Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Жәркен Бөдешұлы. "Артта – тажал, Алда – Атажұрт, шегінбе..."

Жәркен Бөдешұлы. "Артта – тажал, Алда – Атажұрт, шегінбе..."

Жәркен Бөдешұлы.

Қазақтың белгілі ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Астана-Бәйтерек-2006» әдеби байқауының жүлдегері Жәркен Бөдешұлы биыл 70 жаста. Ж. Бөдешұлының 70 жылдық мерейтойына орай, Массагет ұжымы қаламгердің соңғы жылдары жазылған жырларын назарларыңызға ұсынып отыр.

 

Жылқы кісінейді


Басып алды меңіреу, түнек көңілді – Ой,

Айналамның бәрі Қорқыт көріндей.

Жұлдыз да жоқ,

Шырақ та жоқ,

Ай да жоқ,

Алатау да бұғып қалды көрінбей.

 

Қараңғылық мұхитына баттым да,

Кісінеді мені күткен ат қырда.

Санамдағы бір тал қылын тұтаттым,

Шақпағымды жарқ еткізіп жақтым да.

Ақбоз ағып, жетіп келді жаныма,

Мен жармастым жануардың жалына.

Қу бас ат

 

Тірі болсаң Қабанбай мінген қу бас ат,

Құйрығыңнан алар ем-ау ту жасап.

Әлдеқашан кетер едік тоз-тоз боп,

Анамыздан батыр болып тумасақ.

Ақын болып тумасақ.

 

О, қу бас ат,

Қу бас ат.

Қу бас ат.

Толарсағыңмен тусырылған құмды асап.

О дүниеден кісінеші, күмбірлеп,

Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.

О, қу бас ат,

Қу бас ат.

 

Таға

Көрікті,

Күшті,

Жап-жас қазақсың.

Көш бастадың қаншама.

Әттең,

Әттең,

Атыңды тағаламапсың,

Жүрер жолың тас болса да...

Р.S.

Жел үргілеп өрген бұлт,

Қайырыла алмас бел асса.

Не ойлайды көрген жұрт,

Атың ақсап келе жатса...

 

Ұйқым келмейді

 

Мынау бір терең көл дейді,

Мынау бір терең көл дейді.

«Түбіне дейін бойласаң,

Шортандай шоршып ойнасаң –

Кеудеңді шабыт кернейді,

Маржанын соның тергей-ді».

Естігелі бұл гәпті,

Түнімен ұйқым келмейді.

 

***

Капитализм:

Металдың – сыңғыры.

Ақшаның – сылдыры.

Бұғаудың – шынжыры.

Қашағанның – шылбыры.

Мешкейдің – ындыны.

Несие

 

Бұйырса,

Бұл да несібең.

Ақша бәрін шешеді.

(Солай демей не дейік)

Банкіден алған несиең,

Балаңнан бұрын өседі,

Балаңнан бұрын көбейіп.

 

Аламан сауда жан-жағың.

Күнелтесің құм санап.

Несиеңнің қалғанын –

Немерең берсе

Бұл сауап.

 

Қарыздың тартып азабын,

Жүрегің сыздап аһ ұрса.

Бақыт деп біл ажалың,

Соттан бұрын шақырса...

 

Қарызсыз кірсең көріңе,

Жанарыңды ыстық жас шайып.

Пейіштің байтақ төріне,

Отырдым дей бер қасқайып.

 

***

Алматының көктемі кешеуледі,

Наурыздың қар боратты көсем желі.

Тал,

Қайың,

Алма,

Шие,

Шетен,

Мойыл –

Ереуілге шыққандай көше өрледі.

Емеурінін білдіріп иекпенен,

Басу айтты –

Сабырлы, сүйекті Емен...

 

***

Санам сары аяздай,

Миым қырау.

Жүрегім мұзға айналған,

Күйім мынау.

Ықыластың күйіндей күңіреніп,

Қолқасына қобыздың құйылдым-ау.

