- Негізгі бет
- Проза
- "Абай Жолы" романының...
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #9
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #5
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #6
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #7
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #8
Қияда
3
Биылғы жайлауға таласып жатқан ешкім жоқ. Бәрінің малы аз. Жұрт күземге қарай бет алғанда Ырсай, Жақып, Майбасар, Құнанбай ішінен жиырмадай ат жоғалады. Жоқшылар ұрының ізін таба алмады. Көп өтпей Керейден де жылқы жоғалады. Ұрының ордасы Жігітектің Қаумен ауылы болып шықты. Оны алғаш Базаралы таңсәріде ұйқысы қашып, сыртта жүргенде бейтаныс аттарды алып келген өз ағасы Балағаз және қасындағылар Абылғазы мен Әділхан екенін байқады. Базаралы ызаға булығып, жағдайды әкесі Қауменге айтады. Қаумен Балағазды қасына шақырады. Базаралы шыдай алмай, өз ағасымен жағаласып кетеді. Қаумен оларды тоқтатып, Балағазға көшуін бұйырады.
Құнанбай: "Жаңа кесілген ет қайда болса, ұры да сол жақта", – деп, әр елге сыр бермейтін шал мен кемпірлерді жібереді. Көп өтпей Абылғазының үйінен еттің иісі шығады. Кейіннен ол жігіттер көрінбей кетіп, тау ішін паналайды. Ұрылардың істері ел ішіне жайылып, енді барлық салмақ олардың ауылдары Қарашанікіне және Қаумендікіне түседі. Осы тұста жаңа заң шығады. Енді Тобықтыны старшын емес, үш болыс болып билейтін болыпты. Құнанбай сайлау алдында ұрылардың тоқтатуға шешім қабылдайды. Бірақ Балағаздар мал алуды тоқтатпады. Құнанбайдың шақыруына да көнбеді.
4
Ел ішіне сайлау келгенде Жидебайдағы Абайды Құнанбай шақыртып алады. Абай әуелі әкесіне бармай, ағасы Құдайбердіге кіріп өтеді. Ағасы төсек тартып қалыпты. Құнанбай Абайды болыс болуға шақырғанын Құдайберді айтады. Оған болмағаның жөн деп, өз пікірін де білдіреді. Құдайбердінің балалары Шәке, Шұбар, Нұртазалармен Абай бір түн сол жерде қалады. Ертеңгі күні Құнанбай дәл сол болыстық туралы айтады. Абай оған: "ағаның орны бөлек", – деп, болыстыққа Тәкежанды ұсынады. Сол кезде Тәкежан да іште болатын. Оны естіп мәз бола қалады. Осыдан он бес күн өткенде Тәкежан болыс атанады. Жаңа болыс қалаға барып, Семей уезінің ұлығы Тінібекпен көрісіп қайтады. Одан қайтқанда Балағаздарды ұстауға бес кісілік қарулы топ ала келеді. Тәкежан ауыл ішінен тағы он бес жігіт қосып, Шыңғыс тауына бет алады. Топ ұрыларға оңай кез болады. Бірақ, Тәкежан жігіттері іркіліп, ақыры аттарынан айырылып қалады. Тәкежан елге құр қол қайтпайын деп, Қаумен, Қараша ауылдарының ірі қараларын алып кетеді. Тәкежанның ісін естіп, Абай Мұсақұлға жетеді. Ол жерге малын қайтару үшін Базаралы да барған болатын. Абайдың айтуымен ол малдарын ала кетеді. Содан кейін Тәкежан Балағаз бен Абылғазыларды елден қуғызғалы Семейге қағаз жөнелтеді. Ол қағазды Жұмағұл, Қарпық және бір атшы жеткізуі тиіс болған. Семейге жақын Мұқыр жырасында алдарынан үш жігіт бетін шүберекпен таңып шығады. Атшылардың бетін бұрып, қағаздардың барлығын алып кетеді. Бұлар Балағаздар болатын. Енді ұрылар Найманға қарай жөнеледі. Осыдан кейін Құнанбай ызаланып, бір түнде отыз шақты жігітке Ызғұттыны басшы етіп, ұрыларды ұстап алып келуге жібереді. Олар таң атпай-ақ, Балағаздың қыстауына жетіп, ұйқы үстінен ұстап алады. Оларды Мұсақұлға алып келісімен, Құнанбай бұйрығы бойынша Тәкежан мен Майбасар сол түні Семейге алып кетеді. Тәкежан ел ішінен ұрлыққа қатысы жоқ кісілерді де тіркеп кеткен екен. Оның ішінде Байдалы мен Базаралы да бар. Байдалы Базаралыны Құнанбайға: "Өз бөлтірігін жейтін қасқыр елі" деп сәлемдеме жіберіпті.
5
"Ұры болса да ағайын ғой", – деп Абай мен Ербол Балағаздарды ақтауға қалаға жөнеледі. Олар өз атына арыз тастап, адвокат та жалдады. Адвокат өзі Петерборда оқыған Ақбас деген кісі. Екеуінің сөзі келісіп, жақсы жақын болады. Бұл әрекеттері Байдалы, Базаралыларды құтқарғанымен, Балғаздарды құтқармады. Оларды Үркітке жер аударатын болады. Соттың ісі аяқталып, Абай Ақбаспен қоштасады. Сонда Ақбас: "Сен әлі де оқу оқимын десең, мен көмектесемін. Білім жарығына ұмтыл", – дейді. Осыдан кейін Абай риза болып, Жидебайға қайтады. Осы жазда оның үшінші ұлы Әбдірахман туылған еді. Абайдың әкелік мейірімі енді ғана туа бастаған. Бірақ, ол көп бөгелмей, пұл қамдап, қайтадан қалаға жөнеледі.
Бірінші кітаптың соңы
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #10
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет: kk.wikipedia.org
Ж. Өрісбай