Биыл Президенттің бастамасы бойынша "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" деп жариялады. Осы орайда Массагет порталы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы, балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген Әлібек БАЙБОЛмен балалар әдебиеті жайлы әңгіме өрбітті.
***
– Әлібек, жазушы ретінде қазіргі балалар әдебиетінің хал-жайы қандай деңгейде деп ойлайсың? Қазір балаларға арналған шығармалар жазылып жүр ме? Олай дейтінім, оқырмандар балалар әдебиетіне қатысты ылғи да шетел авторларын оқып жүрген сияқты.
– Бір реттен дұрыс... Алғашында солай көрінуі – заңдылық. Өйткені, шетелде жарнама жолға қойылған. Ал, қазақ балалар әдебиеті орташа деңгейде дамуда. Сұмдық шарықтап, аспандап кетті деп те айта алмас ем, тым құлдырады деуге де негіз жоқ. Иә, шүкір, жазылып жатыр. Бізге дейін жақсы мектеп қалыптасқан-ды. Қазір де оңды талпыныстар жасалуда.
Шындыққа тура қарай білейік, барды бар, жоқты жоқ деп айтып үйренелік. Балалар драматургиясы ақсап тұр, кадр аз. Қылаяғы бүлдіршіндерге, оқушыларға арналған жібі түзу ертеңгіліктер де жоқ. Тәрбиешілер мен мұғалімдер жоқтан жонып, әйтеуір өздігінше еңбек етуде. Сол "шикізатты" әзірлейтін – қаламгер емес пе?!
Сондай-ақ, қазіргі қарақты көз әлем әдебиетін де қалдырмай оқуға тырысады. Бірақ, жаппай оқиды деп тағы да айта алмас ем. Оның себебі бар, аударма қарқын ала алмай жатыр. Әр қаламгер тартпасында кемінде бірді-екілі аударма бар, білем, әлі жарияланбаған тың аударма. Соны жинақтау қажет. Салыстырмалы түрде алғанда, балалар поэзиясы мен прозасы көш ілгері тұр.
Ендігі нәрсе – соны мультфильмге айналдыру, аудионұсқасын жасау, ютубқа шығару, аудиторияны кеңейту. Бүгіндері біртүрлі коллапс сезіледі. Балалар өзгерген: дүниетанымы, ой-санасы, талап-тілегі, мақсат-мұраты, арман-аңсары. Қазіргілер – әсіре реалист, прагматик, өмірге деген көзқарасы бөлек. Ендігі жазылатын шығармалар солардың өмірінен сыр шертуге тиіс. Сондықтан, әлі де әдеби конкиста бастала қойған жоқ. Кейде бір тәуір туынды оқыған соң жалғасын асыға күтесің, бірақ сиквелдық, циклдық сыпат ала алмай қалып жатады. Театртанушы Жазира Ахмет балалар әдебиетіне арналған электронды кітапхана ашу туралы баянды бастама көтеруде, идея ретінде ұсынуда. Сол жүзеге асса тамаша болар еді.
– Бір сұқбатыңда: "Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бірде-бір қойылымын қалдырмай көретінмін", – депсің. Кейінгі кезде драматургияға да қалам тартып жүрсің. Бұл салада балаларға арналған қандай қойылымдар сахналанып жүр. Қазір балаларға арналған пьесалар көңіл көншіте ме?
– Мен – Алматыдағы №147 мектеп-гимназиясының (Абылай хан мен Райымбек батыр көшелерінің қиылысы) түлегімін. Мектеп пен Сіз тілге тиек еткен театрдың арасы – бір-ақ аялдама. Ол да – қасиетті Қарашаңырақ қой. Бала кезде соның ішіне кіріп, арлы-берлі аралап, реквизиттермен ойнап, қиялға шоматынмын. Алғашқы пьесам – "Әріптер әлеміне саяхаттың" да сол Өнер ордасында сахналанғаны символикалық мәнге ие уақиға. Сондықтан, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен үшін ыстық. Екінші сауалыңызға автор ретінде жауап берейін бе, әлде көрермен ретінде жауап берейін бе?! Көрермен есебінде көңілім толады, автор есебінде жоқ. Бар, әйтеуір. Соған қуанам.
