- Негізгі бет
- Әдебиет
- Ұстазына шығарма арнаған...
Ұстазына шығарма арнаған қаламгерлер
“Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек”, - дейді ұлы ғұлама Әл-Фараби. Ұстаз – ұлы тұлға. Білім нәрінен сусындатып, сананың көкжиегін кеңейтетін ұстаз. Өмірде бір титтей жетістікке жетіп жатсаң, ол да ұстазыңның арқасы. Жай ұстаз оқытады, жақсы ұстаз үйретеді, ұлы ұстаз шабыттандырады деген сөз бар. Ендеше ұстазынан шабыт алып, оған шығармалар арнаған қаламгерлер де аз емес. Солардың ішінде бірегейі Зейнолла Қабдоловтың “Менің Әуезовім” шығармасы.
Зейнолла Қабдолов – “Менің Әуезовім” шығармасы
Менің Әуезовім” роман-эссесі де тұлға және заман тақырыбын тереңнен тартып бейнелеген, тарихи шындықты үлкен ауқымда көркемдік тұрғыдан жинақтап бере алған бірегей туынды ретінде оқырман жүрегіне жол тапты. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған бұл роман да Зейнолла Қабдоловтың көркем прозадағы көп жылғы шығармашылық ізденістерінің бір белесі ретінде әдебиет тарихында қалды.
Романда Мұхтар Әуезовтің жан дүниесі, болмыс-бітімі, ұстаздық еңбегі автор көзімен бағаланып, авторлық баяндаумен ашылады. Романның негізгі оқиғалық арқауы – Мұхтар Әуезовтің 1930-60 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық қызмет еткен кезеңінен бастау алып, шегіністер арқылы, кейіпкерлер диалогы арқылы ұстаздың осыған дейінгі тағдыр белестеріне де шолу жасалады. Соның ішінде, Мұхтар Әуезовтің бала шағы өткен туған жері – Шыңғыстау, Бөрілі өңірінің табиғаты, атасы Әуездің, немере ағасы Қасымбектің болашақ жазушыға әсер еткені, хәкім Абай және оның ақындық аясы, оған үлгі болған Алаш арыстары, яғни оның ұлттық дүниетанымын оятып, тағылым ұсынған ұлы ұстаздары туралы ой-толғамдар кеңінен ширатылып жазылған. 1920-1930 жылдар арасында етек алған тарихи, саяси оқиғалар, сол тұстағы жазушының қудалауға түсіп, азап шеккен кезеңдері, барлығы роман ішінде терең суреттеледі.
Алты атарудан тұратын роман әсерлі баяндаумен оқырманды өзіне елітеді. І тарауда петрография сабағынан қашып барып, Мұхтар Әуезовтің лекциясына үлгеруді мақсат еткен шәкірттің оны тыңдауға құмартқаны шебер баяндалып, оқырманның ойын баурап алады.
Өмірхан Әбдиманұлы – “Менің ұстаздарым” шығармасы
Өмірхан Әбдиманұлы “Менің ұстаздарым” атты эсселер жинағында алғашқы әліппе бетін ашып, тәлім берген ұстаздарының барлығына тоқталып өтеді. Мектепте сабақ берген Қарақойшы Нұрпейісов, Жанықұл Әбішов, Биғазы Бәзілбаев ұстаздарын ерекше атап өтеді. Тіпті алғашқы кітап оқуға баулыған Жұмакүл Қазтайқызын да ерекше ықыласпен еске алады: “маған, әсіресе Жүмакүл Қазтайқызының өнегесі көп үлгі болды. Ол кісі маған жиен әпке болып келетін. Біздің елге жолдамамен келген-ді. Өте білімді, өнердің сан түрін меңгерген адам еді. Сол кездің өзінде неміс тілін жақсы білетін. Мектептегі неміс тілінен сабақ беретін неміс қызымен немісше емін-еркін сөйлесетін Кейін МГУ-дің герман-роман тілдерін бітіріп, сонда қызметте қалды. Жасынан жабысқан өкпе ауруынан Мәскеуде қайтыс болды. Марқұм өте білімдар адам еді. Барлық пәнге бірдей болтын. Мені әдебиеттің сырлы әлеміне жетелеген де сол кісі”, - дейді автор.
Кейін ҚазМУ табалдырығын аттағанда айбынды ұстаз Тұрсынбек Кәкішевті көрдік дейді автор. Өмірхан Әбдиманұлы ғылым жолына түсуіне осы ұстазының рөлі зор болғанын айтады. Тұрсынбек Кәкішев талантты жастарды қасына жинап алып, үйірме ашып, оларды ғылымға баулитын болған. Өмірхан Әбдиманұлы да сондай жастардың ортасында жүрген.
