Дулат Исабеков: "Романтика өлгеннен кейін, әдебиет те шала-жансар бола бастайды"

Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург Дулат Исабековпен болған сұқбатымызды "ХХІ ғасырдағы әдебиеттің міндеті — адамзатты тәрбиелеу емес, ойландыру" деген атпен жариялаған едік. Енді соның жалғасын назарларыңызға ұсынамыз. 

Сіз бір кездесуіңізде "Бүгін кімді кейіпкер етіп алуды білмейсің. Бүгінгінің кейіпкері жоқ" деп едіңіз. Өткенде бір жазушыдан "Бүгінгінің кейіпкері – уақыт" деген жауап алдым. Мысалы, "Қайнаған көшенің елеусіз бір бұрышындағы қоңыр дәмханада мәңгілік пен шексіздік шәй ішіп отырғанда, аяқ астынан уақыт кіріп келіп..." деп шығарма жаза аламыз ба? Меніңше, бүгінгінің кейіпкері абстрактілі кейіпкер емес, реалды кейіпкер болу керек сияқты. Ол кім болуы мүмкін? Ол күндіз ақылы бөлімде оқып, түнде даяшы боп жұмыс істейтін студент, ауылдан қалаға келіп, нәпақасын табу үшін арба айдаған жігіт немесе бір басында бес несиесі бар журналист... т.б. 

Әр жазушының өз бағыты, стилі болады емес пе? Ал уақыт деген...бұл... "понятие слишком абстрактное"... әр жазушы шығармасында уақыттың тынысын береді. Бізде типтік образға жауап беретін тұлғалар азайды. Олардың көбісі бүгінгі тіршіліктің ағымымен кетіп жатқан адамдар. Ал бұрын басқашалау болды ғой. Бұрын адамдарда "Идеал" болды! "Ро-ман-тика" болды! Орыстың ұлы суретшісі Крамскойдың жазатыны бар: "Романтика умирала, вместе с ней умирал великий художник Кипренский" деп. Сол сияқты романтика өлгеннен кейін, әдебиет те шала-жансар бола бастайды. Кез келген ұлы шығарманы алатын болсаң, автор романтик болмаса да, шығармасында романтикалық сарын тұрады. Анна Каренинаның өзі романтикалық ойдың нәтижесінде ғашық болған жоқ па? Вронскийдің басқа әйелмен де жүре беретінін көріп, сол романтикалық ойының тас-талқаны шыққан жоқ па?! Міне. Романтика өлді. Ары қарай адамның өмір сүруге ниеті де, идеалы да қалмайтын сияқты. Идеал деген баяғы біз айтқандай қоғамдық, коммунистік немесе капиталистік идеал емес, жеке адам бір мақсатты көздеп ұмтылғаны сияқты қоғамның да өз идеалы болуы керек. Ал қазір идеалсыз қоғам құрылып жатыр. Идеалсыз...

Анау Булат Окуджава өлерден бір жеті бұрын "Известия"-ға мақала жазған. Тақырыбы: "Оказывается, это  — не мое время" деген. Кеше ғана Кеңес үкіметін сынап жүрген Окуджава енді қараса идеалдарының бәрінің тас-талқаны шыққан. Кеңес үкіметі тарады да кетті. Бүгінге кеп ол: "Енді түсінгенім жазушыға ауыздық керек екен" дейді (күлді). Көрдіңіз бе? Тұлпарда ауыздық болса, тықыршып тұрады. Бәйге дүбірін естіген кезде: "Шіркін-ай, мына ноқтамды немесе ауыздығымды алып тастаса армансыз шабар едім" дейді. Ал бүгінге кеп ауыздығын, ноқтасын алып тастап еді, адам шаппай қалды. Ал мұның бәріне не себеп? Адам не жазушы өзінің ішкі цензурасы мен қоғамдық цензураның қабысқан жерінде бір жол тапқысы келеді. Жол тапқысы келеді де шындықты сол арқылы айтады. Ал бұрын кітап неге көп оқылды? Өйткені, ол кезде басқа дәуір емес тек коммунистік кезеңнің өзінде оқырман бүкіл шындықты, қоғам шындығын, коммунистік шындықты тек көркем әдебиеттен тапты. Керек болса, жағымсыз кейіпкерлер арқылы да. Сондықтан соңғы советтік әдебиет дәуірінде жағымсыз кейіпкерді зерттеу күшейіп кетті. Себебі, автор соның аузымен шындықты айтып отыр. Кейін "Жағымды-жағымсыз кейіпкер дегендерді тоқтат" дегеннен кейін, тоқтаттық (күлді). 

