Алихан Махашев:

Алихан Махашев: "Ұйқастан жалыққан сөздер үнсіз күрсініп..."

Белгілі ақын Есенғали Раушанов "өлең деген 30-ға дейін жазылады" деген еді.  Иә, өлең жастықтың "ісі".  14-16 жасында жазған өлеңдерімен әлем әдебиетінен оның ішінде поэзиясынан ойып тұрып орын алған Артюр Рембо әлі де оқырмандар тарапынан сұранысқа ие. Өлмеген. 

Жастық – максимализм. 15-16 жасыңда бас-аяғы бар, жұмыр өлең жазу кез келген ақынға бұйырмайды. Көбіне олар қағаз бетін шимайлап, жиырмадан асқасын өлең әлемінің табалдырығынан аттап жатады. Бүгін біз таныстырғалы отырған Алихан да 15 жасында-ақ тәуір өлең жазып жүрген ақын. Бұрын оның өлеңдері ешқандай БАҚ беттерінде жарияланбапты.

Махашев Алихан 2004 жылдың 31 қазанында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Жас таланттың бір топ өлеңін оқырман қауымның назарына ұсынамыз.

Иван Крамской – "Иисус медиен далада"

Апория

Құлазиды Құдай көкте, мен жерде,
Өмірзая қасіретімді емдер ме?
Жанарымнан жұлдыз ағар сол түні,
қара ағаш пен қара міскін өлгенде.

Жүрегімде күпір ойлар күбірлеп,
Пəк арудың көйлегіндей бүлінген, 
Құдайым мен құбылаға қараймын,
күнəһарлау түріммен.

Жер бетілік жауабы жоқ сұрақтар,
мəнсіздіктің маңайына тұрақтар.
Қасиет пен құдыреттің барына,
мені əлі де сендіреді "кітаптар".

"Кездейсоқтық жалықтырған"
Құдайдың – 
қайғысына қосылып ап жылаймын.
Қара түнде жанарым мен жүрегім
жұлдыздарға айналатын сыңайлы...

Аяттар мен сүрелердей жүйелі,
"көшірілген" жазбалардай киелі
болмаса да, мен оқыған дұғалар,
сүймесе де ол мені,
МЕН ОНЫ СҮЙЕМІН!

Рене Магритт – "Адам баласы"

Apple

Жұмақ бақтары елестейді көзге,
тозақ оттары жымыңдайтын секілді...
Батыс жаққа бұрып қойып бетімді,
Папалардың тəждеріндей аяулы
бір үзік мұң таянды.
Мінəжаттар ыңылдайтын секілді.

Бізбен бірге жаратылған күнəні сүюімнің себебін,
есі ауысқан Құдай ғана сұрайды,
тым ұмытшақ Құдай ғана сұрайды,
(пенделердей пəни өмір сүрмейтін)
жүрегімнің ішінде тым жұпыны тұратын,
сендердікін білмеймін.

Туғанынан иектеген құштарлық,
билегенде ессіздіктің сағымы,
көзін ашқан Күн-ананың жарығы.
Бізден гөрі бақыттырақ болғандай,
ең алғашқы адамдардың қауымы.

Біздің эра беймазалау дүрмекте,
(шалдар ғана ие ме еді құрметке)
Біз сүйетін бұл мезгілдің жанарында мөлдіреп,
Алма ағашы гүлдеп тұр.

Марк Шагал –"Серуен"

Ratio

Шатырдан құлаған жаңбыр тамшыларындай,
менің күнəларым да ап-ауыр.
Құлыптас қаріптеріне жасырынып жеткен Мұң
маған да тақады.
Декарттық жүйеде қаңғырған ойларым,
үштікті [x,y,z] бұза алмай шарасыз
... нүктеге байланды.

Əлі де таңдаулы ақыл мен ир-ақыл,
ғасырда.
Ол тарих тек бізге қорқыныш сыйлады,
расында.

Билейміз бəріміз тағдырдың жібінде,
үзіліп кеткенше Құдайдың қолында.
Түймедақ өледі, "тірілу" түнінде,
fialka гүлдейді,
қайыршы қаптаған мешіттер
жолында.

(Сонда да...)
біз көппіз Сенада қаңғырған ессіздер санынан,
Санада туылып, біз қайта келеміз
бұл Жерге
қай ғасыр екенін санаудан жаңылған.

Мүсіндер сөйлейді,
Жер жүзі адасса ақылдан,
дəуірлер дəруіш, өйткені.
Қиялда бəрі де талмайды оқудан,
тек діни кітаптар беттерін.
Мен де...

Пабло Пикассо – "Абсент құмар"

***

Ала қарға қанатын қағып,
Қысты өзімен бірге алып кетті.
Енді "Қайта өрлеу" басталатындай
Көктем келді.
"Мен"мен Құдайдың ең сүйікті
мезгілі бұл
жəне ең жеккөрінішті...
Өрік ағашы гүлдеген сəтте де,
бəрі бақытты болмайтыны несі?!
Күбір-күбір дұғалардың бəрі,
аспанға ұшпайды екен ғой!
Іңірде бір міскін денесі салбырап тұрды,
Өрік ағашының жанында...
and
Өз Құдайына құлшылық етіп,
болып,
ең соңғы дұғасын аяқтап,
Страдивари скрипкасының,
сазына ұқсас,
əуенмен тербелген гүлге,
қонақтаған көбелектің,
жанарында бір үміт тұрды...
Бəрі ұмыт.

Андрей Рублев – "Үш әулие"

СӨЗ

Ұйқастан жалыққан СӨЗдер үнсіз күрсініп,
кітаптар ішінде күбірлеп,
темекі түтіні исіне тұншығып,
ауада қалқиды бір-бірден.

Мүрдеден салынған үйлер түбі құлайды
Джектің үстіне*
СӨЗден салынған үйлер мені қорғайды
алынбас күштіге.

Олар
біздің заманымыздан кейінгі кезеңде [б.з.к]
(Бұл кезең қай дəуір?!)
өлмейтінін сезем мен.
Бейуақта оянып кетердей айкезбе ойларым...

Өз-өзін Күнмін деп санайтын шамдардың жанында,
үймелеп СӨЗдер жүр,
жерініп сырыл мен дыбыстан.
Бұл жерде үштаған ішінде көздердің
көрінбес оттары ып-ыстық.

Топырақ кемірген жазбалар бетінде,
біз ақ деп атайтын түс үстемдік құрады,
жəне
жаназа күйіне тербеліп аздаған бетінде,
өлі таңбалар тұрады.

Қыздың шашында солған гүлдердің, 
тағдыры, 
қызықсыз жұлдызы тоналған түндердей,
ал СӨЗдер тағдыры,
тым мұңлы, төменгі нотада шырқалған əндердей.

Ұйқастан жалыққан СӨЗдер
үнсіз күрсініп,
алқызыл түске боялған парағы,
кітаптар ішінде күбірлеп,
сіңіп барады...

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Бермуд үшбұрышы: ақиқат пен әпсана
Бермуд үшбұрышы: ақиқат пен әпсана
Коронавирустан үй жағдайында емделу
Коронавирустан үй жағдайында емделу
БҒМ құжаттарды қабылдау мерзімін ұзартты
БҒМ құжаттарды қабылдау мерзімін ұзартты
Коронапика, коронафейк – ковид кезіндегі жаңа сөздер
Коронапика, коронафейк – ковид кезіндегі жаңа сөздер
Коронавирус жұқтырғанда не істеу керек? – Профессорға сұрақ
Коронавирус жұқтырғанда не істеу керек? – Профессорға сұрақ
Chevrolet Malibu – әдемі дизайн мен қуатты қозғалтқыштың үйлесімі
Chevrolet Malibu – әдемі дизайн мен қуатты қозғалтқыштың үйлесімі