Әлі жазылмаған тақырып – молынан, сонан соң автор аз. О. Әубәкіровтың "Қожа мен спорт", Ж. Омаровтың "Құлыншақ пен бөлтірік", Н. Оразалинның "Аққұс туралы аңыз", Иран-Ғайыптың "Аждаһаның әлегі", С. Балғабаевтың "Жаңа жылдық оқиға", Р. Отарбаевтың "Сағыныш шөбі", С. Қасымбектің "Батыл көжектер", «Наурыз ару», Ә. Файзуллаұлының "Алтын адам", "Үй таңдаған лақ", Н. Ораздың "Наурыз көже", Е. Жуасбектің "Тоба", А. Әуезханұлының "Ақыл патшалығы", Д. Саламаттың "Жаңа жылды кім ертіп әкеледі?", Ж. Әлікеннің "Сиқырлы терезе" атты ертектерін әр театрдан тамашалағаным рас.
– 2018 жылы "Әріптер әлеміне саяхат" атты пьесаң Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. Бұдан бері 3 жыл өтті. Бұл салада болашақта қандай жаңалықтарың бар?
– Одан бері біраз жаңалық болды. Негізгілеріне тоқтала кетелік. Орысшадан қазақшаға тәржімалаған ағылшын драмашысы Рэй Кунидың "Туған күн" ("Смешные деньги") комедиясы 2018 жылдың желтоқсан айында Қазақтың Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік Академиялық музыкалық драма театрында (қоюшы режиссеры – Болат Ұзақов), 2019 жылы "Жеті ойыншықтың жеңісі" атты ертегім Қазақтың Ж. Аймауытов атындағы музыкалық драма театрында (қоюшы режиссеры – Әділет Ақан), 2021 жылы Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында ағылшын драмашысы Нил Саймонның "Әумесерлер" атты аудармам сахналанды (қоюшы режиссеры – Фархадбек Қанафин).
Алла қаласа, тағы бір жақсы жаңалығым бар. Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрына спорт пен батырлық тақырыбындағы "Бекзат – чемпион" атты пьесамды ұсынған болатынмын. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қоюшы-режиссеры – Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек. "Ғинаят" атты кітабым Алматы қаласының Мәдениет басқармасы және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен жарық көрмекші. "Әдебиетке оралу" деген тағы бір жинағым баспада жатыр. Құдайым бұйыртса, жоспар көп, енді соларды жүзеге асыру керек. 2021 жылы "Қыр баласы" қоғамдық қорының қолдауымен, ғалым, жазушы Елдос Тоқтарбайдың басшылығымен әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы, абайтанушы, сыншы Заңғар Кәрімхан екеуміз бірігіп Алаш қайраткерінің рухына бағышталған, түрлі тарихи материалдар жинақталған "Сейітбаттал Мұстафаұлы. Имам Ғазали" атты ғылыми жинақ шығардық.
2021 жылы Алматы облысы әкімдігі септігімен тарихи тұлға, ақын, әнші, айтыскер, композитор, күйші, шешен, би, шежіреші, атбегі, қобызшы, сырнайшы Төребай Есқожаұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітабым жарық көрді. Бұдан бөлек, "Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" аясында 2-томнан құралған "Құлыншақ" делінген жетісулық балалар жазушыларының антологиясын жеті адам: Алмас Сырғабай, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай, Данияр Ихсан, Ерден Нұрахмет және мен боп әзірледік.
– Жақында Баян Болатханованың шығармашылығы негізіндегі сының жарыққа шықты. Сыншы ретінде балаларға арналған шығармаларға көңілің тола ма?
