ҚР Мемлекеттік және платиналы "Тарлан" сыйлықтарының лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабековтің 80 жасқа толған мерейтойына орай 2022 жылдың 13-17 қазан айында Алматыда өтетін, ІІ халықаралық "ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ" атты театр фестивалі басталды. Аталмыш шарада Аустралия, Түркия, Грузия сынды мемлекеттен келген театрлар автордың шығармасын қояды. Сонымен бірге, еліміздің үш театры жазушының меройтойына байланысты пьесаларын сахналайды. Массагет порталының тілшісі аталмыш кеште Дулат Исабековпен тілдесті.
Дулат Исабеков: "ХХІ ғасырдағы әдебиеттің міндеті — адамзатты тәрбиелеу емес, ойландыру"
"Бөртені" сахналайтын аустралиялық театр ұжымы
– Бүгінгі мерейтойыңызға орай өтіп жатқан шара туралы айта кетсеңіз?
Бұл фестивальға алыс-жақын шетелдерден үш театр: Эрзурум театры (Түркия Республикасы) "Өкпек жолаушы", И. Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театры (Грузия) "Актриса" спектаклімен және Мельбурн театры (Аустралия) "Бөрте", Қазақстаннан үш театр: М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры "Жүз жылдық махаббат", Мемлекеттік Құдыс Құжамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры "Мұрагерлер" және Түркістан музыкалық драма театры "Бөрте" спектакльдерімен қатысып, бақтарын сынамақ. Сонымен өткізіп жатырмыз. Сонау Аустралия театрына ерекше көңіл бөліп отырымыз. Басқа құрлық, алыс елде қазақ қызының бейнесі театрда қойылып жатса бәрімізге мақтаныш. Телефонмен сөйлескенде де айтты, олар "Бөртеге" қатты ықылас аударып отыр. Еуропада да спектакльдердің бас кейіпкерінің көбісі ер адамдар болып кетті. Әйел бейнесі азайып кеткен. Оның үстіне Шыңғысханды білеміз, Бөртені білмейміз. Олар қойылымды түгел алып келе алмады. Себебі, актриса коронавируспен ауырып қалыпты. Билеттерін алып, дайындалып қойған екен. Келгені жақсы-ақ еді. Негізгі премьера желтоқсанда Мельбурнда өтеді. Содан кейін, Вашингтонда премьера болады. Содан соң олар қойылымның атын өзгертіп "Бөрте: Әлемнің ханшасы" деп қойып жатыр. Маған ол ұнады. Қазақ қызын әлемнің ханшасы деп жатса мен ғана емес, барлық қазақ қуанатын шығар деп ойлаймын.
Дулат Исабеков: "Романтика өлгеннен кейін, әдебиет те шала-жансар бола бастайды"
Мемлекеттік Құдыс Құжамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры "Мұрагерлерді" қазақ тілінде сахналайды
Өткенде бас кейіпкерді сомдайтын актрисамен де сөйлестім. Ол "менің аңсаған рөлім осы еді. Жанымды салып ойнаймын" деп жатыр. Аустралия үшін Бөрте сенсация. Күшті образ, мінез бар, өжеттілік бар. Шыңғысханға "сен" деп сөйлеген жалғыз адам сол шығар. Оны "ұлы қаған" деп ешуақытта айтпай, "ей, Тимучин" деп өткен әйел. Міне, соның бәрін көрсетем деп отыр. Бұларға мен де талап қойып, "оны қай жағынан көрсетесіңдер" дедім. Музыканттарынан "қай елдің музыкасын аласыңдар" деп сұрадым. "Классика" дейді. "Классика басқа, қазақтың музыкасы басқа" деп айттым. Сондықтан Бөртенің ұзатылатын жеріне қосыңдар деп "Балапан қазды" жібердім. Және "оны кім деп қояйын деп жатырсыңдар. "Еуропа әйелі деп қоймаңдар. Жанна д’Арктың, Мария Стюарт маған керегі жоқ. Қазақ қызы керек. Оны қазақ қызы екенін көрсетуің керек. Шыңғысхан әйелі екенін білдіру қажет. Бұл Путин, Макрон немесе Борис Джонсон емес, бұл – Шыңғысхан. Ол қит етсе басыңды алады. Соның бәрін жеңіп, төзген Бөртеден қаған кешірім сұраған. "Сен менің ақ періштем екенсің ғой" деген.
Солай дегізу үшін Бөртенің қаншалықты еңбегі керек. Ақырында Шыңғысхан оның басынан сипайды. Бүкіл әлемді қылышымен жаулаған қаған әйелдің ақылынан жеңіледі. Өйткен барлық ұлы адамдардың қасында ақылды әйел жүреді. Міне, Шыңғысханның қасында Бөрте болды. Жалпы, оның 500 әйелі болды ғой. Бірақ тарихта Бөрте қалды" дегенді жеткіздім.
Осылардың бәрін режиссер көрсетемін деп отыр.
Енді мына грузин театрына келер болсақ, олар "Актрисаны" алып келген. "Актриса" қазаққа ғана тән шығар деп ойлаушы едім. Біздегі проблемалар грузиндерге де ортақ болып шықты. Таланттары шетке кетіп жатыр. Жалпы, біз таланттарды бағаламаймыз. Бірі Испанияға, бірі Италияға кетеді. Оларға талант керек те бізге керек емес пе?! Дәл осындай проблема оларда да бар екен. Маған ұнағаны кейбір өзекті сөздерді грузин актрисасы қазақша айтуға, жаттауға тырысыпты.