Мұндайда ошақты үйге тоқтау бақыт,

Алсайшы отқа аунатып,

Шоққа аунатып.

 

***

Тас көшеге желінген,

Екі өкшемде күтім жоқ.

Ұлтан, шеге, желіммен,

Берді етікші бүтіндеп.

Етігім қандай талайлы,

Көңілімді кім жамайды?

Түсінісу

 

Екі жылқы өзді-өзін,

Кісінесіп, қасынысып түсінді.

Екі пенде көздерін –

Шұқып, ұрып ісірді.

 

Сұрқы жаман заманның,

Көш секілді қаралы.

Ар-намысы адамның,

Ішімді өртеп барады.

 

***

Боз жусан,

Боз бетеге,

Боздақ қыр.

Боздақтарға бай елмін.

Ботасын ерткен боз інген,

Айналайын, көзіңнен –

Екі қабат әйелдің қасына келіп боздап тұр.

Құрсақта жатқан ұлан – ұл,

Тосып жатты құлағын...

 Тоғыз ай тоғыз күн

 

Тоғыз қабат тұрғын үй бой көтерді түстіктен,

(Тоғыз айлық іс біткен).

Жеті балдық күшпенен сілкіп көріп сынады,

Уа, алақай, алақай,

Төтеп берді,

шыдады.

Сыннан өту болды оңай,

Тек зілзала болмағай.

 

Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде,

Толғақ толып кемелге –

Кіндік жібін саумалап

Періштелер қаумалап

Шыр-шыр етіп, шыр етіп,

Түсті, түсті, сәби түсті – еденге...

Құдай жолын оңдағай,

Тек тоғыз балл болмағай.

 

***

Жер көгерді.

Мен қашан көгеремін,

Көгермей ішімде өлді көп өлеңім.

Қарақұмның семіртіп сексеуілін,

Қара нөсер жаудырсам деген едім.

Сыңсыған нуға айналып төңірегім,

Гүлдерді тозаңдатса көбелегім,

Араларым мұртына бал жалатып,

Масаларым мертіксе қанға батып.

Ойлағаным болса осы не дер едім,

Ауырмай, сырқамай-ақ өлер едім.

 

Өліп, тірілу

 

Тағдырдың қуғынға сап өкпек желі,

Жоғалып кетсем керек көптен бері.

Ауылға біреу келіп үш жылдан соң,

Шекарада атылып кеткен деді...

 

Рас-ау, қарыс жерде қаза бар-ды,

Өксітті суық хабар жан анамды.

Туып-өскен ауылым күңіреніп,

Дұға оқып, шығарыпты жаназамды.

 

Р.S.

Бұл күнде секілдімін бір тірі елес,

Енді менің өлуім мүмкін емес.

 

***

Күн жылынды.

Тоң жібіді.

Жер көгерді.

Былтырғы қайтқан құстар елге келді.

Қарлығаштар тізілді сым бойына.

Терең әжімдеріме тер бөгелді.

 

Тоғысу

 

Айдай анық.

Күндей қанық –

Әр ісі.

Ой мен сөздің сіз – шыңырау Әбіші.

Найзағайдың шоғы түссе өртенер,

Мен – Жайырдың жолбарыс жатқан қамысы.

Шыңыраудан қауға салып су алдым,

Шөліркеген қамысымды суардым.

Жолбарыс жырым жосып шығып қопадан,

Ұзақ-ұзақ жортатұғын туар күн.

 

Еншілес екі өлең

 

1. Намыс

 

Жалған-ай...

Жалғызсырау қандай жаман,

Тарпаңның тамырында қан қайнаған.

Адасқан үйірінен құла бие,

Қосылды құландарға қақ жайлаған...

 

Көгертіп көктем келді мият құмды,

Жануар оқыс ойнап ұят қылды...

Тағының бетке басқан таңбасындай,

Құйрығы жоқ –

Жалы жоқ –

Тұяқ туды...

 

Қиналып терледі көл-көсір боп,

Көз жасы құлазыған шөлге сіңбек.

