- Негізгі бет
- Проза
- "Абай Жолы" романының...
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #5
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #1
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #2
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #3
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #4
Шытырманда
1
Абай Қарқаралыдан келгелі ауыл араламады. Медреседегі оқуын еске ала отырып, парсы және араб тілдерінде жазылған кітаптарды күні-түні оқиды. Ол өз кітаптарын тауыса салып, Ғабитханның кітаптарына тиіседі. Ол осы оқығандарын қыс бойы бәрін жинап, әңгімелеп отыруды әдетке айналдыра бастаған. Көктемнің бір шуақты күнінде Абайға шақырту келіп, Қарашоқыға жүріп кетеді. Күнке ауылына келісімен, Құнанбай мұны Құлыншақ ауылына айтатын сөздерін ұғындырып, Қарабасты қоса жібереді. Құлыншақ ауылы алыс емес. Қарашоқының күнбатыс жағы, бұрынғы Қодар кыстауының арғы жапсары. Ол жерлер Торғай руына тиесілі. Құлыншақ – сол Торғай руының басты кісілерінің бірі.
Құлыншақ ауылы әлі қыстаудан шығып үлгермепті. Құлыншақ екі салт аттыны жылы жүзбен қарсы алады. Ішке кірген соң, біраздан кейі Абай айтады: «Бұл сіз былтыр қоныстанған Бетқұдық жері бұрын Барсаққа тиісті болған екен. Ақберді Барсақ қыстауын алған соң ол әкеме кеп осыны айтыпты». Сонда Құлыншақ: «Уай, балам, Бетқұдықта Барсақ отырған кезде мен кезек қоныс етуші едім ғой. Қақ бөлісуші едік қой. Осыны әкең білді ме?» – деді.
«Оны білген көрінеді. Бірақ тегінде, меншік бар да, ақсақал. Даусыз жердің иесі Барсақ еді», – дейді Абай. Құлыншақ үндемеді. Ол қарсылығы жоқтығын білдіріп, мұңайып Абайға қарап қалады. Бір-ақ отырып екі салт атты Қарашоқыға бет алады. Құнанбайға жауабын айтқан соң ол екеуін тағы Түйеөркеш баурайындағы Сүйіндік ауылына жібереді. Ол жақта да асыл қонақ болып, Күнке ауылына бет алады.
2
Абайлар Қарашоқыға түс ауа жетті. Күнкенің үлкен үйінде мол жиын болып жатыр екен. Абай іркілмей кіріп, сәлем береді. Жиында әкесі «дос» деп іштегі бейтаныс кісілерді атайды. Олардың ішінде Байсал, Қаратай, Бөжей, Сүйіндік, Түсіп және Құлыншақ сияқтылар жоқ еді.
Жиын тараған сәтте Абай әкесіне барын айтып, шешесіне баруын сұрайды. Құнанбай ызаланып: «Шешеңде нең бар? Мына жерде жүрсең сөз тауып, тәрбие аласың», – дейді. Сонда Абай: «Ол жақта қаршығам бар. Құс салам ба деп едім», – деп тіл қатады. «Байдалыға жіберуім бар, сосын Жидебайға бара бересің», – деді соңында әкесі. Екі күн өтіп, Қарабас пен Абай Байдалы ауылына кетеді. Байдалы оларды жылы желмен қарсы алмады. Олар үй ішіне кірсе, Байдалының ашуға мініп, бәріне ұрсып отырғанын көреді. Кіріп отырып, жайғасқан соң Абай: «Әкем былтыр Жігітек жерінен Қаршығалы Қопа деген қоныстарына Сүгір мен Сүйіндік ауылдары қонсын деген екен», – деді. Байдалы шұғыл ойланып, ызаға булығып: «Қонсын Сүгір мен Сүйіндік, не деуші ем?», - деп жауабын қысқа қайырады. «Бірақ ағайынға шет бастыруы дұрыс емес. Атаң Ырғызбайға атам Кеңгірбай оң батасын беріп би сайлаған болатын», – деді Байдалы. Осыдан кейін Байдалы талай ренішті әңгімесін айта кетеді. Оның сөздерін Абай ұғып алып, жол жүріп кетеді. Абай Қарашоқыға келісімен әкесін тауып, бар болған әңгімені айтады.
3
Абай Жидебайға кетерінде әкесінен көші-қон жайлы сұрастырады. Биыл Құнанбай ауылы Қарауыл өзенін жағалай Бақанасқа бет алмақ. Абай көп асыққан Жидебайына да жетеді. Ол Құлыншақ пен Сүйіндік ауылында Бөжей алып кеткен кіші қарындасы Кәмшат жайлы мазасыз әңгімелерді естіген болатын. Сол жайлы ол шешелеріне айтады.
Көш кезінде Абай Ғабитханды ертіп алып, Бөжей ауылына кетеді. Бөжей ауылына жете бердік дегенде үлкен ақ отаудан Кәмшаттың жылаған үні есітіледі. Бөжейдің өзі жоқ. Оның бәйбішесі сұр жылан секілді бәріне жекіріп, шағып отыр екен. Үй ішіне кіргенде Кәмшаттың мүшкіл хәліне кез болады. Абай не жыларын, не ашуға мінерін білмей қарындасын бауырына басады. Кәмшат оларды танымайды. Екеуі де көп отырмай шығып, үйге қарай бет алады. Абай ауылға жеткенше әкесіне ызаланып, Жүрегі қысылып келеді. Келсе үй ішінде Құнанбай мен Жұмабай отыр екен. Шешелері Абай келгенін біліп, асыға келіп Кәмшатты сұрайды. Сонда Абай: «Кәмшат ауру, әл үстінде. Бізді танымады», – дейді. Шешесі Айғыз қаймығып, жылай түседі. Ұлжан да, әжесі Зере де осыған Құнанбайды кінәлап, жылап жатады. Зере шыдай алмай баласына қатты ұрысады. Құнанбай үн қатқан жоқ. Осыдан кейін аз күн өткен соң Кәмшаттың өлгені жайлы оқыс хабар ауылға жетеді. Бөжейлер, тіпті, шешесі Айғызға да хабарлатпай, жер қойып бітіріпті. Ел іші налаға бөленіп жүрген кезде Бөжейдің өлімі де есітіледі. Оны бес-алты күн ауырып, сосын кеткен деседі. Құнанбай жаназаға шақыратын арнайы хабаршыны күтті. Бірақ Байдалы мен Байсал Құнанбайға хабар жеткізбеді. Тіпті Қарқаралыға дейін жоқтау барған деседі. Бөжей сүйегін Тоқпамбет қыстауына қойыпты. Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды. Құнанбай бұл іске қатты ренжіді.
"Абай Жолы" романының қысқаша мазмұны #6
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет: kk.wikipedia.org
Ж. Өрісбай