Ұстаздың ғылымға баулуы туралы: “Жиған-тергенімді бір кішкене 48 беттік, екі үлкен 56 беттік дәптерге бәленбай уақытымды жіберіп түсірген әдебиетке қатысты материалдарымды алып, ұстаздың Киров пен Шагабутдинов көшелерінің қиылысындағы үйіне бардым. Шәй-пәй ішіп болғасын, аға үлкен залына алып келді. Үлкен столдың үстін жауып жатқан сарғайған қағаздарға аса мән берген жоқпын. Жазар кітабына қажетті дүниелер шығар дедім де қойдым. Орындықтарға жайғасқаннан соң ұстаз материалдарды сұрады. Мен әкелгендерімді қолына бердім. Тұрсекең әрі-бері аударыстырып көрді де, мен әкелген материалдар мен үстел үстінде жатқандарды салыстыра бастады. “Мынау бар, мынау бар” дей отырып, мендегілерден 5-6 материалды алды. Ол кісі салыстыра бастағанда әлгі қағаздарға назар аударып қарасам, сарғайы кеткен қағаздардағы мәшіңкеге басылғандардың барлығы “Қазақ” гезеттерінің материалдары. Ішінде әдебиетке қатысты, қатыссызы толып жүр. Таң қалдым. Қағаздарының сарғайып, қыстырғыштарының тат басып кеткеніне қарағанда, бұл материалдар Тұрсекеңде бұрыннан болғаны ғой. Сонда мен төтешеден оқып, қиналып тауып жүрген материалдардың барлығы ол кісіде бар бола тұрып, маған айтпағаны ма? Айтса жоқтарын ғана қарастырмаймын ба? Іштей ренжіп қалып, айтып салдым. Ұстаз сәл жымиып, күлді де: “Егер бұлардың бар екенін айтсам, бәрін берсең онда сенің нең ғалым. Өзің тер төкпей біреудің тапқанына малданған не еңбек болады. Мен берейін-ақ, сен ары қара ізденбейсің ғой. “Дайын асқа тік қасық болу” ғылымға жат. Өзіңнің ізденісің арқылы көп нәрсеге қол жеткіздің. Ол саған аз байлық па? 400 беттік еңбек жаздың. Соның бәрі ізденістің арқасы. Ғылымға келдің екен, біреудікін өзіңдікі қылудан аулақ бол. Қазір енді сенде бар, менде бар дүниелермен бірігіп жұмыс жасауға болады. Ешкім ешкімнің еңбегін жемейді. Солай бала” деді. Мен ойланып қалдым. Шынында да, Тұрсекеңнің тәрбиесі балапанын ұшуға үйреткенде, шың басынан тастап жіберіп, жерге жеткізбей қағып алатын сұңқар тәрбиесіндей қатал тәртіптің тәлімі екен”, - деп еске алады автор.
Ең алғаш ҚазМУ табалдырығын аттап студент атанған шағында Өмірхан Әбдиманұлы әдебиет пәнінің мұғалімі Алма Қыраубаева сынды ұстаздан тәлім алады. Оқу басталғалы біраз уақыт өтіп студенттер өз-өзіне келе бастаған кезінде олар ақылдасып, сөз өнерінің майталманы болған Зейнолла Қабдоловты кездесуге шақырады. Көсемдік те, шешендік те бір бойынан үйлесім тапқан Зейнолла Қабдоловтың сол кештегі оқыған Ғали Ормановтың:
"Аттанып ауыл анадан,
Оқуға кеттім қалаға.
Жабыла маған қараған,
Жаутаңдай кеттім далаға.
Жаман тұмақ, жалбыр тон,
Жалпылдап кетті үстімде,
Жанайын деген бір шырақ,
Жалтылдап кетті ішімде", – деген өлеңі келешек ұрпаққа мирас болып қалады. “Содан кейін Аманхан Әлім сынды жалындап тұрған жас ақындар өлең оқып, кештің көрігін қыздырды”, - деп еске алады Өмірхан Әбдиманұлы өзінің алғаш рет Зейнолла Қабдоловтай ұстазымен кездесуін.
Өмірхан Әбдиманұлы өз естелігін былайша сабақтайды: “Бірде мынадай қызық болды. Сол жылы алты жылдан кейін “Сөз өнері” деген атпен Зейнолла Қабдоловтың “Әдебиет теориясының негіздері” кітабының екінші басылымы жарық көрді. Кітап сондай әдемі болып шықты. Қоңыр түсті кітаптың сыртындағы алтынмен зерлеп жазылған Зекең қолтаңбасын танытатын “Сөз өнері” атты астарлы атауы білімнің алты қазынасына шақырып тұрғандай бедерлі де бейнелі екен. Бәріміз кітаптың бір-біреуін сатып алып, ұстазымыздан қолтаңба алдық. Қолымыздан тастамаймыз. Бір күні сабақта отырып, Зекең оқып жатқан тақырыпты кітаппен салыстыра қалмасым бар ма? Мұндай таң қалмаспын! Зекең кітаптың үтір, нүктесіне дейін жаттап алған сынды. Сонда ғана барып, Зейнолла Қабдоловтай дана ұстаздың “Сөз өнерін” үлкен жауапкершілікпен “жүз ойланып, мың толғанып”, әдебиет теориясының өзекті мәселелерін жан жүрегінің сығындысы етіп жазып шыққанына көзім жетті. Сондықтан да ол ұстаз жадынан өшпестей орын алып, кез келген сәтте көз алдына келе қалар сананың сәулелі суреті болып сақталған” дейді.
Жалпы аталған кітапта Өмірхан Әбдиманұлы Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Алма Қыраубаевалардан бөлек, өзінің өмір жолында ұстаздық еткен, тәлім-тәрбие берген, жол көрсеткен ұстаздары: “Қадыр Мырза-Әли, Рымғали Нұрғали, Темірбек Қожекеев, Рахманқұл Бердібаев, Бейсембай Кенжебаев, Ясен Николаевич Засурский сынды тәлімгерлеріне тоқталып, өзінің ғылым жолына келуіне олардың шапағаты көп тигенін айтады.
Т. Раушанұлы