Жасырды жалыменен құлыншағын,

Төркінім – жылқы атаулы көрмесін деп.

 

2. Мінез

 

Жылқы текті жануар ғой –

Құс қорек,

Оған біткен күмбір әуен,

Түс те ерек.

Оған біткен мінез бөлек,

Күш бөлек.

Сары жонда бөлініп қалған саяғын –

Үш-ақ күнде жатырқайды тістелеп...

 

Бұл заманның қабағынан қаймығып,

Сол мінезден қалса керек айырылып.

Әлдеқайдан қаңғып келген есекті,

Үйіріне қосып алды сәйгүлік.

 

Қыр астында қырағылық көз ілсе,

Ойран салар опасыз жау сезінсе...

Күмбір-күмбір кісінеудің орнына,

Шата қодық аңырайды өзінше...

Құс қиялы

 

Шынжырлаусыз

Томағасыз –

Құспын мен.

Құс болған соң:

Ұштым

Ұштым

Ұштым мен.

Көлбеңдеген көлеңкемді қайық қып,

Жүзіп өттім, дариялар, үстіңнен.

 

Ұшып өттім таулар, сенің төбеңнен,

Ұшып өттім жер бетімен көнерген.

Көне алмаймын отыруға омалып,

Басқа азаптың бәріне де көнем мен.

Қанатымды сыпыртқы етіп жер жүзін,

Тазалаймын лас, қоңыс,

Сең, мұзын.

Сілкіп, желпіп адамзаттың санасын,

Айдап шығам ішіндегі жел-құзын.

 

Көресімді ұшып жүріп көремін,

Ажал жетсе ұшып жүріп өлемін.

Көнбеймін-ау, жалынсаң да көнбеймін,

Тек шындықтың үкіміне көнемін.

 

Ай,

Жұлдыз,

Бұлт

Бермегесін жемісін,

Жерге қондым жем үшін.

Ей, адамдар, табалама сол үшін,

Ей, адамдар, табалама сол үшін.

 

Соңғы батыр

 

Қазақта – соңғы батыр Кенесары,

Атанды қоңыр болмай, неге сары?

Көз еті тым сарғайып кетеді екен,

Жауының көрінбесе төбе, шаңы...

 

Жалына алмас қылыш жанығанда,

Сілкініпті ол мінген жануар да.

Еркіндік,

Бостандық деп тастапты ұран,

Бойында Алты Алаштың қаны барға...

 

Қазақтың суалғанда құт тұмасы,

Жанарына шер болып бұқты жасы...

Тауында Кекіліктің кесілді де,

Алтынға бағаланды түкті басы...

 

Қонды да шыққан жаны сары құсқа,

Таң қалды ел, қара бұлтты жарып ұшса...

Тізесі бүгілмеген майданда қап,

Рухы кетті айналып сағынышқа.

 

Тозақтан-жұмаққа

(поэма)

 

Ақбоз аттай атқан таң

 

1969 жылдың ерте көктемі. Қазақ Алатауын бетке алып, Ол қашып келеді... Артында мұздай қаруланған қуғыншы шеріктер... Алдында – бейтаныс Атамекен. Астында – арындаған ақбоз ат. Қасында – күшігінен асыраған көк төбет. Қараңғы түнде ақ алмастай қақ жарып, ақбозды сипай қамшылап, маңдайынан суық тері тамшылап, Ол қашып келеді...

 

... Жарқыратып мынау түнек жан-жақты,

Ақбоз аттай алабұртып таң да атты.

Шыққан күннің шұғыласына шағылып,

Заңғар таудың қойнауында қар жатты.

 

«Тұрмын, міне, шекараның шегінде,

Артта – тажал,

Алда – Атажұрт, шегінбе...

Ақбоз аттың үстінде бір шіреніп,

Болады енді шылымыңды шегуге...

 

Қош, туған жер, арылмаған түнектен,

Шеңгел шықты, топырағыңа гүл ексем.

