Әлихан Махаш: "Қазаққа Нобельден гөрі Оскар мен Грэмми жақын"

Әлихан Махаш: "Қазаққа Нобельден гөрі Оскар мен Грэмми жақын"

Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын көпшілікке белгісіз Ұлыбритания жазушысы, тегі танзаниялық Абдулразак Гурна алды. Кейіннен шетелдік БАҚ салалары бұл сыйлық Абдулразак Гурнаға шығармашылығы үшін емес, идея үшін берілді деп жарыса жазды. Қазақ тіліне де бұл қаламгердің бірде-бір туындысы аударылмаған екен.  Осы орайда жас ақын Әлихан Махашпен Нобель сыйлығының тегі танзаниялық жазушыға не үшін берілуі, қазақ қаламгерлерінің Нобель алуы туралы әңгіме өрбіттік.

***

–  Биыл әдебиет бойынша Нобель сыйлығы Гурнаға не үшін берілді деп ойлайсың? Бұлай дейтін себебім, оның шығармалары орыс тіліне аударылмаған. Орыс аудармасының өте үлкен екенін ескерсек, оның шығармалары ТМД елдерінде де оқылмаған деп айтуға болады. Оны, академиялық тұрғыдан тек Англия зиялылары ғана біледі.

– Нобель комитетінің шешімі шынымен де біраз адамды таңырқатты. Себебі, жеңімпаз болады деген фавориттердің ішінен біз Гурнаның есімін таба алмаймыз. Бір жағынан бұған аса таңырқауға да болмайды. Өйткені, кейінгі кезде саясаттың мәдениет пен әдебиеттің барлық саласына араласып кеткені баршаға аян. Оған дәлел аталған сыйлықтың Мо Яньға, Орхан Памукке немесе Светлана Алексеевичтерге берілуі деп түсінсек болады. Гурнаға бұл сыйлық оның шығармашылығынан бұрын, колониал елден шыққаны үшін берілгендей көрінеді.

Өз басым биылғы Нобель сыйлығының иегерін танзаниялық жазушы ретінде есептегім келмейді. Себебі, ол өткен ғасырдың 70 жылдары Англияға қоныс аударғандықтан таным-түсінігі жергілікті орта арқылы қалыптасып кеткен тұлға. Оның орыс тіліне аударылмағанын ескерсек, ол тек Нобель алғанға дейін Еуропада ғана танымал болды. Нобель сыйлығы кейінгі кезде жарнама агенттігі сияқты жұмыс істеп келеді. Өткен жылғы Глюктің алуы, биылғы Гурнаның Нобельді иеленуі әлемге аса танымал емес жазушылардың танылуына септігін тигізіп отыр.

– ХХ ғасырда Нобельге лайық еді деп қазақ қаламгерлерінен кімді айтуға болады?

– Шынымды айтсам, білмейді екем. Ол ғасыр өте күрделі болды және әдебиет бәс өте жоғары еді. Біздің қаламгерлер коммунистік елдерде ғана танылды десек болады. Оның үстіне қырғи-қабақ соғыстың салдарын есепке алу керек.

–  Қазаққа Нобель сыйлығы жақын арада бұйырады деп ойлайсың ба және оны кім алуы мүмкін?

– Қазақ пен Нобель деген сөздерді бұрын да талай естідік. Нобель сыйлығы қазақ топырағына ерте ме кеш пе келетіні сөзсіз. Көбі үміт күтетін Сүлейменовті атауға болады. Немесе дәуірі әлі жүріп тұрғанын ескерсек әдебиетке адалдығы үшін Тынымбай Нұрмағамбетов сөзсіз лайық. Егер тірі болатын болса басты үміткерлер Есенғали Раушанов болар еді... Тыныштықбек Әбдікәкімұлының ішкі потенциалын ескерсек ала алады.

Шығармалары шет тіліне аударылып жүргендер немесе орта буын ізденісін тоқтатпаса бәрі де мүмкін. Мен өзім 2000-нан бері жазылған шығармаларға көбірек үміт артамын. Сосын драматургтар да бар екенін ұмытуға болмайды.

Әлихан Махаш: "Ұйқастан жалыққан сөздер үнсіз күрсініп..."

–  Сен үшін Нобель сыйлығы нені білдіреді, болашақта қаламгер ретінде осы сыйлықты аламын деп армандап көрдің бе?

– Бұл сыйлық баяғыдай көркемдік үшін маңызды болмаса да, тарихы бар екені даусыз. Мен үшін Нобель сыйлығы алдыңда анталаған масса мен мүмкіндіктер (ақша) секілді көрінеді.

Иә, шынымды айтсам, армандадым. Тіпті, Швецияда оқитын мәтінімді дайындағым келді, ол Маркестің сөзіне ұқсас болғандай болды.

– Қазақ қаламгері әлемге әйгілі сыйлықты алуы үшін міндетті түрде қоныс аударып, диссидент атану керек пе?

– Бір жағынан ол да дұрыс. Себебі орыстың нобелианттары кіл  диссидент болды. Қазақстанда ондай тенденция жоқ. Болған күннің өзінде ұлттан ажырап кетуі мүмкін. Шығыстан Нобель алғандардың көбін өз халқы қабылдай алмай жатады. Және тағы айтарым, бізге Нобельден гөрі Оскар мен Грэмми (екінші) жақын сияқты. Себебі масс-медиалық өнер түрлері қызығушылық жағынан жетекші орындарда келеді.

– Әңгімеңе рахмет.

Т. Раушанұлы