- Негізгі бет
- Егер...
- Қырынуға арналған көбік...
Қырынуға арналған көбік неден жасалады?
Қырынуға арналған көбік бетті тітіркенуден сақтау үшін жасалған. Алайда олар кейде бетті дуылдатып, теріні ашытып жібереді. Мұның сыры неде деп ойлайсыздар? Мұның сыры сол құтының ішіндегі заттарға, яғни құрамына байланысты. Олай болса, қырынуға арналған көбік, гель немесе кремдердің құрамындағы заттар туралы осы жазбамыздан оқи аласыздар.
Дымқылдатқыш
Қырынуға арналған көбіктің құрамындағы пропиленгликоль терінің беткі қабатын дымқылдандырып, ұстараның бетті ауыртпауын қамтамасыз етеді. Дерматологтар "оның құрамындағы реагент адамға кері әсер етеді" деп сынға алса, сала басшылығы "оның ешқандай зияны жоқ" дейді.
Бетті бірқалыптандыратын зат
Теріні қызарудан сақтайтын алоэ қосылған гель бетті ашытпайды. Түймедақ қосылған гель де осындай қасиетке ие. Егер бетіңіз бұл жағдайға шыдаса, қырынар алдында жылы суға малынған орамалды бетіңізге басыңыз.
Жарамдылық мерзімі
Натрий бензоаты қырынуға арналған сұйықтықтардың жарамдылық мерзімін ұзартады. Бірақ оның теріні құрғататын қасиеті бар. Егер теріңіз майлы болса, қырынуға арналған көбіктің натрий бензоаты қосылмаған түрін таңдағаныңыз жөн.
Аэрозоль күші
Қырынуға арналған көбік құрамында изобутан болады. Себебі, көбік құтыдан изобутанның әсерімен шығады. Егер сізге көбіктің көп мөлшерде құйылатыны ұнамаса, қырынуға арналған гель немесе крем алыңыз.
Май
Минералды май — мұнайдың жанама өнімі. Ол да осы құтының ішінде. Бұл үшін уайымдамаңыз. Бұл майлы теріні жұмсартады және безеудің шығуына, беттің майлануына жол бермейді.
Е. Жұмабайұлы