Ұйғыр театры болса "Мұрагерлерді" қазақ тілінде қойып жатыр. Міне, осындай ерекшеліктер болғасын осы театрларды таңдадық. Қалғанын өздерің көрерсіңдер.
– Бәрі де 80 жылдыққа байланысты өтіп жатыр ғой, сол туралы айтып өтсеңіз?
Ол туралы не айтуға болады? Ары қарай Алла өмір берсе тағы да жазамыз. Юрий Олеша дейтін орыстың еврей жазушы "Ни дня без строчки" дейтіні бар ғой. Сол айтпақшы жазбасақ тұра алмаймыз. Сонымен өмір өтеді. Адам жасы ұлғайған сайын жазатын дүниесі көбейе түседі екен. Оны есептеп қарасам тағы бір 30-40 жыл керек сияқты. Бәрі де үлкен тақырыптар. Бөртеден де үлкен тақырыптар бар. Құдай, жаратылыс, адам дейтін әлемдік тақырыптар. О дүние, бұ дүние, Ол кім? Бар ма, жоқ па? Тозақ, пейіш дегендерді адамзат ойдан шығарды ма әлде шынымен бар ма? Мұның өзі жұмбақ. Гете айтқан екен: "адам қырыққа шейін өзінің басынан кешкендерін жазады. Қырықтан кейін үлкен ойлы шығармалар жазады. Жетпістен кейін артқа қарайды дағы тарихи шығармаларға көбірек көңіл бөледі". Сол айтпақшы тарихи шығармалар бізге не үшін керек? Бүгінгі өмірді айту үшін керек. Тек тарихты айтып қоятын болсақ ешкімге қызық емес. Мен "Бөрте" арқылы бүгінгі проблемаларды да айттым. Міне осылар қалай шықты. Бүгінгі қойылымнан көресіздер. Түркістан театры ерекше қойды деп ойлаймын. Қанша дегенмен Аустралия театры үлкен театр шығар. Бірақ "Бөртеге" жете алмай ма деп үміттенемін. "Бөртедей" спектакльді қою оларға қиын. Өйткені&нбсп; ағылшын тілінде қанша пьесам қойылып жатты. Иманғали әкім боп тұрған кезде бір пьесам үш тілде қойылды. "Өкпек жолаушыны" Қызылорда театры, орыстың эксперементтік театры, Лондон театры. Үшеуімен салыстырғанда бәрібір Қызылорда театры биік тұрды. Қанша дегенмен ұлттың театры. Ағылшындардың мықтылығы сол, Қызылорда театры бізден асып кетті деп оларды Лондонға арнайы шақыртып, спектакльдерін қойдырды.
Ұлттық деген не, адамзаттық деген не? Осының ара жігін ажырата аламыз ба? Кейде ұлттың жырлаймыз деп адамзатты, адамзатты дәріптейміз деп қатты кетіп қалып жатамыз. Өзімді мықтымын деп тұрған жоқпын. Бірақ, менің пьесаларымдағы проблемалар ағылшындарда да, грузиндерде де немесе түріктерде де бар болып тұр ғой.
– Бүгінгі шара өзіңіз үшін қаншалықты маңызды?
80 жасқа келгенде елге берген есебім. Жай сахнадан қол шапалақтап отырғаннан гөрі осыны жөн көрдім. Мақтасаңдар мақтаңдар, даттасаңдар да өз еріктерің. Көрермен өзі көрер. Әлем жазып жатыр. Түріктер түгелімен бір журнал арнап жатыр екен. Кітаптарым шығап жатыр. Лондоннан екі кітап келді. Бірі – "Қарғын" романы, екіншісі – "Бонапарттың үйленуі". Ағылшындар комедияны жақсы көреді ғой. Қазірдің өзінде күліп отыр. "Қазақтың ішінде болған оқиға ма?" деп сұрап қояды. Шығарманың аяғы: "Қазақ боп өмір сүру өте қызық" деп аяқталады.
"Исабеков әлеміне" арнайы келген шетелдік қонақтармен автор естелік суретке түсті
– Соңғы уақытта прозалық шығармаларыңыз шықпай кеткен еді, жақында "Дулат Исабековтың анекдоттар" кітабыңыз басылды, сол туралы айтып кетсеңіз.
Қашанғы ойлана береміз дедімдағы, бір күлейік деп Әбдіжәміл Нұрпейісовтан бастап бәрін күлкіге айналдырдым. Жұрттар оны талап алып жатыр.
– Оның қанша пайызы шындық?
– 100 пайыз рас әңгіме. Бәрі шындық. Жұрттар айтады: "анекдот қылыпсың" деп. Мен оларға "Дүкенбайдікі де, Мұхтардікі де, Нұрпейсісовтікі де шындық. Мен сол шындықты сәл өңдедім" деймін. Нұрпейісовппен ұрсып қалып, бір жыл сөйлесе алмай жүргенде ағам қайтыс болып, соған көңіл айтуға келген. Көңіл айтуға келіп отырып: "Сенімен енді сөйлеспеймін бе деп қабырғам қайысып жүргенде ағаңның қайтыс болғаны жақсы болды" дейді. Ал бұған күлесің ба, жылайсың ба? Осындай шындық қой. Соны бір қағазға түсіріп қояйын деп шештім.
– Әңгімеңізге рахмет!