Енді өзің ойла, пьеса жазып жатырмын, әңгіме де жазуыма болады. Бүгінгі өмір туралы жазатын болсам, ол (кейіпкер) не үшін күресіп жүр? Тек қана біреудің жасаған залалын, зұлымдығын ғана жеңу үшін бе? Оның арғы жағында қоғамдық формацияның ықпалы болмаса, ол құр әншейін дәрілеп, қорғасынсыз атылған оқ сияқты болады. Мылтық атылып жатыр, бірақ оның ішінде адам жүрегін жаралайтын "гильза" жоқ, қорғасын жоқ! Міне осы жағдайлардан кейін бұрынғы совет, қазіргі орыс әдебиетінің өзінде жазылып жатқан шығармалардың бәрі арзандап кетті. Ал оның орнына Акуниндер, Донцовалар бірінші орынға шықты. Олар әдебиет емес қой... балалар әдебиеті дейді... "Гарри Поттерлер" балалар әдебиеті емес қой. Ал таза әдебиетті жұрттар оқымайтын болды. Себебі, адамдар ойланғанды ұнатпайтын болды. "Искусство медленного чтения" біржолата құрыды. Түсінбеген нәрсесін қайта-қайта оқитын, ізденетін адамдар аз қалды. Осы Чеховтың шығармаларын Немирович-Данченколар қайта-қайта оқып жүріп түсініп, оны Станиславскийге түсіндіріп айтты ғой. Станиславский Чеховты ұнатпаған. Сосын оған әрбір сөзін, оның астарында не жатқанын, қоғамның ащы уыты жатқанын түсіндірді. "Алексей Семенович "Тригорин" (Чеховтың кейіпкері) бекерге "Реформа керек!" деп айтып тұрған жоқ. Чехов мұны көрегендікпен жазып отыр. Бізге де реформа керек. "Біз батыстың, Еуропаның театрын көшіріп алып жатырмыз. Бұдан қол үзетін кез келген жоқ па?" деді. Осындай режиссері бар театр ұлы драматургтар тудырады. Ондай адамдар қазір қалмады. Ол заман өтіп кетті. Мен кейде сол дәуірде тумағаныма өкінемін... 

Осының бәрі біздің заманымызда типтік бейнені жоқтығы. Әр жазушы әртүрлі айтып жатқан шығар. Мен олардікі дұрыс емес деп айтпаймын. Мен қазір кімді үлгі етіп типтік бейне жасаймын. Банкирді ме? Бүгін жабылып жатса, ертең ашылып жатады. Бүрсігүні сотталып жатады. Саясаткерді ме?

Мына тәуелсіздіктің бір жағы, енді аяққа тұрып жатқан еліңді, тәуелсіздігіңді сынап шығарма жазуға қимайсың. Қазіргі өміріне және болашағына көлеңке түсіргің де келмейді. Бұл туралы мақала жазуға болады. Ал көркем шығармада ол басқаша әсер қалдыруы мүмкін. Екінші ноқта, адамның ішкі цензурасы деген осы. Содан кейін де оған бара бергің келмейді. Бірақ білмеймін, есебін тауып баратындар бар шығар. Брехт айтатындай, шындықты жазу үшін бес қулықты сақтай аламыз ба? Тайталастан ой туады, ойдан шығарма туады. Жаңа айттым ғой, ойлы шығарма жазу бір басқа да, ойлантатын шығарма жазу бір басқа. Қазір ойлы шығарма жаза алуымыз мүмкін. Бірақ адамды, адамзатты ойландыруға мәжбүр ететін шығарма жазуымыз екіталай. Жалпы әдебиеттің болашағы бар ма деген сұрақ қазір бәріміздің алдымызда тұр. Тіпті әдебиет керек пе деген сұрақ та тұр. Керек болса, қандай әдебиет керек? Біздің баяғы "Тихий Дон", "Абай жолы", "Анна Каренина", "Война и мир", "Қан мен тер", "Соңғы парыз"... бұлар қажет болмайын деп тұр адамзатқа. 

– Сонда бұлар қазір оқылмайды дейсіз ғой? 

