- Негізгі бет
- Егер...
- Көк тайғақта денеңіз...
Көк тайғақта денеңіз көгермесін десеңіз...
Қыстың бел ортасына келдік. Еліміздегі соңы бір апта ішінде болған аяз есеңгіретіп тастады. Бірақ суықтың бетіп қайтып, адамдар жылы ұясынан шыға бастады. Дегенмен көк тайғақ әлі бар. Мұз үстінде сырғанап ойнау бір басқа, тайып құлау қауіпті. Сондықтан сіздерге кеңес ретінде бірнеше тәсіл ұсынамыз.
Дұрыс киіну керек
Аяқ киім
Мұз үстінде құлап қалуға ең бірінші себеп аяқ киімді дұрыс таңдамау. Мәселен биік өкшенің ұзындығы 3-4 см болуы керек. Одан биігін алудың қажеті жоқ. Жалпақ табан және табаны кедірленген түрін таңдаңыз. Жүре беріп табан жерге желініп кетпес үшін қалың табанды аяқ киім алыңыз.
Киім
Өлшемге сай киіп алыңыз. Бұл өте маңызды. Егер сырт киім сізге шақ келмесе не сән екен деп қалың әрі ұзын түрін таңдасаңыз, жүруге ыңғайсыздық тудырады. Ал ыңғайсыздық туындаға жағдайда мұз үстінде бір құлап алуыңыз ғажап емес. Қолыңызға ұзын, салмақты өзгертетін сөмке ұстамаңыз. Ол сіздің тепе-теңдікті бұзып, құлауыңызға алып келеді.
Құлап қалмау үшін қалай жүру керек?
– Пингвиндердің қалай жүретінін білесіз бе? Дәл сол секілді жүруге тырысыңыз. Денеңізді тік және аяқты алыс адымдамай, жақын алып жүріп отырыңыз. Бұл жүріспен жүретін халық та бар. Жапондар. Дәстүрлі фильмдерін қарасаңыз, ұлттық киімдерін киген ер мен қызы осы жүріспен құламай тез қозғалады.
– Тез жүрмеңіз. Асықпай анық басып жүріңіз.
– Мұз үстімен жүрген кезде қолыңызда ешқашан қалтаңызға салмаңыз. Тепе-теңдікті құртып аласыз.
– Құлап қалсаңыз, бірден тұрып кетуге ұмтылмаңыз. Қолыңыздағы ауыр заттарды қойып, ақырын асықпай тұруға тырысыңыз. Себебі қайта құлап қалмауыңызға ешкім кепілдік бермейді.
Көшеде құлап, күлкіге қалмас үшін не істеу керек?
– Телефонмен сөйлеспеңіз. Құлаққап болса, соны пайдаланыңыз.
– Назарды жүріп келе жатқан жолыңызға салыңыз. Табан астына қарап жүріңіз. "Басқан жерім қар екен, жұмсақ болады" деп ойламаңыз. Қар астында да мұз жатуы мүмкін.
– Қасыңызда келе жатқан адам құлап қала жаздаса, тепе-теңдікті жоғалтып алса, бір жағынан демеп көмектесіп жіберіңіз.
– Үйден шыққан кезде аяқты қыздырып алыңыз: дене қимылын жасап, 20 рет отырып тұрып, сіңірлерге, бұлшық еттерге күш беріңіз. Мұның да пайдасы бар.
– Жаяу жүргіншілер жолымен жүруге асықпаңыз. Көк тайғақ кезінде жан-жаққа қараңыз, көлік жоқ па деп тексеріңіз. Бұл өте маңызды.
М. Ақан