– "Балалар әдебиеті жылы" аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, "Кездесу", "Гаухартас", "Қазақтың Қаршығасы", "Шипагердің шын сыры", "Бибіажар мен Бойтұмар", "Қарагөз-ғұмыр", т.б. көркем және деректі повест-әңгімелер жинақтарының авторы, жазушы Баян Болатханованың балаларға арналған шағын-шағын әңгімелері туралы жазғаным рас.
Сыни мақала атауы – "Бала тануға тиіс жаңа әлем". Өйткені, бала үшін таныған әр әлем – жаңа әлем. Алдыменен, автордың қиялы мен уақиғаны өрбіту жағы ұнады. Сол қаламгерді қалың оқырманға таныстырғым келді. Кейде қатардағы қазақ ретінде көңілім толғанымен, Қазақстан Республикасының азаматы, сыншы, әдебиетші ретінде көп дүниеге көңілім толмайтыны жасырын емес.
Себебін айтайын, үлкен туынды, тынысы кең кесек туынды күтем, жұрттан. Көптің көпірме мақтауымен, даурықпамен танылған не жарнамамен шыққан шығармаларды аса қабылдай алмаймын. Көркем шығарманы бір оқығанда-ақ кісі дегеніңіз соның әсерінен шыға алмай қалу керек қой, түсіне еніп, ұмытпай, сюжеті көз алдына кеп...
"Неткен тамаша", "ғажап", "ғажайып", "ғаламат", "паһ-паһ" деген таңдайды тақ-тақ еткізген пафостың ғұмыры қысқалау. Ал, біз мәңгілік нәрсе туралы ойлауға тиіспіз. Сөзімді сәл түзеңкіреп жіберейін, иә, білем, "мәңгілік – Құдай ғана". Десек те, сол Ұлы категорияның ұшқынымен шамалы болсын теңдесе-теңшесе алатын дүние тудырсақ, міне сол «неткен тамаша", "ғажап", "ғажайып", "ғаламат", "паһ-паһ" болар еді деп ойлаймын. Сондықтан, константаға ұмтылуға тырысайық дегім келеді. Бұл – уағыз емес, бұл – үгіт-насихат емес, бұл – нотация емес, бұл – менің ойым.
Кейбір шығармаларда баяндау басым келеді, қаламгер бір жерді шиырлап жүріп алады, уақиға өрбімейді, шашырайды, пышырайды, жан-жаққа, тұнған тирада, бұл нәрсе баланы мезі етіп, жалықтырып жібереді. Ал, кейде уақиға өрістегенімен де, сюжет – тартымсыз, нәрсіз. Бүгіндері біршама лингвист «тілдің құнарсыздығын» мәселе қып көтеріп жүр. Тіл – тірі ағза. Ол да дамиды, тоқырайды, қайта жанданады.
Өмір – күрес. Сенека ақсақал айтқандай: "Vivere militare est". Мұның бастауы Інжілде жатыр. Әдебиетке адюльтерлік жүрмейді. Максим Горькийдың "Шыңырауындағы" ("На дне") Абрам Медведев, Васька Пепел, Андрей Митрич Клещ, Барон, Лука, Алешка, Константин Сатин, Бубнов секілді қоғамнан қорлық көріп, өмірге әбден өкпелі жандар әлі де арамызда жүр, көп дүниеге көңілі толмайды, бірақ соны айта алмайды, әр бұрышта – пыш-пыш еткен адамдар, әйтеуір. Тамаша туынды – фриссон. «Бальзактық жастағы» оқырманға жаңа дүние қажет. Әсілі, көркем туындыларды жанр-жанрға жіліктеп оқитын оқырмандар сиректеу-ау, осы. Олар үшін сапалы, көркем «өнім» қымбат, құнды, бағалы. Бұның классификациясын түзетін, оған объективті баға беретін әдебиеттанушы-ғалымдар, әдебиет сыншылары. Бізде балалар әдебиетіне деген көзқарас аса дұрыс емес, менсінбеушілік аңғарылады. Көбіне балалар жазушысы дегенде балдырғандар арасында жүретін, жұпынылау киінген кісі елестейтін болар. Бұл қағиданы, стереотипты бұзу қажет.
