Қазақстанда "Абай күні" өтіп жатыр

Қазақстанда "Абай күні" өтіп жатыр
Фото: Yernar Almabek

10 тамызда қазақстандықтар ақын, ойшыл, ағартушы және композитор Абай Құнанбаев құрметіне "Абай күнін" атап өтеді.

Жаңа мереке 2020 жылы қазақтың ұлы ақынының туғанына 175 жыл толған кезде бекітілді. 5 тамызда бұл күн мерекелердің ресми тізіміне қосылғанымен, елімізде демалыс күні болып есептелмейді.

"Биылдан бастап 10 тамыз "Абай күні" деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылды. Ақынның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешекте мүмкіндікке қарай Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады. "Абай" телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында "Абайтану" курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы "тарихи орталық" ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік" ,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың пікірінше, Абай – мемлекет мүддесін қорғаушы, халық бірлігі идеясын жақтаушы. Ол өз шығармаларымен елдің дамуына үлкен үлес қосты.

"Абай - мемлекет ісінің мүдделесі, бірлігі жарасқан жұрт болу идеясының жақтаушысы. Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті  қоғам құруға үндейді. Біз ұсынған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы - өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады, тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз", - деді мемлекет басшысы.

Юлиан күнтізбесі бойынша Абайдың туған күні 1845 жылы 10 тамыз, ал қазіргі қолданыстағы григориан күнтізбесі бойынша 1845 жылы 23 тамыз.

Айта кетейік, Ұлы ойшыл, қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай әлеуметтік желіде бастау алған эстафетаны Massaget.kz редакциясы жалғастырған болатын.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілініңнегізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орысжәне еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Ол ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.

Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған "Қара сөздері" - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

А. Оралқызы