Қош, ауылдың таңғы ақбоз түтіні,

Сенің иісің арылмайды жүректен».

 

Тар жол тайғақ,

Қилы заман,

Қилы күн.

Жол үстінде жан жолдасын қиды кім?!

Екі көзден бірдей ағып сорасы,

Ит қыңсылап, бұлаңдатты құйрығын...

 

«Қош бол, сен де

Кәрі жолдас – төбетім,

Сөгілгендей болды менің көк етім.

Бұдан әрі менің Атамекенім,

Оған сенің түрің жоқ қой көнетін...»

 

Қаһарлы тау.

Қалың орман.

Жол жырақ...

Ақбоз аты қалды қарға омбылап.

Қашқын қазақ бара жатыр жаяулап,

Жанарынан жылап ағып сор-бұлақ...

 

« – Бұл далада сенен жақын кісі жоқ,

Жанып барам көкірегіме түсіп от.

Мені тастап қайда зытып барасың,

Бұрылмайсың шақырсам да кісінеп».

 

« – Пендемін ғой, күшім әлсіз, айлам көп,

Арпалыстым жапан дала майдан боп.

Шырқыраған дауысыңды естідім,

Бұрылсам да саған менің пайдам жоқ...»

 

Ол үнсіз маңып барады...

«Қуғыншы артта қалды. Ендігі жерде ажалың жаудан емес, таудан болады... Қарлы бораны ақ түнекке айналып бораса, мені ақ кебінге мың мәрте орап, айдалаға қалдырар... Азық таусылды... Тым ұзап кетпей тұрғанда, артыма қайта бұрылып: "Менде азық жоқ, сенде жазық жоқ" деп ақбозымды сойып, арқалап алсам ба екен.

 

***

Дауыл тұрды, кетті айнала тасқын боп.

Паналады ол дәу шыршаның астын кеп.

Ол ұйқыға батқан кезде қалжырап,

Ақбоз атты қойған еді қасқыр жеп.

 

Ақылды аю

 

Асар тауын, қонар жерін жобалап,

Алуға оның мұршасы жоқ. Обал-ақ.

Арты – ақ боран,

Алды – Атажұрт аңсатқан,

Ақ кірпідей келе жатыр домалап.

 

Домалап кеп кіріп кетті көрге бір,

Ол аюдың апаны екен, өлмегір...

Қолаңсасы қапқан кезде қолқасын,

Құлай кетті жылы ұядай төрге бұл.

 

Таң алдында буырқанған боран басылып, маңқиған маң далаға меңіреу тыныштық орнады. Әлдеқайдан балпаң басып ақ аю келеді... Тым селқос, әлде жаралы, әлде ұйқысы қанбаған жануар апанның алдына келіп, құйрығын қарға басып, жайғасып отырып, демін алды, мұрнын шүйірді... "Бұл адам баласының иісі ғой, бейшара, қайдан қаңғып келе жатыр екен! Қайда бармақ ойы бар?! Менің алты қанат ақ ордама қалай ғана тап болды екен!..". Ақ бөрік киіп, жылы ішік жамылған ақсақалды, сары тісті, ақылды атадай ақ аю ойланып отыр...

"...Атасының төріндей көсіліп жатыр өзі. Рұқсатсыз босағамды аттаған көргенсіз неме. Жей салсам ба екен бір кесек шикі етті. Жо-о-оқ, жеуге болмайды. Осы жасқа келгенше адам жеп көрген жоқпын. Жолыма қақпан құрып жүргенін көргенім болмаса... Пенденің, әсіресе аңшының қулығына құрық бойламайды, қақпанның қара топырақпен жасырып, көзіңді алдайды... иісінен сезбесең, мерт болғаның... Мына пендені қайтсем екен?... Кешегі қарлы бораннан жан сауғалап, паналап келген болар. Панасыздарды аялаған жөн шығар... Ұйқысы қанып, есін жиған соң, өзі де кетер... Мені көрсе, жүрегі жарылып өліп қалар, байғұс. Анау қолатқа барып өзім де бір мызғып алайын... Мүмкін ол мені түсінде көретін шығар..." Қашқын шынында түс көріп жатыр. Түсінде шынында аюмен бетпе-бет сөйлеседі.

