Француз жазушысы Дэвид Диоп "Жан бауырым" (Frère d’âme) романы үшін ағылшын әдебиетіндегі Халықаралық Букер сыйлығын (The 2021 Booker International Prize) жеңіп алды. Бұл туралы сәрсенбіде Ковентри соборында өткен салтанатты рәсімде сыйлықтың қазылар алқасының төрағасы, британдық жазушы Люси Хьюз-Халлетт хабарлады.
Ақын және жазушы Анна Московакис француз тілінен ағылшын тіліне аударған кітапта Дэвид Диоп Бірінші дүниежүзілік соғыс және отаршылдық кезеңдері туралы баяндайды. Кітаптың басты кейіпкері Францияның бұрынғы африкалық колонияларынан келген көптеген иммигранттар сияқты француздар қатарында ұрыс жүргізетін сенегалдық сарбаз.
Букер сыйлығын алған азиялық қаламгерлер
Диоптың өзі Парижде туған, бірақ балалық шағының біраз бөлігін Сенегалда өткізіп барып, Францияға қайта оралған. "Жан бауырым" 55 жастағы жазушының шығармашылық саласындағы екінші кітабы. Ол 2018 жылы жарыққа шыққан бойда француздың «Гонкур» сыйлығына ұсынылды. Сыйлықтың дәстүрі бойынша оған екі мыңға жуық жоғары сынып оқушылары дауыс берді. Бірақ қазылар алқасы бұл сыйлыққа Николь Матьенің "Олардан кейінгі балалар" (Leurs enfants apres eux) деген романына лайық көрген.
"Бұл – соғыс, махаббат және ессіздік туралы керемет әсер ететін күші бар тарих. Басты кейіпкерге сиқырмен айналысты деген айып таңылады, ондағы әңгіме оқырманға қатты әсер етеді", – дейді қазылар алқасының басшысы Диоптың романы туралы.
Айта кетейік, 1969 жылы негізі қаланған және бұрынғы Британ Достастығы елдерінің жазушыларына жыл сайын берілетін Букер сыйлығынан айырмашылығы, Халықаралық Букер сыйлығы 2004 жылы құрылып, 2016 жылға дейін екі жылда бір рет тағайындалып келген. Ол енді жыл сайын әдебиеттегі жетістіктері үшін қаламгерлерге беріледі.
Ағылшын тіліне аударылған және Ұлыбританияда немесе Ирландияда басылған кез келген кітаптың авторы жеңімпаз бола алады. Сыйлыққа қоса 50 000 фунт стерлингті (70 800 доллар) беріледі Оны автор мен аудармашы тең бөліп алады.
"Жан бауырым" романы британдық тәуелсіз баспагер Pushkin Press-те басылған.