"Түрме шығармашылығы" түңілер түсінік пе?

"Түрме шығармашылығы" түңілер түсінік пе?
Фото: zona.media

Бүгін – "Түрмедегі жазушылар" күні. Бұл мерекені 1981 жылы сөз еркіндігіне өз құқықтарын пайдаланғаны үшін ғана түрмеде отырған барлық жазушылар туралы жұртшылықты хабарлар ету үшін Халықаралық ПЕН-клуб құрды. Осыған орай "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері – Елдос Тоқтарбайдың зерттеу мақаласын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Әдебиеттану ғылымында "түрме шығармашылығы" деген түсінік бар. Біз бұл ұғымды қолдан жасап отырғанымыз жоқ. Бірақ, бар. Бар екені ғылымда нақты дәлелденбеді. Біз осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы түсініктің мән-мағынасын ашу жолында біршама еңбектерді қарастырған едік. Өкініштісі сол, бірлі-екілі мақала болғанымен, толыққанды зерттелмеген. Былайша айтқанда, тың тақырып, соны құбылыс.

ХХ ғасырдың бас кезінде "елім" деп еңіреген қазақ оқығандары солақай саясаттың құрбаны болып, көбі саяси қуғынға ұшырап, темір торға қамалды. Жалпы, қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы екіге бөлінеді. Бірі – кеңестік жүйе, екіншісі – Шыңжаң өлкесіндегі жүйе. Әрине, кеңестік жүйе бәрімізге белгілі. Оған Мәди Бәпиұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев секілді тағы басқа қазақ зиялыларының шығармашылығы дәлел бола алады. Ал, Шыңжаң аймағындағы "түрме шығармашылығы" ұғымына жазушы Қабдеш Жұмаділовтің мына пікірі: "Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің өзгеге ұқсамайтын бір ерекшелігі, онда "түрмеде туған әдебиет" деп атауға болатын шығармалардың тұтас бір шоғыры бар. Шыңжаңда "түрме туындыларының" негізін қалаған – Таңжарық ақын. Жеті жыл (1940-1946) Үрімжі түрмесінде азап шеккен Т.Жолдыұлы шығармаларының жетпіс пайызын түрмеде отырып жазған. Арада жарты ғасыр өткенде оның жолын Қ.Шабданұлы жалғастырды. Өлеңнің жолы жеңіл, камерада бірге жатқандар жаттап алып, халыққа жеткізіп отырған. Ал, қарасөзден тұратын романдар циклін тілдей қағаздарға ұсақтап жазып, біртіндеп сыртқа шығаруды құдай басқа салмай-ақ қойсын" мысал бола алады.

Тағы да Қабдеш Жұмаділовтің мына сөзіне назар аударсақ: "Айта кетер бір жәйт: әрине, Қазақстанда да атылып-шабылған, абақтының дәмін ұзақ татқан қаламгерлер аз болған жоқ. Көбі айдаудан қайтпай, жендеттер қолынан мерт болды. Бір өкініштісі, солардан қалған әдеби мұра жоқтың қасы. Иманжүсіп пен Мәдидің мұңды-зарлы әндерінен өзге "түрме туындысы" шамалы. Неге олай? Ресей түрмелерінің есігі неге сонша берік болды? Кірген ізі бар да, шыққан із жоқ. Әлде бабаларымыздың "Орыс – темір ноқта, Қытай – қайыс ноқта" дегені рас болғаны ма? Зерттеу керек".

Бұл дұрыс пікір. Енді, біз, барынша осы пікірдің айналасында ой қозғап көрдік. Арысы Иманжүсіптен, берісі Қайрат Рысқұлбековпен аяқталған шығармаларды қарастыра отырып, түрме шығармашылығын үш кезеңге бөлуге болатынын аңғардық: 1927-1938 жылдан кейінгі саяси қуғынның екінші бөлігі, 1950-1958 жылдар болса, үшіншісі 1986 -1987 жылдар аралығы. 

Түрме шығармашылығы дегеніміз – тас әрі қараңғы тар қапаста жазылған туындылар. Бұнда жан жарасы мен шеккен азаптың шері бар. Қабдеш Жұмаділовше айтсақ: "Жазушы және түрме. Қалам мен қапас. Әдетте сыйыспайтын-ақ ұғымдар. Екінші жағынан қарасаң, таңданатын да ештеңе жоқ сияқты. Империяға күні қараған кіріптар, бодан елдің өз ұлтын сүйген, азаткер зиялысы абақтыда отырмағанда қайтуші еді. Ағыспен жүзетін ептілер мен жансауға жағымпаздар болмаса, қуғын-сүргін, айдау, абақты дегендерің – қайраткер азаматтың маңдайына жазылған сыбағасы емес пе?! Ресей империясында барар жерің – итжеккен, Сібірдің ақырған аязы, ит тұмсығы өтпес тайга орманы… Ал, Қытай қағанатында ондай суық Сібір жоқ. Оның есесіне Тарым бойлаған Такламакан шөлі бар. Саясыз, панасыз, жалаңаш шөл. Алпыс градус аптапта ұшқан құстың қанаты күйеді. Сібірде – азап болса, Тарымда – тозақ".