 

Тұла-бойы ыстық терге боялып,

«Құтты қонақ» кетті солай оянып.

Оянды да, жалғастырды сапарын,

Жол үстінде ойдан кейін ой ағып...

 

«Атажұртқа аман-есен барғасын,

Ғұмырымның өткізермін жалғасын.

Арқыраған арғымағын мінбей-ақ,

Арманым жоқ сүйреп өтсем арбасын».

 

Көгілдір көлшік

 

Ол қашып келеді...

Артында – қуғыншы...

Алдында – бейтаныс Атамекен...

Үш күн бойы нәр татқан жоқ. Тілі аузына сыймай шөлдеп келеді. Қарбытып асаған қасат қар тамағын қарып, ішегін ұлардай шулатты. Бейбақ бір қырды асқанда алдынан мөлдір көлшік кездесті. Түбінде қайшыласқан балық. Аш адам сол балыққа телміріп отыр. Балықты ұстаудың бір амалын қалай да табу керек. Аш адам көл түбіне телміріп отыр. Жайдан-жай отырған жоқ, опына ойланып отыр... Неше айлар бойы қайшы, ұстара көрмеген қайратты қара шашы өлшеусіз ұзарып өсіп кеткен... Алақай! Амалын тапты... Шашын талдап-талдап жұлды да, қыл тұзақ жасап, сырық ағаштың басына мықтап іліп, суға батырды...

 

«Ей, ақ балық, көк балық,

Үйір-үйір көп балық.

Қанды басың бері тарт,

Қармағымды қап, барып».

 

Бауыры ақ алмастай жарқыл қағып,

Ілінді қыл тұзаққа алтын балық.

Тірідей жұта салып несібесін,

Отырды болар істің артын бағып.

 

Теледидардың көгілдір экранындай тұп-тұнық көлдің түбінен ол өзінің бұлдыраған әлсіз бейнесін көріп, жымиғандай болады. Сәлден соң тірідей жұтқан балық аш өзегіне түсіп, ол қалғып-шұлғып әрі-сәрі күй кешті.

 

Жазмыштың кесапатын көрші, міне,

Құлады басы айналып көл түбіне.

Үйір-үйір балықтар үйіріліп кеп,

Таласып жатты оның жемтігіне.

 

Қайым ағаның қазасын естігенде

 

Мәңгілік сапарына бұрып бетті –

Дегенде Қайым ағаң жүріп кетті.

Қабынып жан-жүрегім қара бұлттай,

Жанардан сел-жаңбырын үріп төкті.

 

Қарадым жалтақ-жалтақ жан-жағыма,

Өкіндім қапы айрылып қалғаныма.

Неліктен сыймай кеттің маңдайыма,

Бұл жалған Ұлылыққа тар ма мына?!

 

Пір тұтқан ерлігіңді ел боп сенің,

Ұрпағы ең Батыр Баян, Еркөкшенің.

 

Ажалды айбатыңмен қаймықтырып,

Алашқа қайта айналып келмек пе едің?..

Жатсынбас алысты да, жақынды да,

Жан аға, парасатты, ақылды да.

Неліктен тым асығыс атқа қондың,

Қасына Ұлы Мұхаң шақырды ма?

 

Қасына дос, бауырың шақырғасын,

Бармасаң өзіңіздей батырға сын.

Айта бар бізден сәлем Ұлылыққа,

Бақилық енді соның қасындасың.

 

Жалығып жүрісінен жабылардың,

Сарғайып мен өзіңді сағынармын.

Аспаннан ақ жұлдыздай ағып түсіп,

Қасыңнан шақырғанда табылармын. 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: vk.com, baq.kz, massaget.kz

Дайындаған: Meyirzhan Auelkhan
Қосылған күні: 11 сәуір 2014, 14:14

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.