Әлібек Байболдың балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы

Әлібек Байболдың балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы
Фото: Жеке архив

Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" деп жариялады. Кейінгі уақытта "қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптар кітап дүкендерінде табылмайды" деген сөздер айтылып қалады. Осы орайда "Жазда балалар оқуы тиіс 5 кітап" айдарын қолға алып, еліміздегі белгілі ақын-жазушылар мен балалар әдебиеті қаламгерлеріне сауал жолдадық.

Дидар Амантайдың балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы

Бұған дейін "Гүлдер мен кітаптар", "Күзгі рандеву" сынды бірқатар кітаптарымен танымал болған белгілі жазушы Дидар Амантай мен 200-ге жуық танымдық, сараптамалық мақалалардың және "Адырна" өлең жинағының авторы, ақын Ықылас Ожайұлының "Жазда оқуы тиіс балаларға арналған 5 кітабын жариялаған болатынбыз.

Ықылас Ожайұлының балаларға оқуға ұсынған 5 кітабы

Бүгін Массагет порталы жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әлібек Байболдың "Жазда балалар оқуы тиіс 5 кітабын" ұсынады.

 ***

Баланы түсіну, ұғыну – тұнған ғылым, балатану ілімі. Оны меңгерген адам ғалам сырын, анау жақтан рух күйінде келген адам бітімін, тазалық табиғатын ұғынады, физиканың барлық заңдылығын бұзып-жарады, гравитация мен левитация құпиясын ашады, өзі үшін. Баланың күлкі шашқан, нұр төгілген жүзіне үңілсең дүние ауыртпалығын ұмытасың, шаршағаның басылады. Себебі, онда адам айтып түсіндіре алмайтын «рухани вакцина» бар. Балдырғанға деген құрметім бөлек, онымен бір қатарда сөйлесіп, пікірлесу үшін де деңгей керек. Тазарғың келсе соған бар.

Аударманың жүгі ауыр әрі оған артылған жауапкершілік те көп. Бұл жанрды кейбір әдебиетшілер «қара жұмыс» деп те атайды, дөп айтылған, дұрыс ескерілген. Өйткені, өнімсіз, қиын шаруа. Жалпы, бір сүзіп шыққанда жаһандық дәрежедегі авторлардың біршамасы қазақша тәржімаланды. Биылғы «Балалар әдебиеті жылы» аясында солардың ішінен бесеуін айрықша атап өту қажет екен. Олай болса...

1. Бомбейде туып, Лондонда өмірден озған ағылшын жазушысы, ақын, жиһангез, эссеист, Нобель сыйлығының иегері Редьярд мырза Киплингтің «Мауглиін» Р.Рақымбеков аудармасында оқып, ерекше риза болғаным бар. Каа, Балу, Ракша, Бандар-лог, Багира, Табаки, Акела, Хатхи (Хати), Шер-Ханды аң демесеңіз қылықтары адамнан аумайды, тұп-тура өмір. Қаламгер соның бәрін ескеріп, өнегесі зор туындының көркемдік қуатын жоғалтып алмай тамаша аударған-ды. Сөйтіп бұл қазақ жұрты үшін оқып шығуға тиіс дүниеге айналды.

2. Дмитрий Наркисович Мамин-Сибиряктың «Ақбоз ат» деген шырайлы, шырынды шығармасын Сарбас Ақтаев өте сапалы аударған еді. Оқып отырып мұны жазған орыс емес қазақ деп қаласың, тілі – жатық, кестелі, ұғынықты. Көркем және сапалы аударманың ең ғажап жері – оның аударма еместей қабылданатынында, оқырман аудармашыны бір сәтке ұмытып кететінінде. Сол тұрғыдан келгенде Сарбас ағамызға алғыс айтуға тиіспіз, рақмет...   

3. Ағылшын жазушысы Томас Майн Ридтің (Капитан Майн Рид) «Жұмбақ салт аттысы» – кісіні қызықты хикаяларға батыратын тартымды, сөлді, сүбелі роман. Соны Әбілмәжін Жұмабаев ғажап, өте шебер тәржімалаған-ды. Қайта-қайта оқысаң да жалықпайсың.  

4. Ұлыбританияда дүниеге келіп, кейін Канада, содан соң Америкаға ат басын бұрған суретші-анималист, қоғам қайраткері, педагог, жазушы, эссеист, саяхатшы, зоология білгірі Эрнест Сетон-Томпсонның «Кішкентай жабайылар» атты романын Мәткәрім Әкімжанов жақсы тәржімалаған. Жас оқырманға бұл автордың басқа да туындыларын іздеп тауып, оқып шығуға кеңес берер ем. Одан мол мағлұмат аларыңыз анық.  

5. Неміс жазушысы Рудольф Эрих Распе – санқырлы тұлға: ақын, тарихшы, геолог, химик, лингвист, аудармашы, кітапханашы, ұстаз, өнертанушы, археолог. Оның әлемге әйгілі «Мюнхгаузеннің хикаялары» деген көркем шығармасы бар. Бұны қазақтың классигі, жазушы-сатирик, ақын, драматург, аудармашы Оспанхан Әубәкіров тамаша тәржімалаған. 

Т. Раушанұлы