- Негізгі бет
- Әдебиет
- Жәркен Бөдеш: "Жайырдан...
Жәркен Бөдеш: "Жайырдан басқа жауым жоқ"
Қазақтың белгілі ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Жәркен Бөдешұлының қара шаңырағына сәлем бере бардық. Ақынмен бүгінгі поэзия, өлеңге келіп жатқан жастар және өзінің шығармашылығы туралы аз-кем тілдесіп қайттық.
Ғабиден Мұстафин қартайғанда түрегеп тұрып қарындашпен жазған. Бальзак жазуға отырғанда үнемі кофе ішсе, Набоков жазған шығармасын өз қалауына қарай парақтарының орнын ауыстырып отырған екен. Осы сияқты Сіз де шығармашылықпен айналысқанда белгілі бір тәсіл ұстанасыз ба?
Мен жазайын деп жазбаймын. Кейде өміріңе, тағдырыңа байланысты аяқ астынан ой келеді. Кейде көлікте отырған да не басқа бір жұмыспен айналысып жатқаның да өлең келе қалады. Мен сол кезде оны миыма тоқи беремін. Кейін үйге келіп қағазға түсіріп аламын. 10 шумаққа дейін есімде сақтай аламын, егер өлең 10 шумақтан көп болса ары қарай есімде қалмайды. Ал үйде жүргенде ана бөлмеде бір-екі шумақ, асүйде екі-үш шумақ, мына бөлмеде үш-төрт шумақ қалады. Әбден болды-ау дегенде үйдегі апаң оны жинайды. Менде өлеңді жаза салып баспаға ұсыну деген жоқ. Оны тартпаға салып қоямын да, бір жеті уақыт өткеннен кейін қарасаң кем-кетігі шыға келеді. Кейбіреуі жазылған күйінше қалады. Ешқандай өзгерту енгізуге келмейді. "Мынауың мықты екен" деп қоямын өз-өзіме. Кейбіреуінің артық айтылып, кем соғылған жерлерін түзеймін. Сөйтіп өз-өзіме редакция жасаймын. Өзіме-өзім бастықпын, сыншымын. Біреулер айтады: "Жазу деген оңай ғой. Ұйқасса болды емес пе?" деп. Есенбай Дүйсенбаев деген ағам болды. Марқұм боп кетті. Сол кісі мен туралы үлкен мақала жазды. Мақалада: "Жәркен жыраулық поэзия мен қазіргі поэзияны жалғастырушы" деді. Сөйтіп мені "Жәркен жырау" атандырып жіберді. Мұны мен мақтаныш үшін айтып отырғаным жоқ. Жолдастарымның маған деген ықыласын жеткізіп отырмын. Қайбір жылы одақта кешімді өткіздім. Осылай уақыт деген заулап өте береді екен. Бір қарасам, жетпіс төртке де келіп қалыппыз.
Уақыт мойын бұрғызуға мұрша келтірмей заулап барады дейсіз. Осы жасыңызда артыңызға бұрылып қарасаңыз, кімдерді көресіз нені көресіз?
Мені өзің секілді жақсы көретін жас ақындар көп. Солардың біразын оқимын. Оқығанда іздеп жүріп емес. Газетке басылғандарын кәдімгідей ашып отырып оқимын. Қарап отырып: "мынау мынандай жазатын, анау анандай жазатын ақын екен ғой" деп ой түйемін. Ал жекелеген кезде "сенен мықты, сенен басқа ешкім жоқ" деп бөліп-жарып айта алмаймын. Бәрі қатарлас, үзеңгі қағыстырып шауып келеді. Олар маған тұлпарлардың жарысы сияқты елестейді. Соған сүйсінемін. Поэзия сонымен дамиды. Жастардың жақсы жағы тек қана қазақ не орыс поэзиясынан ғана емес, әлем поэзиясынан да хабары бар. Және аудармадан да. Ал кейбір жас ақындардың өлеңін оқып отырып оқымағандығын көріп қоямын. Өлеңде құлашын кеңге жая алмай белгілі бір шеңберде өзімен өзі айналып қалады. Өз ойынан өзі аспай қалады. Себебі оқыған-тоқығаны жоқ.
Бір сұқбатыңызда "Менің биігім — поэзия" депсіз. Қазір балаң жырларыңызға көңіліңіз тола ма?
Кейбір өлеңдерімді кітапқа кіргізбей алып қойғанмын. Ал солардың ішінде амалсыздан кітапқа енгізген өлеңдерім болды. Өйткені олар мен ойлағандай балаң жыр емес, сол кезде құдайдың өзі аузыма салған сөздер екен.
Тәуелсіздікті мейлінше жырладыңыз. Әлі де жырлап келесіз. Соның бір себебі туған жерге деген сағыныш емес пе? Қазақта: "Отанды сүю туған жерден басталады" деген сөз бар.
Дұрыс!!! Отанды сүю кіндік қаның тамған жерден басталады. Соны сағынған кезде қазақтың ерлігі, өткен кеткенінің бәрі еске түседі. Сондықтан сағыныш бәрін алып келеді. Поэманы да, романды да алып келетін сағыныш. Сағынышы жоқ ақын қалам ұстамаса да болады. Менің тұла бойым сағыныш. Жайыртау деген жерде тудым. Адамның жасы ұлғайған сайын туған жерін қатты сағына бастайды екен. Сондай кездерде:
"Дертінен кеттім жауыр боп,
Жайырдан басқа жауым жоқ", – деп жаздым. Осылай десем оны біреулер "Жайыр жауың ба?" дейді. "Қайдағы жау, тырнақшаның ішінде айтылған сөз емес пе?" деймін. Туған жеріңді қатты сағынғанда, ол сені күндіз күлкіңнен түнде ұйқыңнан айырады екен. Сағынып түс көресің, сағынып өлең жазасың. Мені ақын еткен туған жерім. Соның ауасы, топырағы.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында қытай шекарасын кесіп өткен зиялы қауымның бірісіз. Шекарадан өтердегі бір қуаныш пен бір қорқынышыңызды айтып берсеңіз.
Қытайда мәдениет революциясы деген болды. Қалам ұстағандарды жасы болсын, кәрісі болсын қатты қысты. (Сол кездегі Қытайдың саясатын айтып отырмын). Олар не істеу керек? Не өліп, не жанын сақтау үшін қоныс аудару керек болды. Содан шамасы жеткендер жан-жаққа кете бастады. Мысалы, біз үлкен көш кезінде өтіп кеттік. Жағда бастаған, Қабдеш бастаған көш ешқайда бұрылмай Жетісуға келіп орналасты. Содан жан-жаққа таралды. Бос орынды толтырды. Баяғыда ата-бабамыз неге екі-үштен әйел ала береді екен десек, жерді кеңейту үшін баланы көбейту керек екен ғой. Әйел мен Ер арасындағы махаббат та туған жерге, Отанға байланысты болады екен. Жабақ дейтін кісі бұрын осы жақтан Шығыс Түркістанға өткен екен. Кейін бері қарай біраз ақын-жазушыларды бастап өтті. Мен жас едім, жіптіктей боп сол кісінің атына мінгесіп келдім.