Тұрдақын Жексенбайдың "Бала бүркіт", Шәкен Күмісбайұлының "Атамның аманаты", Арасанбай Естеновтың "Өлең жаттап өсейік", Кәкен Қамзинның "Қарлығаштың хикаясы", Тұрлыбек Мәмесейіттің "Мен қазақ екенмін", Ділдәр Мамырбаеваның "Көк түйме", Бекен Ыбырайымның "Аспандағы саяхат", Сәуле Досжанның "Ауылдан шыққан миллионер", Баян Болатханованың "Мейірбан жанарлар елінде", Қанат Қайымның "Алабай", Лиля Калаус пен Зира Наурызбаеваның "Приключения Бату и его друзей в стране Барсакелмес", Заря Жұманованың "Ормандағы таңғажайып оқиғалар", Рүстем Сауытбайдың "Шоко әлем", Есей Жеңісұлының "Өрімтал", Еркінгүл Солтанаеваның "Жалқаулық", Әдина Жүсіптің "Асқабақтың әлегі", "Бидай мен шырмауық", "От пен су", Гүлім Сыдықованың "Қайдасың, Мәди?", Есболат Айдабосынның "Қамшыұстар", Бейбіт Сарыбайдың "Рауғаш ерте гүлдейді", Мира Сембайқызының "Қайсар гүл жайлы ертегі", Қанат Әбілқайырдың "Атасының баласы", Қуаныш Нұрданбекұлының "Әупілдек Әділ", Нұрбек Нұржанның "Кітап патшалығы", Зәуре Төреханның "Амина Туран в стране номадов", Елдос Тоқтарбайдың "Серт", Мейіржан Жылқыбайдың "Ертегілер елінде", т.б. көркем шығармаларды атап өткім келіп отыр.
– Сенің ойыңша қазір қазақ драматургиясына және балалар әдебиетіне не жетіспейді?
– Батылдық пен тәуекел!
– Балалар әдебиетін, балалар қаламгерлерін қолдау үшін не істеу керек? Балалар әдебиетін қалай дамытамыз?
– Егер қолдау жағына келсек, онда мына нәрсені ерекше айтар ем... Біріншіден, балалар драматургиясына, балалар поэзиясына, балалар прозасына, балалар анимациясына, балаларға арналған иллюстрацияға жеке-жеке байқау жариялаған жөн.
Екіншіден, мектеп пен балабақшалармен байланысты күшейткен абзал. Себебі, автор оларды, олар авторды жыға тани бермейді. Мектеп пен балабақшаларға деңгей-деңгей бойынша, жас ерекшелігіне байланысты материалдардың жетіспеушілігі сезіледі. Сырттай, долбармен жазу бір бөлек те, объектіні зерттеп-зерделеп барып жазу мүлде басқаша. Біз – қаламгерлер болашақ оқырманды қазірден бастап дайындауымыз қажет.
Үшіншіден, көркем шығарманы оқытудың методикалары, жалпы методология өзгеруге тиіс. Алысқа шаппай, іргедегі Ресей ғалымдарының балаларға қатысты зерттеулерін оқып жаның рақат табады. Өте ұғынықты, қызғылықты, қарапайым тілмен жазылған-ды. Мәселенки, солардың бірі – филология ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы, тарихшы, А.И. Герцен атындағы Ресей Мемлекеттік педагогикалық университеті Балалар әдебиеті кафедрасының доценті, "Детский оракул. По страницам настольно-печатных игр", "Записки куклы. Модное воспитание в литературе для девиц конца XVIII – начала XX века", "Игрушка в детской литературе", "Золотое зеркало. Русская литература для детей XVIII-XIX веков" атты еңбектердің авторы Марина Костюхина. Бала көлдей-көлдей дүниелерді бірден игеріп кете алмайды. Суреттермен, шағын-шағын мәтіндер, аудио, бейнероликтер, қысқаша мазмұндама арқылы қызықтырып барып, сол негізде кітап оқуға баулуымыз керек. "Оқы", "үйрен" деген жалпылама, күнделікті айтылып жүрген сөздерден бала сұмдық құлшынып кетпесі шындық. Оны ынталандырудың жаңа әдіс-тәсілдерін, амалдарын ойластыруға тиіспіз.
