Биылғы "Букер" жеңімпазы анықталды

Биылғы "Букер" жеңімпазы анықталды
Фото: style.rbc.ru

Әдебиет саласындағы аса маңызды марапаттардың бірі саналатын Букер премиясы кезекті номинаттарын жариялағанын жазған едік. Енді сол финалистердің үздігі анықталды. Биылғы "Букер" сыйлығы Солтүстік Ирландия жазушысы Анна Бернске бұйырды. 

Байқау шорт-листіне АҚШ-тан 6 автор және Канада мен Ұлыбритания жазушылары іліккен еді. Олар: Анна Бернс "Сүт тасушы" (“Milkman”), Дейзи Джонсон "Су түбіндегінің барлығы" (“Everything Under” ), Рэйчел Кушнер "Марстың бөлмесі" (“The Mars Room”), Ричард Пауэрс "Соңғы оқиға" (“The Overstory”), Робин Робертсон "Ұзын кадр" ( “The Long Take”) және Эси Эдугян "Қара Вашингтон" (“Washington Black”). Осылардың ішінен Анна Бернстің төртінші туындысы болып саналатын "Сүт тасушы" (“Milkman”) романы үздік деп табылған. Шорт-листке іліккеннің әрқайсысы 2500 еуродан алса, жеңімпаз Анна 50 000 еуро алады.

Жазушы Анна Бернс 1962 жылы Солтүстік Ирландияның астанасы Белфаст қаласында өмірге келген. 1987 жылы Лондонға көшіп келіп, журналистік қызмет атқара жүріп, шығармалар жаза бастаған. Оның алғашқы романы “No Bones” 2001 жылы ең жақсы жергілікті роман болып танылып, Ұлыбритания әдеби қоғамы тарапынан тапсырылатын "Winifred Holtby Memorial" сыйлығына ие болған. 

1967 жылдан бері беріліп келе жатқан "Букер" сыйлығының әр жылдардағы жеңімпаздары Салман Рушди ("Түнгі балалар"), Бен Окри ("Аштық жолы"), Кингсли Эмис ("Кәрі перілер"), Родди Дойл ("Падди Кларк - Ха-ха-ха"), Айрис Мердок ("Теңіз, теңіз") т.б. болған. Джон Кутзее, Питер Кэри және Хилари Мантелдер Букер сыйлығын  екі мәрте алған. Осы сыйлықтың бес лауреаты – Уильям Голдинг, Надин Гордимер, Видиадхар Найпол, Джон Кутзее және Кадзуо Исигуро - кейіннен әдебиет саласы бойынша берілетін "Нобель" сыйлығына ие болды.

Т. Раушанұлы