Ал, бұл шығармалардың тар қапаста жазылып, ел аузына жетуі, халық санасында қалуы өзінше бір бөлек әңгіме. Мысалы, Мәдидің түрмеде жазған өлеңдерінің көбі ақын, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеке мұрағатынан алынған. Ал, Тарым лагеріндегі Таңжарық, Қажығұмар, Керейхан секілді ақын-жазушылардың шығармалары да тағдырдың соқпағын көрген.

Түрме шығармашылығының өзі жазылу жанры жағынан поэзия, проза болып екіге жіктеледі. Әзірше проза жағынан тек Қажығұмар Шабданұлының көптомдық "Қылмыс" романын ғана білетініміз ақиқат. Әлемдік әдебиетте Алекс Ла Гуманың "Тас ғалам" деген түрмеде отырып жазған романы бар. Американ жазушысының да тағдыр-талайына тар қапасқа таңылу жазылған екен. Міне, байқасаңыз "түрме шығармашылығы" әлемдік әдебиетте де бар құбылыс. Бұл екі роман да жанры жағынан мемуарға жатады. Екі автор да өз бастарынан өткен оқиғаны қоғаммен байланыстырады. Бірі – Шыңжаң қазағының жартығасырлық тарихын қамтыса, екіншісі – ағылшын-үнді халықтары арасындағы саяси езгіні сөз етеді. 

Әлем әдебиетіндегі түрме шығармашылығының аса көрнекті өкілі, нигерия әдебиетіндегі түрме шығармашылығы негізін қалаушысы – Воле Шойинка. 1986 жылы әдебиет саласындағы нобельдік Воле Шойинкаға берілді. Ол Африка құрлығындағы осы сыйлыққа ие болған тұңғыш жазушы. Әлем әдебиетіндегі аса көрнекті жазушы-драматург 1966 жылы Нигерияда болған қантөгісті әскери төңкеріске қатысы бар деген жалған айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылып, ауыр режимдегі түрмеге қамалған. Жазушы түрмеде отырып, көрген азапты күндері мен халқының ауыр тұрмыс-тіршілігі жайлы көргенін, түрме дәрігері үстелінен ұрлап алған қарындашпен "Адамның ақырғы демі" деген кітап жазады. Кейін бостандыққа шыққан соң абақтыда көргенін "Заңсыздық кезеңі" атты темір тор ішіндегі қасіретке арналған романды өмірге әкелді (1973 жылы). Бұл роман – жазушының түрмедегі азап шегіп отырған ойларының қорытындысы.
 
"Абақты алтын берсе жатпас едім,
Бал берсе, палау берсе татпас едім.
Кешегі елде жүрген еркін күннің,
Минөтін мың ділдәға сатпас едім", – деген Байқадам Қаралдыұлының өлең жолдарындағыдай ешкім абақтыға барғысы келмейді. Бірақ, солақай саясаттың зардабын шеккендер абақтыға "жалған айыппен" жабылды. Абақтыға жабылып, итжеккенге айдалып, өлім құшқандардың көбі – зиялылар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар еді.
 
Қазақ зиялыларының рухани-моральдық дағдарысы 1937 жылғы қуғын-сүргін жылдарында айқын көрінді. 1937 жылы әдеби шығармаларымен елге танылған қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау етек алып, олардың шығармаларының әр жолынан, айтылған ой пікірлерінен ұлтшылдық пен байшылдықты, кеңес үкіметіне қарсылықты, теріс ниеттілікті көруге тырысушылар шықты. Тарих сахнасынан кеткен алашордашыларды айыптап, олармен азды-көпті байланыста болғандарды, жылы қабақ танытқандарды алашордамен байланысын үзбеген, алашорданың агенттері, ниеттері бір деп кінә тағу қалыпты іске айналды. Жазушылар шығармаларынан күмәнді деген ой-пікір тауып, партия бағытынан, тап жолынан ауытқыды деп айыптады. Сыншылар осылай жасау арқылы, бір жағынан, тап жауларын, халық жауларын әшкерелеуге үлес қосты. Екіншіден, партия саясатын, бағытын қолдау үстінде деген өзі жөнінде жағымды пікір туғызу мақсатын көздеді. Тап жауларын әшкерелеу ісінен, жалпы елді қамтыған науқаннан қарапайым халықтан бастап, өкімет билігіндегі тұлғалар да тыс қалмады.
 
