына талдау жасағанда, зейнет жасын көтеру экониканың өсу тұрақтылығын қалыптастырып, зейнетақы жарнасын жинау саясатымен бірігіп жасалса, жалпы ішкі өнімнің дамуы 0,30–0,35 процентке жетеді. Қытай зерттеушісі Ань Чэньнің айтуынша, мемлекет зейнет жасын көтере отырып, одан үнемделген қаржыны екі бағытта – өзге де шығындарды жабу немесе зейнетақы жарнасын өсіру мақсатында жұмсаса болады.

Зейнетақы жасын көтеруге мемлекеттердің макроэкономикалық өсімге жасалған талдауына көз жүгірсек, 2030 жылға дейін Ұлыбритания 6%, Қытай, 1,3%, Мальта аралдары 2,1%, Еуроодақ елдері 2065 жылға дейін 3,6% жалпы ішкі өнім өсіміне қол жеткізуді көздеуде.

Қазақстандағы зейнетақы тағайындау

Қазақстанның жағдайына келсек, елде ерлердің зейнетке шығу жасы – 63, ал әйелдердікі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 63 жасқа теңелмек.

Жақында депутат Айқын Қоңырова мәжіліс отырысында зейнет жасын азайту туралы ұсыныс айтқан. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда биыл қаңтар айынан тамыз айына дейінгі аралықта 110 мыңнан аса адам көз жұмған, оның 71%-і, яғни, 78 мыңнан астамы – 60 жастан асқандар.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, Қазақстанда осыдан 10 жыл бұрын зейнеткерлер мен жұмыс істеуші азаматтардың арақатынасы 20% болса, қазір ол 30%-ке дейін жетті.

"Дүниежүзіндегі тенденцияға сүйенсек, экономикасы дамыған елдердің өзі зейнет жасын көтеруге мәжбүр болып отыр. Сондықтан әлемдегі демографиялық және экономикалық факторларды біз де ескердік", - дейді министр.

Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, елде әлемдік тенденция мен демографиялық жағдайларға сай құрылған зейнетақы жүйесі жұмыс жасап жатыр.

"Зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесі үш деңгейден тұрады: базалық, солидарлы және ерікті зейнетақы. Солидарлы зейнетақының көлемі ақырыңдап азайып барады, өйткені бұған 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі барларға ғана тағайындалады. Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендердің барлығына беріледі",  - дейді премьер.

Сондықтан оған өзгеріс енгізу мәселесі қозғалып жатқан жоқ.

"Қалыптасқан экономикалық жағдай мен халықаралық тәжірибені, экономикалық және демографиялық факторларды ескерсек, қазіргі зейнетақы жүйесіне өзгеріс енгізудің қажеті жоқ.  Сондай-ақ, зейнеткерлер санының жұмыспен қамтылған азаматтармен арақатынасы өсіп бара жатқанын атап өткен жөн. Егер 2010 жылы бір зейнеткерге есептегенде орташа есеппен 4,8 жұмыс істейтін азамат сәйкес келсе, 2015 жылы – 4,3 жұмыс істейтін, ал 2019 жылы – 3,9 жұмыс істейтін адам сәйкес келген. Зейнет жасын көтеруді қолға алған елдер көп. Сондықтан зейнет жасының көтерілуі – экономикалық және демографиялық ахуалмен байланысты қалыптасқан халықаралық тәжірибе десек болады", – дейді үкімет басшысы.

Экономикалық көзқарас

Қазақстандық экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, зейнет жасын азайту елдің экономикалық өсімінің құлдырауына әкеп соғуы мүмкін.

"Зейнет жасын азайту дегеніміз – әлеуметтік міндеттерді кеңейту деген сөз. Ал бұл әлеуметтік саланы нашарлатады. Мәселен, денсаулық сақтау мен білім беруге бөлінген қаржыны азайтуға тура келеді. Немесе әлеуметтік салаға бөлінген қаржыны толықтыру үшін салық сомасын көтеру керек болады", - дейді экономист.

Экономист Айдар Әлиевтің айтуынша, Қазақстан азаматы ретінде зейнетақы реформасының қайта жасақталғанын қалайды.

"Ел азаматы ретінде мен де зейнет жасының азайғанын қалаймын. Алайда біздің үкімет мұндай қадамға бармайды. Өйткені бұған ешқандай экономикалық мүмкіндік жоқ. Бұл салықты азайтудың басты жолы", - дейді маман.