– Оқылғанда да... Мысалы мен "Анна Каренина"-ны оқып шықтым, оны неменеге оқып шықтым деп ойлаймын. Ал біреуге біреу ғашық болды...келді...Анна Вронскийді көрді, ғашық болды, үйленді, басқа бір әйелге барып, көзіне шөп салып жүргенін білді. Содан кейін жаңадан жүріп жатқан "Москва-Петербург" пойызынын астына түсіп өлді. Мен оны 30 беттік әңгімеге сыйдырып жіберетін едім деп ойлаймын да... (күлді).

Ондай уақыт қазір оқырманда жоқ. Кім бар? Кеше мен шопырыма: "Әуезов театрына апар" десем, "ол қай жерде" дейді. Оның алдындағы шопырым да осылай деп айтқан. Академияға жіберсем, "Ол қай жерде" дейді. "Әй, сендер театрға бір ретте барып көрген жоқсыңдар ма?" десем, "Жоқ" дейді. Баяғыда осындай бір інішегім болды. Миллионер. "Доллоровый" миллионер. Үлкен қызметте істейді. Маған "көке-көке" дейді, өзі менімен рулас. Бір күні: ""Көке-көке" дейсің, көкеңнің Әуезов театрында "Актриса" деген премьерасы өтіп жатыр, келінді ертіп келіп көрсейші" дедім, "Ойбай, көке барамын, шопырымды жіберемін, билет жіберіңіз" деді. Билет жібердім. Артынан ызбандайды: "Көке, Әуезов театры қай жерде" деп. "Әй, бармай-ақ қой" дедім. Мен осындайларға таңғаламын. Кейіннен жолыққанда айттым: "Сен ғой Алматыда бес жыл оқыдың. Қол ұстасып келінмен қыдырып жүрдіңдер. Сонда бір де бір рет театрға барған жоқсыңдар ма? Келін де айтпай ма театрға барайықшы деп, сонда екеуің кездескенде не сөйлесесіңдер?! Ішкен-жегендеріңді ғана айтасыңдар ма?! Жаңадан алған көйлегіңді айтасың ба? Әлде шалбарыңның балағын қысқартқаныңды не ұзартқаныңды айтасың ба?!"

Міне, осындай тоғышарлар көбейіп бара жатыр. Қазіргі көптеген чиновниктер оқу бітіргенен кейін, бірде бір көркем шығарманың бетін ашпағанына кәміл сенемін. Циолковскийге "Сіз осындай ғарыштық жаңалықтардың идеясын қайдан алдыңыз" дегенде, "Достоевскийден" деген. Міне, көрдіңіз бе, ұлы әдебиет болмаған жерде ұлы химик не физик немесе ұлы ғалымдар болмаған жерде ұлы әдебиет те тумайды. Бәрі бір-бірімен байланысты. 

Жаңа айтқан 42 жастағы еврей 2045 жылдан бастап адамзат өлмейтін, мәңгі өмір сүретін фазаға көшеді дейді. Міне алдымызда осындай да тақырып тұр. Осындай кезден жол тауып шығу жазушыға қиынырақ. Өйткені жазушы әрбір ғылым саласын біле бермейді ғой. Қазіргі жазушылар музыканы, суретті, астрономияны, финанс, психология, физика, химия, педагогика, философия тағы басқа, бәрі-бәрін біліп отыру керек деп ойлаймын. Мен кейде балаларымды оқытқанда айтамын: "Жазудың қиындығы жазу процесі кезіндегі қиындық емес. Жазудың қиындығы жазушының лексиконында білмеймін деген сөз сирек қолданылуы керек" деймін. Ал ол деген не?! Ол – жазушы бәрінен, барлық ғылымнан хабардар болу керек деген сөз. Бутлеровтың формуласын немесе Лобачевскийдің формуласын білмесең де, олар химия не математикаға немен келді, қандай ісімен ғылымды дамытуға үлес қосты? Мысалы, Резерфорд. Ол несімен Резерфорд болып қалды. Сен осыны білуің керек. Оның бүкіл теориясын, "положениесін" немесе өмірін оқып шығу мүмкін емес. Аз ғана несімен ғалым не өнер адамы болып қалғанын оқып алуың керек. Қазір саясатта не болып жатыр? Бұдан да хабардар болу керек. Классикалық музыкада не болған? Қазір сол бар ма, жоқ па?

