Елдос Тоқтарбай. "Мұрагер"

Елдос Тоқтарбай. "Мұрагер"
Фото: Елдос Тоқтарбай

Балалар мен жасөспірімдер шығармаларын, оларға арналған әдеби шығармалар мен аудармаларды ақпараттандыру мақсатында назарларыңызға балалар жазушысы Елдос Тоқтарбайдың "Мұрагер" әңгімесін ұсынып отырмыз.
Елдос Нүсіпұлы Тоқтарбай – балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, ҚР Үкіметінің "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2017). 1993 жылдың 2 қаңтарында  Алматы облысының Көксу ауданы, Балпық би кентінде дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ-ның филология факультетін, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің магистратурасын тәмамдаған.

 

***

Қобызшы – Молықбай  шал Матайдағы,
Матайда – Кенже, Тұңғат, Сақайдағы.
Қазақта  қобызшының  қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.
І.Жансүгіров
"Күй" поэмасынан.

Жер  жәннаты – Жетісу өңірінің тамаша  бір аймағы – Ақсу, Қапал өлкесі. Қапал  болысының  оңтүстік –шығысында  кіндіктөбе  қонысы бар. Кіндіктөбе – табиғаты керемет, сұлу жер. Жер шоқтығы асау  Ақсу  өзенінің  жанынан  қоныс тепкен.
Көктемнің бел ортасы еді... Қайнар елі. Берсүгір әулетіне бақ қонып, құт дарыды. Келінінің аяғынан бала саулап, шаңырағы кеңіп, үй іші сәбидің күміс күлкісіне толып, көктемнің жайдарлы күнімен үйдің босағасына қуаныш пен шаттық еніп, ақ қанатты ақ ордаға әсем рең берді.
Құдайдың мейірім-ықыласы ерекше төгілген аймаққа төсекте бас, төскейде малы бірге   Шураттың жерінен бір топ қонақтар келіпті. Араларында  Қаракерей Қабанбай батырдың жиені, Байсақұлы Молықбай қобызшы да бар. Бұлар әдеттегі қонақтардан ерекше сыйлы һәм қадірлі жандар еді...
– Ассалаумағалейкум, Серілер! Қайнар елінің ауылына хош келдіңдер, – деп Жансүгір қонақтарды қарсы алып, он екі қанатты ақ ордаға кіргізіп, төрге жайғастырды. Жас қыздың құшағындай кең үйдің ішінде ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары отыр еді...
– Жуырда келініміз тұңғышына босанып еді. Соның құрметіне  дастарқан жайып, ел-жұртқа сауын айтып, шілдехана жасап жатқан жайымыз бар,  – деп Берсүгір шал қуанып, қонақтарды отырған кісілерге таныстыра бастады. – Мына жігіт біздің елге бөтен емес, асылдың сынығы, батырдың ұрпағы деп, Молықбай қобызшының арғы аталары жайлы әңгіме өрбітті.
– Наурызкөк ерте келді ғой... Мамыражай мамырдың ортасында дүние есігін ашқан ат ұстарларыңыздың бауы берік болсын! – деп қобызшы риясыз лебізін білдіріп, көптің қуанышына ортақтасты.
– Айналайын, Молықбайжан, өзің мына Жансүгірімнің тұстасысың. Бүгін сені біздің үйге Құдайдың өзі айдап келген шығар. Мына баланың есімін өзің қой, жолымды бердім, жарқыным, - деп шал келінге қарап ишара танытты. Ибалы келін атасының қас-қабағынан айтқызбай-ақ сөзін ұғып, ақ бесіктің жабуын ашып, бөбекті серінің қолына ұстатты.
– Жазғытұрымда дүниеге келген інімнің өмірі жарқын, мәнді де сәнді болсын. Атаның емес, адамның баласы бол. Өр Алашымның бағы бол! Қара сөздің хас шебері болғайсың,  – деп сәбидің жазық маңдайынан сүйіп, Сенің есімің – Ілияс болсын! Ілияс! Ілияс! Ілияс! – деп бөбектің құлағына азан шақырып, атын қойды. Көненің көзіндей болып келе жатқан салт-дәстүрдің жолымен баланы көкке көтеріп, әкесінің қолына берді.
Қобызшы жиналып отырған жұртқа қобыздың қоңыр үнін естіртіп, бірнеше күйлерді орындады. Тыңдаушы қауым зарлы күйлердің үніне қосылып, боздап та алды.
–Бұл күйлеріңде қазақтың арғы тарихының қасіреті жатыр екен. Енді бұндай алапат қырғынды қара халық қайта көрмесін! – деді төрде отырған үлкен шал.
– Әумин! Айтқаныңыз келсін, ақсақал! – деді  де қобызшымен бірге келген жігіт халық әндерін орындап, көптің құлазыған көңілін көтергендей болды.   
Сол күні қобызшы да, бесікте жатқан сәби де таңның кіндігін ұйқысыз кесті. Ертесіне сал-серілер жиналып, келесі ауылға жол тартты. Берсүгір қарт қобызшының тағдырына алаңдап, ішінен құдайға сиынып, басына амандық тіледі.