Төртіншіден, жыл сайын демей-ақ қояйын, екі жылда бір рет Балалар қаламгерлерінің фестивальін өткізіп тұрған жөн. Бесіншіден, шетелдегідей кітап сату нарығын қалыптастыруға тиіспіз. Елімізде осы бастама ақырындап қарқын алып келеді. Дегенмен, әлі де күшейткен дұрыс. Оқырман электронды кітапханаға кіріп, ақшасын төлеп, шығарманы жүктеп алады. Сөйтіп, заңи негіздегі келісімшарт арқылы автор да өзіне тиесілі қаламақысын шетінен-шетінен алып отырады. Батыстың осы тәжірибесін біз де меңгеруіміз қажет.
Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың мына сөзінде жан бар: "Дүниежүзінде кітап шығару үш бөліктен тұрады: 1 – автордан сатып алу, 2 – кітапты шығару, 3 – соны тарату. ...Бірақ, біздің елде осы нарықтық заңдылықтың үш қағидасы бірге жүрмейді. Үкімет кітапты басып шығаруға атсалысқанымен, автормен жұмыс жасау, туындыны саудалау ісінде бейтарап қалады".
Романға шейін новелла мен әңгіме жазып машықтанған дұрыс. Балаларға арналған роман жазбақ ойда бар. Әзірге ойластырып, пісіріп жатырмын, іште. Сол себепті, оған дейін балет тілімен айтқанда, экзерсис қажет. Оқырманды баласынбаған абзал. Өйткені, Ол Бізден жоғары тұр.
Бүгіндері Мемлекетке алақан жаю – ол да кітап оқымау секілді модадан шыққан нәрсе. Қазір ізденген кісі үшін мүмкіндік көп. ТМД кеңістігі болсын, әлемдік дәрежедегі жобалар болсын, бәріне қатысып, бақ сынауға тиіспіз. "Ақша қашан бөледі?", "неге қолдау жоқ?" деген рәуіштегі сөздерден мезі болады екенсің. Кеңес одағы кезіндегі игіліктер келмеске кетті, бітті, болды. Сананың өзгергені орынды, шетелде оқы, шетелге шық, шетелге көшіп кетіп, қазақ әдебиетін насихатта, ешқандай шектеу жоқ. Ал, бір жерге жиылып ап, ақша қашан береді, қолдау қашан болады дегеннен ешбір пайда жоқ, о заман өткен, ұмыту керек. Ащы болса да, шындық – осы. Сол себепті, қазіргі қаламгерлерге жаңа әдеби жоспар құрып, нақтылы бағыт-бағдарын айқындап, бір сілкініп алған жөн-ақ. Уақыт – өзгерді, соны ұғынуға тиіспіз, аса құрметті әріптестер. Бұрынғыдай бір ғана орталыққа бағыну жүйесі ескірді, әр автор өз бетінше еңбек етуге тиіс. Бірақ, тоқайласатын жеріміз де болады. Ол – нәтижемізді көрсететін тұс. Бүгінгі адамдар – тәуелсіз, олар – Құдайға ғана тәуелді. Қоғамның коммосын тек өнерші ғана ести алады.
– Неге қазір "Менің атым Қожа", "Жабайы алма" сынды балаларға арналған кесек туындылар жазылмай жүр? Не кедергі, уақыт па, заман ағымы ма немесе тақырып жоқ па?
– Сіз дәрігердей тура "ауырған" жерімді бастыңыз ғой, Қожекең айтқандай, қышыған жерімді қасыдыңыз. Мұның мәнісі арыда...
