- Негізгі бет
- Әдебиет
- “Жетісу көктемі”...
“Жетісу көктемі” жас әдебиетшілердің республикалық І форумы аяқталды
Екінші күн. Талдықорған қаласына ақын жауған күн. Жас қаламгерлер күнді Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің жетекшілігімен айтыскер ақын, қоғам қайраткері Сүйінбай Аронұлы мен Жетісу ғана емес мұқым қазақтың ұлы ақыны атанған Мұқағали Мақатаев монуметтеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен бастады.
Содан соң “Рухани жаңғыру” орталығына ат басын бұрып, 1 жыл көлеміндегі атқарылған игі істердің нәтижесімен танысты. Обылыстық халық ассамблеясының төрағасы Ғабит Тұрсынбаевич орталықты аралата жүріп: “Рухани жаңғыру” бағдарламасының атқарып жатқан, атқарылып жатқан істері көп. Мысалы, өздеріңіз Қарасай ауданында көріп келген мұражайлар. Биыл, Талдықорған қаласында спортшыларды олимпиадаға дайындайтын бассейннің құрылысына, осы саябақтың арғы жағынан жер бөлінді. Егер, ол жүзеге асса, жергілікті кәсіпкерлерден 5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып жатыр. Рухани жаңғырудың халыққа берері көп. 1 жылдың ішінде жаңа өздеріңіз көргендей 48 нысан салынды”,– деді.
Күн тәртібіне орай жас қаламгерлер әдеби секция (“поэзия – жаңа ізденістер, проза – дәстүр мен жаңашылдық”) талқылау отырысына барды.
Әдеби жиынды жүргізу үшін сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек: “Қадірлі Қаламдастар! Жетісу өңіріне қош келдіңіздер. Ардақты Айдар Кәрбозұлы! Осы игі шараның өткізілуіне мұрындық болған облыс әкімшілігіне зор алғысымды білдіремін. Мені мен Бейбітті осы секция жұмысына модератор етіп сайлаған екен. Бірақ біз, поэзия-проза деп бөлмей, жастар еркін сұқбаттаса отырсын деп, бұл жиынды еркін форматта өткізуді ұйғардық”,– дей келе сөз кезегін Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетке берді.
Ұлықбек Есдәулет: “Жас қаламгерлер, амансыңдар ма? Келген қадамдарыңа гүл бітсін. Сендерді көріп отырып өздеріңдей жас кезімде алғашқы жас қаламгерлер форумына қатысқаным, Қадыр Мырзалиев секциясында болғаным есіме түсіп отыр”, – дей келе естеліктерімен бөлісті.
“Одақтың тізігінін ұстағанымызға енді бір ай болды. Алда атқарылатын істер шаш-етектен. Соның бірі кеше ғана мемлекеттен 500 баспа табақ кітап шығаруға қаржы бөлу мәселесін қарастырып келдік. Алдағы уақытта жастардың тырнақ алды кітаптарын шығарсақ па деп отырмыз. Күзге қарай орайы келіп жатса “Халықаралық поэзия фестивалін” Орал қаласында өткізу ойымызда бар. Бұдан басқа да жастарға қатысты жақсы жаңалықтарымыз бар. Оны уақыты келгенде біле жатарсыздар. Соның бірі одаққа мүше болмаған жастарды мүшелікке өткізу. Оны бүгіннен бастап кеттік”, – деп Одақ басшысы өзінің шығармашылық, ғұмырылық жолында жастарды қолдап келе жатқанын, олармен бірген екенін, бұдан кейін де ертеңгі болашақтың үміті – жастарды қолдайтынын тілге тиек етті.
Арнайы Атыраудан келген ақындар Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш сөз алып, жастарды тұңғыш форумымен құттықтап, бір-бір өлең оқып берді.
Әдеби секцияның соңы жас ақындардың, атап айтсақ. “Нұртас Тұрғанбек, Мақпал Мыса, Марлен Ғилымхан, Айнұр Төлеу, Бекзат Смадияр, Нұрболат Сатымқұл, Жандарбек Жұмағұлов, Аслан Тілеген, Перизат Жаңғылышбаева, Нұрболат Жаңабекұлы сынды бірқатар жастардың өлең оқу, пікір алмасуымен аяқталды.
Түстен кейін жас қаламгерлер “Жетісу көктемі” әдебиетшілердің І форумының ашылу салтанатына куә болды. Форумды облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Жақсылық Мұқашұлы жүргізді.
Әкім орынбасары жастарды форумға қатысуымен құттықтай келе: “Елбасының қолдауымен “Рухани жаңғыру” бағдарламысының жүзеге асырылып жатқанына да бір жыл болды. Рухани жаңғыру ретінде ұлттың әдебиеті бірінші орында тұратын сала. Сондықтан да, айтулы шараға қош келдіңіздер”,– дей отыра, сөз кезегін Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулетке берді.
Ұлықбек Есдәулет: "Құрметті қонақтар! Құрметті қатысушылар! “Жетісу көктемі” форумында, көктемнің күнінде өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру” атты мақаласына 1 жыл толуына орай ұйымдастырылып жатқан осынау жиын, қазақ руханияты үшін айтулы уақиға болары сөзсіз. Себебі, қай кезде де елдің ертеңі жастармен байланысты. Осындағы жастар болашақта ұлт зиялысына айналып, тұлға боларына бек сенімдімін. Біз, өз тарапымыздан бұл форумға жақсы дайындықпен келдік деп ойлаймыз. Қазір дүниені қиратып немесе кереметтей ғимарат тұрғызып тастамасақ та, Жазушылар Одағының халіне қарай біраз игі істерге мұрындық болып жатқан жайымыз бар. Олардың шет жағасын жаңа өздеріңізбен жолыққанда айтып та өттім.
