- Негізгі бет
- Әдебиет
- "Жетісу көктеміне" қатысушылардың...
"Жетісу көктеміне" қатысушылардың форум жайлы пікірі
Сәуірдің 23-24-і күндері аралығында "Рухани жаңғыру" бағдарламасының бір жылдығына орай Талдықорған қаласында Облыстық тілдерді дамыту басқармасы, Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесе отырып "Жетісу көктемі" І жас әдебиетшілер форумы өткізген еді. Сол әдеби жиында қатысушылардың бірқатарымен аз-кем тілдесіп, форум жайлы пікірін білген болатынбыз.
Алмаз Мырзахмет, жазушы (Қарағанды қаласы): "Талдықорған қаласындағы өткен жастар форумы жоғары деңгейде өтті. "Мынау даланың қызыл топырағының бір түйірі, тіптен болмаса, тозаңы осында келген жастар үстінде қалады. Кейін ол топырақ жас әдебиетші өзі байқамаған күйінде жүрегінде бір шығармаға дән боп қайта көктейді", – деген ақын Ерлан Жүністің бір сөзі маған қатты ұнады. Осы аяулы сәт, шығармашылық байланыс жас әдебиетшілер жүрегіне алау жақты деп ойлаймын. Сол алау жастардың жүрегін жылытып, үлкен міндет жүктеп, болашақта жеңістерге жетуіне өз септігін тигізеді. Біз Жетісу жерінде көптеген киелі жерді аралап, әсер алып, соншалықты қасиетті жер екенін мойындап бара жатырмыз.
Осындай форумдардың ұйымдастырылуы жастар жүрегіне сеніп ұялатып, жазуға деген құлшынысын оятады. Біздің тілек: шығармашылық байланыс орнататын осындай игі шаралар тоқтап қалмай жалғасса екен".
Елдос Тоқтарбай, әдебиет сыншысы (Астана қаласы): "Жаңа ғасырдың бас кезінде бірді-екілі жастар форумы болғанын білуші едік. Сосын бұл дәстүр үзіліп қалған-ды. Бүгінгі "Жетісу көктемі" республикалық жас əдебиетшілер форумы сол үзілген жақсы дəстүрдің желісін қайта жалғап, жастардың бір-бірімен танысуына мүмкіндік берді. Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы ұйымдастырған форум аясында бүгінгі əдеби процесс мəселесі сөз болғанын дұрыс деп санадық. Қазақ əдебиетінің ертеңі осы – жастар. Уақыт өткен сайын аға буын азайып, қаламгердің қатары сиреп барады. Қазақ сөз өнері сарбаздарының ендігі жерде қатарын толтырып, əдебиетіміздің мерейін арттыратынына сенім білдірілді. Сенімді, үмітті ақтау əдебиет өлшемі болмақ.
Екі күнге созылған форум аясында республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жас əдебиетшілер Алматы облысының рухани-мəдени өмірімен, өлкенің тыныс-тіршілігімен танысты. Қасиетті жерлерге зиярат етіп, ұлы тұлғаларымыздың рухына тағзым еттік. Осы рухани сапар әрбір шығармашыл жастың көңіліне зор əсер қалдырғаны анық.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша қайта жанданып, тұралап қалған əдеби процесстің бойына қан жүгіргеніне қуандық. Алдағы уақытта бұл жақсы дәстүр өзінің жалғасын тауып жатса, əдеби секцияларда талқыланатын өзекті мəселелерді кеңінен қамтуға мүмкіндік берер еді деген ойдамыз".
Еламан Хасенұлы, ақын (Баянауыл қаласы): "2 күнге созылған форум жоғары деңгейде өтті. Ең алғаш 2007 жылы Баянауылда Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен жас әдебиетшілердің бірінші форумы өткен екен. Кейін ол дәстүрге айналып, Шымкентте, Көкшетауда, Павлодарда және Атырауда өткен. Биылғы жастарға арналған форум мүлде өзгеше форматта, аға буын мен кейінгі буынның басын қосқан, шығармашылық байланыс орнатқан жаңа бағытта болды. Баянауылда болған форумды баспасөз беттерінен көріп, өлеңге құмартып жүрген 6-сынып оқушысы форумға қатысуды қатты армандаған кезім есіме түсіп отыр. Сол кездегі балаң арман араға 11 жыл салып шын мақсатқа айналып, Жетісу төріне келіп жатқан жайымыз бар. Форумнан өте көп әсер алдық. Ең әуелі, дөңгелек үстел кезінде Ұлықбек ағаның әңгімелері, ол кісінің жастарға көп сенім артатыны белгілі болды. Аға осы қызметті қолға алғалы жастарға көп сенім артатынын мәлімдеген еді. Соны айтып, біздің арқамызға үлкен жүк артып қойды. Жалпы, осы форум алдағы уақытта дәстүрге айналып, жалғасын табатынына сенеміз. Осындағы әрбір қатысушы өз еліне Жетісудың сәлемін, жүрегінде өлеңін ала кетеді деп ойлаймын."
Марлен Ғилымхан, ақын (Орал қаласы): "Жетісу көктемінің екі күнін көріп қайттық. Таңмен сапарға шыққандар Алматы мен Талдықорғанның арасындағы аса көркем һәм қасиетті жерлермен танысуды кеште бір аяқтады. Қуантқаны: бір кезеңнің даласын еркін әрі бірге кезіп жүргендердің басы қосылғаны. Топтасқан жастарды көрген аға-әпкелер де бір қуанып қалған шығар?! Сол сәттерге куә болған түкпір-түкпірден жиналғандардың да, құшақ жая қарсы алғандардың да, айтылған әннің де, оқылған өлеңнің де, тұсауы кесілген кітаптың да арманы жоқ шығар... Жазушылар Одағының Оралда өткізуді жоспарлап отырған шарасы бары да жақсы xабар. Жақсы дейтінім оралдық болғанымнан емес... Елімізде қаншама ақын бар, қара көлеңкеде шамға қарап отырған?! Барып көріңіз, мүмкін, қазына тауып аларсыз..."
Т. Раушанұлы