***
Уақыт шіркін сынаптай зырғып өте шықты. Бесікте жатқан сәби өсіп, ер жетіп, ат жалынын ұстап, тазы ертіп, қолына бүркіт қондырып қобызшының ауылына келді. Бұл мезетте қобызшы қартайып, шау тарта бастаған еді. Бозбала қобызшының сыйлы қонағы болып, жүздеген күйін тыңдап, өнер, ғылым, Құнанбай сұлтанның баласы хәкім Абай туралы әңгімелерін естіді. Молықбай шал өзінің ұстазы Жиенбай қобызшыдан қалған құлагер-домбырасын жас жігітке сыйлап, сауырына құрық тимеген асауды еншіге беріп, иығына төрде ілініп тұрған Байсақтың зерлі шапанын жапты.
– Күнім, Ілиясжан, сенің атыңды қойдым ғой... Кейде осы ісіме өкінемін. Неге десең, мен қасіретті адаммын. Менің қасіретім емес, дарыным, қасиетім қонсын. Бірақ, есіңде болсын, Құдай Тағала да өзіне ұнайтын пендесіне ауырлықты, қасіретті үйіп-төгіп береді екен. Сенгеннен кейін береді де. Ауырлықты, қиындықты жеңе білу – өзіңнің бойыңдағы жаман қылықтарды ауыздықтаумен бірдей! Әйтпесе, ібілістің торына түсініп, нәпсісін тия алмай жүргендердің қарасы қаншама. Солай, құлыным, солай...  ,  – деп шал күңіренді.
– Әке! Ақсуда туған ұлмын от болсам деп... Сіз, ештеңеге налымаңыз. Бұйырған тағдырдың дәмін татамыз. Қарсы соққан дауылға төтеп берер күш-қайратымыз  бар.  – Батаңды бер, – деген жас жігіттің отты сөзіне қобызшы шын қуанып, көзінен қайғының емес, қуаныштың лағыл  жасы ақты. Ыстық жас жігіттің алақанына тамып жатты. Әке-бала  боп, бірін-бірі риясыз түсініп, ұзақ уақыт құшағына қысып тұрды.
– Жарқыным, мұхит тағдырдан өтер қайығыңның ескегі берік болсын! Бердім ақ батамды. Ғұмырлы бол, тұғырлы бол,  – деп маңдайынан сүйіп, жігітті еліне қарай шығарып салды.   

***
Ілияс ақсудан ұшқан аққулармен жанасып, білім іздеп жыраққа кетті. Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Ташкент, Мәскеу барды. Аңсары ауып келген қасиетті, қасіретті сөз өнері мамандығына оқуға түсіп, небір ауызымен құс тістеген дүлдүлдердің шығармаларын оқып, көкірек шөлін басып, өзі де нәрлі жырларды жаза бастады.
Ақмешіт. Түн еді... Ілияс ұйықтай алмады. Есіне ауыл-аймақ түсті. Қобызшы әкесін сағынып жатты. Матайдың қызылқұмына аунағаны, кіндіктөбенің қоңыр салқын ауасын жұтқаны, ақсудың айдынына шомылғаны есіне жиі түсіп жүрген кезі еді...        