Ал, енді оған қосымша биыл “Абай” атындағы ұлттық сыйлықтың дүниеге келетінін айтқым келеді. Бұл марапат “Mемелекет” сыйлығы мен “Алаш” сыйлығының ортасындағы жыл сайын әдебиеттің 3 жанры бойынша беріліп отырады. Сонымен қоса “Нұр Отан” партиясымен өзара келіссөздеріміз бар. Олар алда әдебиет бойынша өз сыйлықтарын тағайындайды. Бұл да болса біздің әдебиетіміз үшін, жас дарындар үшін қолтықтан демейтін марапат болады деп ойлаймын. Басқа да жаңалықтарымызбен уақыты келгенде таныса жатарсыздар. Қанаттарыңыз қатая берсін, самғай беріңіздер".
Содан соң сөз алған “Жетісу” газетінің бас редакторы Әміре Әрін: “Армысыздар, ағайын. Елдің жүрегі – Жетісу. Біздің әдебиетіміз Алып Ер-Тұңғаның “Тұран патшалығынан” басталады. Парсыларды құм арасына апарып қырып тастаған “Шу” батыр дастанымен басталады. Ол кешегі жыраулар поэзиясына, “Алтын Орда” кезіндегі ғажайып дастандарға ұласады. Осындай іргетасы бар Қазақ әдебиеті қалай кемшін соқсын? Қазақ әдебиеті неге толыспасын? Қазақ әдебиеті басына Ұлыекең сияқты мықты ақындар неге келмесін? Біздің облыс жас әдебиетшілерді қашан да қолдап келеді. Жас таланттарға көмектесу керек. Талантсыздар бізсіз де бұзып-жарып алға шығып кетеді! Міне, сол таланттарды қолдаудың бір парасы бүгінгі жас әдебиетшілердің үлкен алқалы жиыны деп білеміз”, – дей келе, тарихтағы ұлы тұлғаларымызға тоқталып өтті.
Жақсылық Мұқашұлы облыста бұған дейін одақтың филиалы болмағанын, Одақ басына жаңа басшы келгесін осындай филиалдың ашылғанына қуанышты екенін, Ұлықбек Есдәулетке алғыс білдіретінін айта келе, сөз кезегін Жазушылар Одағының облыстық филиалынының директоры Ерлан Жүніске берді.
Ерлан Жүніс: “Қадірлі ел ағалары, қадірлі зиялы қауым, қадірілі жастар! Мен сөзімді ең әуелі рақмет айтудан бастағым келеді. Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы және Жақсылық Мұқашұлына, басқарма басшыларына рахмет айтқым келеді. Одақтың жаңа командасына, Одақ басшысы Ұлықбек Есдәулетке рақмет айтқым келеді. Мұндай форумдардың бір ерекшелігі жер-жерден келген ақын-жазушылар бір-бірімен аралас-құралас болып, болашақта тек, өз өңірін жырлап қана қоймай, мұқым қазақтың үмітін, арманын, өмірін жырлап, жаңа қазақ образын ашады деп ойлаймын. Сондықтан, осындай форумдардың бізге берер нәтижесі де сол, яғни, қазақты тану, елді тану, жерді тану, Отанды тану болады”.
Әдеби отырыс “Мәңгілік елдің мұраты” атты жабық байқаудың нәтижесін жариялаумен жалғасты. “Ақ қауырсын” әдеби жүлдесінің иегерлері:
Проза аталымы бойынша:
1 орын: Қанат Әбілқайыр – 300 мың теңге.
2 орын: Айдабосын Есболат, Гүлжан Амангелдіқызы – 200 мың теңгеден.
3-орын – Өмірбай Асхат, Берекет Данагүл – 120 мың теңгеден.
Поэзия бойынша:
1 орын: Сағыныш Намазшамова – 300 мың теңге.
2 орын: Ерлан Жүніс, Аршын Нұрбақыт – 200 мың теңгеден.
3 орын: Күмісбек Мұхтар, Қозыбай Құрман – 120 мың теңгеден.
Бұдан кейін Жазушылар Одағының басшысы Одаққа мүшелікке өткен қаламгерлерге куәліктерін тапсырды. Олар: Айдабосын Есболат Алматы облысы, Қанат Әбілқайыр Алматы қаласы, Бақытгүл Бабаш Атырау облысы, Әлия Дәулетбаева Атырау Облысы, Бауыржан Қарағызұлы Астана қаласы, Мұханбетқали Қалмақанбет Алматы облысы, Немеребаев Жангелді Aлматы облысы, Серік Сейітман Астана қаласы.
Содан соң әдеби форум Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша “Рух” халықаралық әдеби байқауында жеңімпаз болғандардың кітабының тұсауын кесумен жалғасты. Кітаптардың тұсауын Одақ басшысы Ұлықбек Есдәулет пен облыс әкімнің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы кесті. Олар: Айсұлу Әлмаш “Құрбы қыздар құпиясы”, Несіпбек Айтов “Дариға дәурен”, Ырысбек Дәбей “Жылқы атылған жаз”.
“Жетісу көктемі” әдебиетшілердің І форумынының соңы жас қаламгерлерге арналған мерекелік дастарқанда аяқталды. Жас қаламгерлер Облыс, Одақ басшыларына алғысын білдіре отырып, алдағы уақыттарда да осындай игі шаралар, шығармашылық байланыстар көп болады деген сеніммен, Талдықорған қаласымен қимай-қимай қоштасты.
Т. Раушанұлы