Тегінде, ешбір кедергі жоқ, кедергі – санада. Жазылып та жатыр, айтылып та жатыр. Уақыт көп дүниені уағыздауда. Заман ағысы да күшейді, тақырып та – кең-молынан. Ең басты мәселе – қазіргі кезде кітап оқу мода емес. Сәннің араға уақыт сап барып қайыра жаңғыратыны бар. Бұқаралық мәдениет құндызға бергісіз құндылықтарға бұғалық тастады. Ақпарат тасқыны адамдарды ақылынан алжастырды, ел еліктегіш боп барады, ойыншыққа таласқан баладай көрсеқызар. Қоң бітсе қоқырайып қаламыз, кедейленсек кекшілміз, арызшыл, наразықормыз, біртүрліміз негізі. Бізде орта тап қалыптаспай жатыр. «Алланың алдында – бәрі тең» ғой. Десек те, адам ойлап тапқан шартты ұғым болса да, кейде еріккенде өзімді осы үшеуінің қайсысына жатқызарымызды білмей жандалбасалайтыным өтірік емес. Ақпарат таққа отырды, зомбиға айналдық. Арлы-берлі сабылған халық: жұмыс – үй – жұмыс – үй – жұмыс – үй және жексенбі, мағынасыз тірлік, мойнына қамыт киіп, тіршіліктің құлына айналған адамдар жансыз секілді көрінеді, эмоциядан ада. Өмірдің мәніне ойлануға уақыт жоқ, өмір сүрудің қамымен жүрген қалайықта қалқып алар дүние барына сенем, сонда да. Үміт, сәуле бар. Урбандалып барамыз, кісі кісімен сырласпайды, тек бейнебір машина сықылды сөйлеседі, бетің күлгенімен, ішің жылап тұрады.
Хакім Абайдың 175 жылдығын да дүбірлетіп өткіздік, сөз жоқ. Алайда ары қарай дөңгелетіп әкете алмадық, бір көзге көрінбейтін, тек көңілмен ғана сезуге болатын бөгет бар. Жазуда кедергі жоқ, кедергі – механизмде. Күнұзаққа қаһарман боп жүріп, анти-қаһарман боп оянатын жағдайға жеттік. Бұл – ақпараттың теріс ықпалы, оң жақтары да бар, әлбетте. Қазіргі әлеумет қалам иесін, сол жолда өмірін, денсаулығын, әлеуметтік статусын сарп еткен өнершіні, ғалымды мәнзүр қылмайды, көзге ілмейтін де боп барады. Ал, кеңес сұрар кезде, елдік маңызы басым басқосуларда, сыр суырмақ шақта алдыменен кеп ақыл сұрағыш. Осы нәрсе, осы бір теріс қылық қатты қынжылтады. Пешенеге жазылған дүние дейін десең, оған да келіңкіремейді. Тереңірек ойласақ, қай кезде де солай болған ба деймін. Өнер мен ғылым әрдайым өзінің қажет екенін дәлелдеуге тырысуда. Сәл мызғысақ, мүлт кетеміз, жолдан адасамыз. Өнер мен ғылым арасындағы нәзік шекара уақыт озған сайын жойылуда. Қолабадай бадырайған айырмашылық жоққа тән. Көз көріп жүр, елде бірінен-бірі асып түсер көптеген уақиға боп жатыр. Өлең тудыр, кино түсір, сахнала, жаз, сал, суретте... ауқымдысы бар, шағыны бар, тақырып – шаш етектен. Содан көңілге жағатын, сезім пернелерін дөп басатын көркем пазл жасамақ ниет қажет, әуелі. Шағалдық мінез – бойға, жанға, рухқа мін. Бұл да қатардағы қасиетке айналып барады, сатқындық та, өтірік-өсек те, табансыздық та, іштарлық та, аяншақтық та – аяқ астынан. Әдебиет дәріптелуіндей-ақ дәріптеліп жатыр. Бір байқағаным, халық әдебиетті лайықты деңгейде түсінбеуде, ең үлкен проблема – осында. Әлеумет кештерде өлең оқуды, я кітаптың тұсаукесеріне жиылып, сол жерде суретке түсіп, ғаламторға салуды әдебиет деп ұғады-ау, сірә. Соңғы кезде сондай мінез пайда болды, рас. Бұл – әдебиетті насихаттаудың амалы ғана, формасы.