***
Молықбай шалдың жүрегі әлденені ертерек сезген екен. Ақсу-Бөрібай көтерілісінен кейінгі ақ пен қызылдың шайқасы, кеңес өкіметінің орнауы, ұжымдастыру, бай-шонжарларды аяусыз әшкерелеген кәнпескенің тәркілеуі бірінен соң бірі болып, халыққа ауыр тиді. Аша тұяқтылары қалмаған бұқара үркердей шулап, арғы бетке үдере көшіп жатты. Алмағайып заман басталып, алатаудың етегін ақ қар емес, қара бұлт торлап, елден береке, бірлік кетіп, қазақтың ішінен қазаққа жау шығып, ру-руға, жік-жікке бөлініп, құдай тағаладан берілген асыл мінездері боқ-сідікпен араласып, теріс пиғылдары жүзеге аса бастап, әділ, ақиқатқа іңкәрлік танытар, жаны адалдыққа құштар жандарға жала жауып, нақақтан-нақақ  «халық жауы» етіп, итжеккенге айдатып жатқан кез... Туған халқын шетсіз, шексіз сүйген қобызшының да басына қара тұман төніп, аяғына кісен түсіп, түрмеге түсті. Өнер адамын осылай да қорлаған еді ау...
Ілияс елге келіп, болған жағдайды естіп, көңілі құлазыды. Әкесіндей болған жанына жақын адамын іздеп, шарқ ұрып, асау ақсу өзеніне барып, әзиз адамын енді қайтіп көрмесін сезіп, долдана ағып жатқан өзеннің сарынына қосылып, аңырап кеп жылады. Ақынның зарына көк аспанда қосылып, нөсерлі ақ жауынын шелектеп ағызды. Ақын да, аспан да көз жасын тия алмады. Бұл  жас – шерменде көңілдің өнерге деген, асыл азаматқа деген шынайы ықылас-құрметі еді...
– Молықбай – қазақтың соңғы қобызшысы. Енді бұндай дәулескер қобызшының мына опасыз дүниеге келу-келмеуі екі талай. Қобызшының атын естен шығармауымыз үшін, оның әрбір тартқан күйлерін халыққа, болашақ ұрпаққа жеткізу, сақтау – менің арыма, ұятыма байланысты. Мен – қобызшының мұрагерімін! – деп азамат ақын өксіп-өксіп булығып жылады.

***
Ілияс Алматыға келіп, Әуездің немересі Мұхтармен танысады. Ол кезде екеуі де халыққа танылып үлгерген қаламгерлер еді... Бұлар қантуыс емес, шығармашыл жантуыс болды. Екеуара әңгімелері ұзаққа созылды.
– Мұқа, біздің елде Молықбай деген қобызшы болған еді, – деген Ілиястың сөзін соңына дейін тындамастан зерек жігіт:
– Иә, естуім бар. Өзін көрмесем де, күйлерін естігенмін. Кезінде Абай еліне келген екен. Шаһкәрім, Әріптермен аралас-құралас болыпты. Абайды үлгі тұтқанын да естідік, – деді.
– Сол дегдар адам менің есімді қойған еді... Шебер күйші еді. Амал нешік, қазір тар қапасқа таңылып жатыр. Туған елі сатты. Бұрын-соңды бұндай қиянатты көрмедім. О, тоба, кем дүние! – деп ақынның жетім көңілі қайтадан құлазыды.
– Ілеке, қобызшының көзкөрген тұстастары, замандастары, көнекөз қариялар барда елге барып, ол кісінің күйлерін, әңгімелерін хатқа түсіріп қалайық та? – деп жазушы бауыры ақынның аманат-үмітінің шоғын үрлеп, ниеті мен ықыласын арттырды.
– Бәрекелді!Менің де арманым осы еді... Рақмет, бауырым!
– Ендеше, ағасы, уақыт өткізбей, елге барайық, жолға қамданайық!
– Өкіл әкемнің ескіше сауаты болмаса, жарытып оқымаған да ғой. Күйлерін естіп, ауыл арасында, ел ішінде орындап жүрген жігіттер де бар көрінеді. Соларды табайық.
Осы түннің кіндігін ақын жаңа жырмен кесті. Ол – «Күй» поэмасы еді.  Ақын қобызшының құрметіне өлеңмен, кестелі жырмен  өлмес те, өшпес ескерткіш соқты.       

***
1927 жылы қос қаламгер ақсу еліне келді.Амантекше жайлауында болып, қобызшының күйлерін орындап жүрген ел арасындағы жігіттермен кезігеді. Әйгілі ақын Қуат Терібайдың шаңырағына қонақ болды. Қобызшының барлық орындаған, өзі шығарған күйлерін хатқа түсірді. Қобызшы туралы, оның ата-тегі жайлы  аз-кем  түсініктеме жазды.
– Оу, ағайын, мына жігіт қазақтың бағына біткен асыл ер. Есімі – Мұхтар. Абай елінің тумасы. Абайдың туысқаны. Талабы мен дарына, жазғанына қарасаң  жаның сүйсінеді. Қазақтың болашағы осы балаларыңыз, – деп ақын өкшелес бауырын жерлестеріне таныстырды. Үй иесі Қуат ақын да алыстан ат терлетіп келген қонағының құрметіне өзінің арнауын арнап, жетісудың назқоңыр мақамымен ән айтты.
Ілиястың осы  сапары – қазақ руханиятына, музыка өнеріне қосылған  үлкен үлес  болды. Азамат ақын алдаспан қобызшының алдындағы әрі өкіл әкесінің алдындағы өзінің перзенттік парызын  осылай өтеген еді...

***
Түрменің азабын әбден тартқан, тағдыры ит сүйреткен терідей жырымдалған  қобызшы абақтыда бірге жатқан жігіттерге:
– Біздің дәурен осымен біткендей...  Жақсылы-жаманды өмір сүрдік. Менің елу жыл сенімді серігім болған қобызымды алдырыңдар, түсіме жиі кіріп жүр. Енді Ілиясымды көруім, көрмеуім екіталай. Қайнардың еліне айт, Ілиясты күтсін, Ілияс – біздің ғасырдың ұлы ақыны! Мен оған сенемін. Тәңіріме тапсырдым,– деп өмірлік талқаны таусылып, ажал тақалғанда ішіне бүккен шерменде ойын  жазып, ағынан ақтарылады.

***
1927 жылы Ілияс бірінші әйелі Аманшадан айырылғаннан кейін, қазадан қан жұтып, Қызылорда қаласында қызметтес досы болған Сәдуақас Оспановтың немере қарындасы Бәтимамен бас қосады.
1929 жылы дауылпаз ақынның қобызшының құрметіне арналған  «Күй» поэмасы «Жаңа мәдениет» журналына жарияланады. Сөйтіп, қобызшының есімімен,тауқыметті тағдырымен, оның тартқан күйлерімен халық таныс болады.
Молықбай шал 1930 жылдың көкек айының отызында туған жері – Шуратына жетпей, тар қапаста құрт ауруынан жан тапсырады.
«Қызыр Ілияс» деп құлағына азан шақырып, үш мәрте атын әсем дауысымен әндетіп  қойған кіндік әкесінің өлгенін естіген азамат ақын:                     
– Сізді «жүрегіме» жерледім,  – деп аңырап қоя берді...
–Хайырлы қаза болсын! Бекем бол,  – деп Бәтима күйеуінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.  – Өнер адамы өнер адамын шын түсінеді екен ау...  О, дәриға-ай, – деп ақынның жары әлденелерді күмбірлеп айтып отырды.

***
Жетісудың жорғасы, заманының өнерпазы, бармағынан бал тамған қобызшы, күйші, ақын, бақсы-балгер – Молықбай Байсақұлының есімі «Ақ көбік», «Боз інген», «Көк көбік», «Дүлдүл Ер Әлі», «Жылаған ноғай-қазақ», «Жезкиік», «Сауырық», «Қазан»  күйлерімен қатар айтылып, халық есінде мәңгілік қалды.
Ілияс – мұрагер еді... Қорқыт қобызды, ащы тағдырлы қобызшының аманатына қиянат жасамай елге жеткізген асыл ер өзінің қанаты қайырылып, құлагерінің тұяғы сынып, мезгілінен ерте соларын білді ме екен?!                

 ***
О дүние. Жұмақ. Пайғамбардың ақ туының астында әкелі-балалы екеу қайта қауышып, жер бетіндегі опасыз дүниенің қызығына алданып, шырмауына түскендерге қарап, құмырсқа тірліктегі пенделерді аяп тұрды...

Т. Раушанұлы