67 жастағы таксист апа

67 жастағы таксист апа

67-дегі таксист әже Оразхан апаның екінші аты – «Апам-такси». Өйткені үстінде камзолы, басында ақ орамалы желбіреген әжей күнде таңертең Аягөз аудандық ауруханасының алдынан жолаушы жинап тұрады. Клиенттерін қаланың кез келген бұрышына еш әуресіз жеткізеді. 

Оразхан апа Кеңес үкіметі ыдыраған 90 жылдардың тұсында такси тізгінін қолға алыпты. Әркім өз әлінше нан тауып жеп жатқан ол уақытта көлік мініп, жолаушы тасу айтарлықтай кәсіптердің бірі болатын. Автокөлік айдап жүрген әйелдер қауымы ілуде біреу кездесетін кезде, апамызға жолаушы жұрт таңырқай қарапты.

Қазір темір тұлпарын тебініп, ойлы-шұңқырлы жерлермен орағытып жүрген Оразхан апамызға аягөздіктердің көзі үйренген. Қаладағы таксистер де әжейге құрметпен қарайды. 

Оразхан Манабаева мінген ең алғашқы көлік «Запорожец» болыпты. Осыдан 30 жыл бұрын ол алғашқы автомобилімен сыра тасыған екен. 

Жарықтық жаман көлік емес еді, оны 6 жыл тептім. Мінезі қызық машина еді ғой, жылдамдықты 70-тен асырсаң, моторы қыза бастайтын. Сырын біліп алған соң, кез келген техника меңгеріп кетеді екенсің, - дейді таксист апа. 

Апамыздың одан кейінгі көлік коллекциясында былайғы жұрт «копейка» деп еркелететін жасыл ВАЗ-2101, ақ «шоха» - ВАЗ-2106, қара «Ауди», «Фольксваген-Пассат», одан кейін 5 жыл тепкен «Ауди-80 Б4» көліктері бар.


Қазір әжей «Тойота Камри» автомобилін мініп жүр. Техникалық тұрғыдан келгендегі талғампаз жүргізушіге «Тойота» ұнаған көрінеді, салоны кең, жанармайға да үнемшіл, күші де көп. Айтпақшы, Оразхан апа мінген тұлпарлардың барлығының беріліс қорабы механикалық болып келеді.

– Мен автоматты мүлдем жүргізген емеспін, оған отырғым да келмейді. Ол мен үшін қызықсыз және тым оңай, – дейді ол.

«Осы апалар рөлге отырғанда, жол ережелерін бұза ма екен?» деген сұраққа таксист апа:

– Жол ержелерін қатаң сақтаймын, көлігіммен бірнеше қадамға жылжысам да, міндетті түрде қауіпсіздік белдігін тағынамын, бұл МАИ қызметкерлері үшін емес, өзіміз үшін қажет. Шынымды айтайын, көлік айдаған осыншама жылдың ішінде бірде-бір рет айыппұл төлеген емеспін, – деп жымияды.

Таксист апаның максималды жылдамдығы – 120. Одан артық асырған емес. Жалғыз Аягөз аймағы ғана емес, ол өзі мінген темір тұлпарларымен Семей, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларына дейін жолаушылар жеткізген.

Рөлдегі әжей тас жолға шыққанда еркін зымырайтын көрінеді. Ақырын жүргендерді озып, құйын-перін айдағандарды қуаламайды екен. Оның үстіне апамыздың ақ орамалынан көрінген ақ самайы МАИ қызметкерлері мен басқа жүргізушілердің оған деген құрметін арттыратыны анық. Апаның өзі «МАИ қызметкерлері менің өз немерем сияқты, бәрі мені таниды», – дейді. 

Оразхан әжей – қазір Аягөздегі құрметті таксистердің бірі. Ол өзі рөлге отырған 30 жылдың ішінде көлік дөңгелегін бір-ақ рет ауыстырыпты, оның өзінде тас жолдан жырақ иен далада көлік ішінде кілең әйелдер отырған екен. Апамызға қолына домкрат алуға тура келіпті, әйтпесе дөңгелегі жарылған кезде маңайдағы жігіттер көмек жібереді екен.

Мен жұмысссыз отыра алмайтын адаммын. «Рөлге отырған ауыр ма?!» дейсіңдер. Отырған ауыр шығар, құр жатқан одан да қиын. Сол себепті сүйікті кәсібімді жалғастыра бергім келеді. Ақша тапсам деп те жүрген жоқпын. Ұлым мен келінім де: «Апа, осы жұмысты қойсаңызшы» деп қалады, мен қолымды бір сілтеймін де қоямын, – дейді Оразхан Манабаева.

Жолдаған: Дарын Нұрсапаров

Сурет: Дарын Нұрсапаров, Ерболат Мұқажанов, yarnovosti.com

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза