Әлемге ең көп тараған шығармалар

Әлемге ең көп тараған шығармалар
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz
"Алдымен сөз пайда болған" дейді ескі жазбаларда. "Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады", – дейді Мұхтар Әуезов. Иә, кітап адамзат ойлап тапқан жаратылыстар ішіндегі ең ғажабы (М. Горький). Бүгін назарыңызға адамзат жазуды үйренгеннен бері ең көп тараған (оқылған) кітаптар тізімін ұсынамыз. 
 
Әлемде ең көп тараған кітап Інжіл екен. Ежелгі кітап өркениет пен саясатқа әсер еткені үшін ғасырлар бойы (4 мың жыл) түрлі тілдерде 6 миллиард данамен бірнеше рет қайта басылып, таратылған, сатып алынған. Әр секундта Жер шарының бір бұрышында бір Інжіл сатылады екен. Бүгінге дейін бұл кітап 2000 тілге аударылған.
 
Кейінгі орында – қасиетті Құран кітабы. Ал адам жазған кітаптар ішінде Мао Цзедунның саяси және философиялық ойлары қағазға түсірілген тәмсіл сөздері кең тараған екен. Қытайда мәжбүрлеп оқытылған бұл кітап осы уақытқа дейін 900 миллион рет басылған. 
 
Бірақ біз мәжбүрлі түрде емес, бүгінгі нарық талабына жауап беретін, еркін, әділ таралып оқылған кітаптар туралы баяндамақпыз. 
 
10. Наполеон Хилл. "Ойла және бай бол" ("Think and Grow Rich"), 1937 жыл 
Таралымы: 75 миллион 
 
Бұл шығарма – автордың 20 жылдық еңбегінің жемісі. Журналист Хилл 1917 жылы бай адамдардың жетістігі туралы кітап жазуға тапсырыс алады.
 
 
Ұзақ жыл бойы 500-ден артық қалталы азаматтармен сұхбаттасады. Содан соң олар айтқан ең маңызды ойларды біріктіріп, кітап етіп шығарған. 

9. Дэн Браун. "Да Винчи құпиясы" ("The Da Vinci Code"), 2003 жыл
Таралымы: 85 миллион 
 
Дэн Браунның (Dan Brown) романы 2003 жылдың сәуір айында жарық көрді. Кітап әлемнің 44 тіліне аударылған. Романның мотиві бойынша осы атпен жанжалды "Код да Винчи" фильмі түсірілді. Бұл фильм біраз елде көрсетуге тыйым салынған фильмдер қатарына кірді, ал Мәскеуде премьера күні наразылық акциясы өтті. 
 
8. Цао Сюэцинь. "Қызыл мұнарадағы ұйқы" ("紅樓夢, 红楼梦"), 1791 жыл 
Таралымы: 100 миллион 
 
Бұл тек қана кітап емес, тұтас дәуірлерді біріктірген құнды жазба. Алғашқы бөлімдері Цао Сюэцинь тарапынан жазылып, кем дегенде 100 миллион данамен басылған. Бұл – Қытайдың ең ұлы 4 шығармасының бірі. Сонымен бірге, аталған шығарма ең қиын шығармалар қатарына да кіреді. Себебі романда 40 негізгі және 500 қосымша қаһармандар бар. 

7. Агата Кристи. "10 зәңгі баласы" ("Ten Little Niggers"), 1939 жыл 
Таралымы: 100 миллион 
 
 
Нәсілдік кемсітудің алдын алу үшін шығарма көп елде "Барлығы қайтыс болды" деген атпен жарық көрген. Бұл ағылшын жазушысының ең үздік романы саналады. 
 
6. Джоан Роулинг. "Гарри Поттер және философиялық тас" ("Harry Potter and the Philosopher's Stone"), 1997 жыл 
Таралымы: 107 миллион
 
Аталған шығарма – 7 томдық қиял-ғажайып шығармалар жинағының бірінші томы. Кітапта Хогвартс Мыстандар мен Сиқыршылар мектебінің оқушысы Гарри Поттер және оның достары Рональд Уизли мен Гермиона Грейнджерлердің бастан кешкен оқиғалары баяндалады.
 
Ағылшын жазушысының тырнақалды туындысы оған өзі күтпеген атақ-даңқ пен танымалдық әкелді. Шығарма желісімен фильм де түсірілді. Кітап жазып мультимиллионер атанған жазушы кейін ересектерге арналған бірнеше кітап пен "Фантастикалық жаратылыстар және олардың тұрғылықты мекені" атты киносценарий жазды. Жалпы, автордың 7 томдық кітабының барлық таралымын қосқанда 500 миллион данадан асып жығылады екен. 
 
5. Маргарет Митчелл. "Жел айдаған сезімдер" ("Gone With the Wind"), 1936 жыл 
Таралымы: 130 миллион 
 
Журналист Маргарет өзінің атақты және жалғыз романын жұмыстан босап үйде отырғанда жазған екен. Шығарманың танымал болғаны сонша, Маргарет қалған 12 жылын осы кітапқа арналған кездесу, сұхбат, фильм түсіру, басқа тілге аудару сияқты жұмыстарға жұмсайды. Бір қызығы жазушыға басқа да шығармалар жаз деп қомақты қаржы ұсынғанымен келіспепті.
 
4. Джон Рональд Руэл Толкин. "Хоббит" ("The Hobbit, or There and Back Again"), 1937 жыл 
Таралымы: 130 миллион
 
"Сақиналар әміршісі", "Хоббит", "Сильмариллион" секілді туындылардың авторы Джонның бұл шығармасы "Сақиналар әміршісінің" бір бөлігі болуы керек болған. Бірақ баспадағылар пайданы көздеп оны жеке шығарма етіп жазуға көндіреді және мақсаттарына жеткен. Бұл шығарма үлкен танымалдыққа жетіп, миллиондаған данамен сатылған.
 
3. Антуан де Сент-Экзюпери. "Кішкентай ханзада" ("Le petit prince")1943 жыл
Таралымы: 145 миллион 
 
"Кішкентай ханзада" ("Le Petit Prince") кітабы алғаш 1946 жылы Нью-Йоркте басылып шығып, бүгінге дейін 265 тілге аударылған. Бұл кітап, тек балалардың емес, ересектердің де сүйікті шығармасы.
 
2. Джон Рональд Руэл Толкин. "Сақиналар әміршісі" ("The Lord of the Rings"), 1954 жыл
Т
аралымы: 150 миллион 
 
Автордың бұл кітабы балаларына ертегі оқып беру үшін 1937-1949 жылдар аралығында жазылған екен. Бірқатар қиындыққа байланысты шығарма 1954 жылы ғана жарыққа шыққан. Фэнтези жанрында Толкинге дейін де көптеген жазушы шығарма жазған, бірақ ешқайсы Толкин сияқты атақ-даңққа жетпеген. Сондықтан Джон Толкинді фэнтези жанрының атасы деп есептейді. 
 
1. Чарльз Диккенс. "Екі қала туралы хикая" ("A Tale of Two Cities"), 1859 жыл 
Таралымы: 200 миллион 
 
Өз дәуірінің революциялық мәселелерін шеберлікпен суреттеген шығарма шамамен 200 миллион данамен сатылған. Автор ағылшын қоғамындағы әділетсіздіктерді, француз революциясының салдарын сипаттайды. 

Айта кету керек, осы тізімдегі ақпарат, әсіресе, сандар әр түрлі ақпарат көздерін зерттеуден кейін барып жазылып отыр. Мысалы, Інжілді бір ақпарат көздері 4 миллиард данамен таратылған десе басқасы кейбір шығарманың таралымын мүлдем көп етіп көрсеткен. Біз солардың ішінен ең сенімді дегендерін алуға тырыстық.
Т. Раушанұлы