Неге әлімізге қарай, әлеуетімізге қарай, мүмкіндігімізге қарай тереңірек үңгімеске?! Керек десеңіз, әдебиет – ғылым. Шынтуайтында, ненің жаман, ненің жақсы екенін айыра алмай қалдық. Негізі, сағыну – естіге тән әдет. Дегенмен, сағынбайтын дүниені сағынатын боп жүрміз. Замандасым ретінде нені меңзеп тұрғанымды түсінген боларсыз. Содан сәл де болсын арылуға тырыссақ. Өйткені, қайта-қайта оқитын туындылар болады, даусыз, қос қолды көтере келісем. Алайда, әдебиет ілгерілеу керек қой, яғни процесс ешқашан тоқтамайды. Ара-тұра артқа да қарайлаған жөн, бірақ сөйтіп жүріп сүрініп кетпесек жарар еді. Авторитет тұтатын авторлар болады, оларды өзім де ара-тұра оқимын, құныға оқимын. Қазіргі кезде романтика бәсең, фидеистік көңіл-күй басымдау. Десек те, олардың эпигоны болғаннан пайда аз. Әр автор қателессе де, өз жолын табуға, таңдауға тиіс. Бұл – менің жеке ойым және оны біреуге күштеп таңуға аса құлықты емеспін. Кейде еркіндікті есіріктікпен кіндіктес деп ұғатындар да бар, солай ойлайтындар еркіндіктен қорқады, сескенеді, сонымен қоймай форматтан шыққысы бар, сырттай қарап отырып қайран қаласың. Кең мағынасындағы еркіндік – өнердің екінші атауы, тұғыры.
Аталған тақырыпқа талай пәлсапашы ой жүгірткен, бірақ түбіне қарата сүңгігендер – некен-саяқ. Проблема дегеніміз – тақырып, тақырып дегеніміз – проблема, өзіңді мазалаған мәселені, тақырыпты таңдап ап жанын шығарып тұрып жазып таста, сонымен сөз – тамам. Адам ретінде, автор ретінде көп нәрсеге алаңдаймын, жұрттың болашағына алаңдаймын. Саяси тақырыпқа барсаң міндетті түрде билікке қарсысың деген не діни тақырыпқа қалам тербесең діндарлар қатарына қосып қоятын, сырттан тон пішетін біртүрлі көзқарас бар, бізде. Балтамен шапқандай әсер қалдыратын шорт байламға, шолтаң ете қалған тірексіз ойға қарап қарның ашады. Болат Атабаевтың босап шыққанын естігенде есіміз кете қуанып ек, аяқасты ажал құшқанда қатты өкіндік...
Әлеуметтік желіден аулақ жүрем, қажетсіз ақпараттан қашқақтаймын, бір реттен бұл да дұрыс шығар. Себебі, әлеуметтік желіден әу бастағы сүйкім қашып, сән кеткендей, эстетикадан, аристократиядан айырылғандай көрінеді, маған. Оны мақсатты түрде, жұмыс аясында ғана қолданған орынды деп ойлаймын. Одан арғысы – құрбандық. Бердібек пен Сайынның заманынан тарта айтсақ, көп дүние өзгерді. Жанын жаһандану жалмап бара жатқан ауыл адамы қалаға бейімделді, қала қазағы даланы сағынғыш, бір нәрсені сағынамыз, бірақ нені екенін өзіміз де біле бермейміз, атауы жоқ, атаусыз. Алайда, тарих дөңгелегі тоқтар емес, айналып жатыр, айналып жатыр. Жақсылы-жаманды бұл да – тарих... Бәріңізге амандық, денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!.