Міне, бүгінгі жазушының алдындағыдай жауапкершілік бұрын болған жоқ. Ең қиын жауапкершілік бүгінгі жазушының алдында тұр. Ол осыларды біліп тұрып жазу керек. Ал білмей жазатын болса, әншейін, жәй ғана оқиғаны баяндаушы болып қалады. Мен жазушыны екіге бөлемін: бірі баспадан кітабы шығатын жазушы болса, екіншісі шығармасы дүниеге келетін жазушы. Мәдениеттің де екі түрі бар: бірі сенің алдыңда қаланың анықтама телефоны толтырылған кітап жатыр. Бұл да кітап. Мына жерде – Құран. Екеуі де кітап! Айырмашылық бар ма? (күлді). Бар! Осыны ажырата білуіміз керек. Біздің көп тоғышарларымыз үшін екеуі де кітап болып есептеледі. Айырмашылығын көре білмейді. 

Бұрынғы Ресейдің шығармаларын, қоғам қайраткерлерінің естелігін оқып отырсаң бәрі де мемлекетшіл болған. Бәрі мемлекеттің тағдырын ойлаған. Ресейді "Великая Россия" жасаймыз деп бәрімізді жаулап алды ғой. Осының бәрі идеялардан туып жатты емес пе? Бір көпір салса да, оның болашағын ойлап салған. "Отчет" беру үшін емес. Ал біздің бүгін салған үйіміз, не көпіріміз ертең құлап жатады. Міне солар сияқты бүгін мемлекеттің қамын ойлайтын адамдар азайып бара жатыр. Тек қана көзбояушылық! Сол туралы жазайын десең, ол да өткінші оқиға...
 
Қоғамның сапырылысып жатқан кезінде жалғыз қалып, тұл болып, баласын хуторкада құшақтап отырған "Григорий Мелехов" сияқты... Бұл үлкен трагедия. Бәрінен айрылды. Енді қалғаны хутордағы жалғыз жетім баласы ғана. Енді аққа бара ма, қызылға бара ма белгісіз... Міне осындай үлкен тұлға соңында қайда барарын білмей сең соққандай ортада қалады. Шолоховтың да кейіннен таяқ жеген жері осы болды. Цензура айтты: "Сен тым болмаса ананы қызылдар жағына апарсайшы" деп. Ол қызылдар жағына апара алмады. Қалай апарады? Бәрі қырылып қалды... 
 
Міне, біз осындай бір өтпелі кезеңде өмір сүріп жатырмыз... 


P.S. "Болды" деді. Осымен тәмәмдадық. Көкеммен аяңдап көшеге шықтық. Өзі айтқан "шопыры" күтіп тұр екен. Академияны дұрыстап түсіндірген болу керек, бұл жолы адаспай келіпті. Жылы қоштастым да, сапырылысып жатқан қоғамның ағымына қойып кеттім. Кейде ойлаймын біз жеңуші емес, жеңілуші жаратылыспыз. Біз түптің түбінде уақыттан жеңіліп қаламыз. Уақыт бізді ұмыттырады екен. Артыңа із тастайын деп қадам басып, біраздан соң қарасаң оның бәрін уақыттың сыпырғысы өшіріп келе жатады екен. Сол уақыттың сыпырғысы байқамасаң жетіп алып, сені де өшіріп тастауы ғажап емес екен. Біз содан қашамыз деп дедектеп жүгірменіміз сонша, көп нәрсені елемей өткізіп алады екенбіз. Ұлы адамдар қалдырған іздерін өшіріп алмау үшін қадамын нық һәм қатты басады екен. Ал олардың аяғының дүбірі ғасырдан ғасырға жаңғырып естіліп тұрады екен. 

Бұл жолы мен асықпадым. Ақырын аяңдап жаяу қайттым. Жолда Феллинидің Марчеллосының отбасысына, өміріне, байлығына, атақ-абыройына қызығатын бір сөзбен айтқанда өзі идеал санайтын досы – Штейнердің өз-өзіне қол салып өлген кездегі көзқарасы есіме түсті. Идеалы өлген сәті көз алдымнан кетпей тұрып алды. Сосын ақырындап кәрістің халық әні Ариран емес, Ким Ки Дуктың "Ариранын" ыңылдап айттым. Қасынан өтіп бара жатып көше сыпырушы аға темекі сұрады. Сұрағанын бердім де, ыңылдап ары қарай кеттім. Сәлден соң бұрылып қарасам жаңағы аға мен жүрген жолды сыпырып жатыр екен. Жымиып қарап, маған қарай ақырын жақындап, сыпыруын жалғастырды. Мен іштей "бұл уақыттың сыпырғысы емес" дедім.

 
Соңы