Берлинде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің форумы өтті
"Рухани жаңғыру: Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандық мәдениет" жоба аясында Берлин қаласында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің форумы өтті. Осымен шетелдерде үшінші рет ұйымдастырылып жатқан шараны Мәдениет және спорт министірлігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы және Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырды.
Қазақ мәдениетін сыртқа танытып, шет елдегі мамандармен шығармашылық байланыс орнатуды көздеген шараға елімізден бірқатар зиялы қауым өкілдері атап айтар болсақ: Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, жазушы, публицист Ғаділбек Шалахметов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақындар одағының мүшесі, ақын, жыршы-термеші Баянғали Әлімжанов, балалар жазушысы, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Дария Түкенқызы, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов, Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанова, айтыскер ақын Балғынбек Имаш бар.
Жоғары деңгейде өткен форумда қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы кеңінен сөз болып, Сәуле Досжанованың "Өгей жүрек" кітабының неміс тіліндегі, Баянғали Әлімжанның "Доброжелательный Аскар" және "Сказ 100-летнего степняка" кітаптарының тұсаукесері өтті.
Бұдан бөлек Берлин қаласында "Мәдениет және өнер" фотокөрмесі ұйымдастырылып, Берлиннің Ұлттық кітапханасында "Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің" орталығы ашылды. Орталыққа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің әр жылдары жазған кітаптары мен қазақ қаламгерлерінің орыс, ағылшын, қазақ тіліндегі кітаптары оқырман назарына ұсынылды.
Т. Раушанұлы