"Абақты қатар-қатар болады екен,
Ішіне жақсы, жаман толады екен.
Ішіне абақтының кіріп барсаң,
Көңілің су сепкендей болады екен.
Сүйіндім абақтының шарбағына,
Сыйындым атам Қазыбек аруағына.
Бір кезде қаршығадай қалықтаушы ем,
Бұл күнде мен дұшпанның қармағында!
Бауырынан Едірейдің түн қатамын,
Шылбырын боз шұбардың шұбатамын.
Алыстан іздеп келген ағайынға,
Тесіктен алақандай тіл қатамын…"

Бұл – Мәдидің өлеңі. Осы өлең турасында композитор Илья Жақанов былай деген: "Әр сөзі сай сүйекті сырқыратады, әр сөзінде қуат, салмақ, уыт, зіл, мейірім нұры бар". Шындығында, Мәди өлеңдерінде түрмедегі жағдай нанымды суреттелген. Түрмеде тағдырың таразы басында тұрған шақта өлең немесе роман жазу деген қияметтің қияметі емес пе?! Бұл әдебиеттің өкілдері тәуекелге барып, қаһармандық жасады.
 
Қаламгер мен түрме. Түрмеде отырып жазылған шығармалар бүгінгі таңда арнайы зерттеуді қажет етіп отырғанын сөзіміздің басында айтып өттік. Жазушының немесе ақынның теңдесі жоқ ерлігі. Бүгінгі ұрпақ ұлттың не екенін, отаршылдық зорлықтың небір түрін осы шығармалардан білетін болады. Түрме шығармашылығының тағы басқа өкілдері бар. Олар – Алаш ұранды әдебиетті насихаттаушылар, алашордашылармен қарым-қатынастық байланысы бар адамдар. Біз бұл топқа Файзолла Сатыбалдыұлы, Әлмұхамед Оспанұлы, Ақтас Тұрғымбайұлы, Бәлдік Байтоғайұлы, Шіменбай Әлшорин секілді есімдері белгісіз ақындарды жатқызамыз (Біздің қолымызда осы аталған ақындардың шығармалары бар. Алдағы уақытта әрқай сысын жеке-жеке талдап, көпшілік назарына ұсынамыз – Т.Е.). Бұлар да тұтқындалған, айдалған, саяси жүйенің жапасын шеккендер. Алдағы уақыттарда басқа да репрессияға ұшыраған жазықсыздардың шығармашылығы хақында сөз қозғармыз.
 
1992 жылы "Қапаста жазылған хаттар" деген кітапша жарық көрді. Кітапта жала құрбандарының жырлары енген. Еліміздің әр жылдары басынан кешірген қилы кезеңдері мен қайғылы оқиғаларының куәсі болып, нақақтан жапа шеккен он бір ақынның түрмеде жазған өлеңдері енген. Осы кітапқа енген ақын Бүркіт Ысқақов жөнінде профессор Р.Бердібай: "Б.Ысқақов бұл өлеңдерімен қазақ совет поэзиясында болмаған "Тұтқын жыры", "Ләгер өлеңдері" деп аталатын поэзияның жаңа түрін, жаңа жанрын бастады. Сондықтан, бұл өлеңдер қазақ поэзиясына қосылған жаңа бет болып табылады", – деп бағалаған. Профессор ақынның топтама өлеңдерін "Қазақ әдебиеті" газетіне бастыртқан (1987 жылғы,16-қазандағы саны).
 
Енді кезекте Қазақстан территориясында орналасқан "Алжир", "КарЛАГ", "ГУЛАГ" түрмелерін барып, арнайы өз көзімізбен зерттеп, мемлекеттік мұрағаттардағы тарихи құжаттарды ақтарып, соларды ғылыми айналымға енгізу міндет болмақ. Қ.Шабданұлы, Т.Жолдыұлы секілді ақын-жазушылардың шығармашылығы талданып жатқандықтан, алдағы уақытта мерзімді баспасөзге ұсынамыз.
Біздің басты мақсатымыз қазақ әдебиеті тарихына "түрме шығармашылығы" деген ұғымды және оның өкілдерін енгізу болса, ғылыми жаңалығы – солардың шығармашылығын текстологиялық тұрғыдан талдап, әдеби бағасын беріп, арнайы антология ретінде шығару.
Т. Раушанұлы