Әлібек Байбол. Бала тануға тиіс жаңа әлем

Әлібек Байбол. Бала тануға тиіс жаңа әлем

Биыл ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" деп жариялады. Осы орайда жазушы Әлібек Байболдың  "Бала тануға тиіс жаңа әлем"атты Баян Болатханованың шығармашылығы негізіндегі сынын ұсынамыз.

 

Баян Болатханова

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, «Кездесу», «Гаухартас», «Қазақтың Қаршығасы», «Шипагердің шын сыры», «Бибіажар мен Бойтұмар», «Қарагөз-ғұмыр», т.б. көркем және деректі повесть, әңгімелер жинақтарының авторы, жазушы, баспагер Баян Болатханова 1956 жылдың 27-тамызында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Кастек ауылында дүниеге келген. Жамбыл атындағы орта мектепті үздік бітірген соң, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетін һәм Филология факультетінің аспирантурасын ойдағыдай тамамдаған.

Бұдан бөлек, Республикалық «Лениншіл жас», «Кино әлемі», Халықаралық «АЗиЯ», «Заман-Қазақстан» басылымдарында қалам қарымын танытқан-ды. Ол Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын өткізуге арналған сценарий жобасы аясында жарияланған мемлекеттік жабық байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алған. Баян Болатханова Республикалық «Абитуриент», «Турист» газеттерін және өзге де баспа өнімдерін шығарумен айналысады. Жазушы 2010 жылы «Бибіажар мен Бойтұмар» атты психологиялық иірімдерге толы хикаятымен Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің бірінші жүлдесін иеленген. Ал, 2012 жылы оның «Сарыкөжек» әңгімесі аталған байқаудың ынталандыру сыйлығына лайық деп табылған. Қалам иесінің мына бір сөзі көп дүниеден хабар беретіндей: «Балалық шақтың өмір бойы естен кетпейтін, кейін есейген соң да зердеңде бойтұмардай қадірлеп сақтайтын әсерлі суреттері болады. Оны сен жорта ойға алып та жатпайсың. Сәби кезіңде куә болып, төл табиғаттың өзіндей сіңісті болып кеткендіктен шығар жаныңа жақын, тым етене. Беу, бұл тобылғы түсті дүние ғой». Мұнда ұққан жанға біраз нәрсе жасырынған. Биыл «Балалар әдебиеті жылы» екенінен құлағдарсыз, аса құрметті оқырман. Ал, бұл жазушының балаларға арналған шағын-шағын, бір шоғыр әңгімелерінің айтары арыда жатыр. Бірнешеуін оқып шыққан соң, солар туралы айтуға, жазуға ниет еттік.

«Ақмысық» – арылу (исповедь) сипатындағы шығарма, қаламгер сөзін үй жануарына қарата бағыттап отырғанымен де, мына дүние «мейірімді апаның» өзді-өзіне, ары алдында есеп беріп отырғандай әсер қалдырады екен. Айталық: «Ақмысық, сені жұртта бекер қалдырып кеттік-ау деймін. Бірақ, кейде сол шешім дұрыс та болған сияқты. Мұнда не бітіресің? Біздің өмірімізге қалай ғайыптан пайда болсаң, дәл солай қала бердің. Иә, өз еркіңмен емес, әрине.  Саған салса, үй ішіндегілердің біреуіне айналып, еркелеп, керіліп, созылып жанымызда жүре берер ең». Иесінің неге бұлай істегенін мына мәтіннен байқаймыз: «Несиенің түртпегі қиын тиіп, сенің де, бәріміздің де жайлы баспанамыз боп жүрген үлкен үйді жалға беруге мәжбүр болдық емес пе?! Басқа амал жоқ. Өздері тығырыққа тірелген отбасы ендігі жерде сені ойламады деп кінә арта аласың ба? Бірге алып кетуге болушы еді. Бірақ, көшіп баратын үй мұндай кең алаңқайлы ашық жерде емес қой». Жаңағы кісі «сапырылысқан сансыз машина тар көшеде» бір-екі мысықты жайратып кеткенін өз көзімен көрген-ді. Соны ойласа бітті, ішінен тынып, жанын қоярға жер таппайды, қиналады. Алайда, амал нешік? Тұрмыс жайы қолды кесіп тұр емес пе?! «Сананы – тұрмыс билейді», – деп Карл Маркс бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Сөйтіп, иесі ішіне сыймағанды ақ қағазға ақтарады, содан барып жеңілдейді, тыныш табады. Үй жануарының түсі – «мөлдей қара» болғанымен, оны еркелетіп Ақмысық деп атап кетіпті. Бұл – «қарға баласын аппағым дейдіден» туған мейірім. Оның сырты – қара, бірақ жан дүниесі – ақ. Екеуінің қауышар сәті де әсерлі, оқып отырып көзіңе жас үйіріледі: «Өткенде өзіңді немерем екеуміз сол ауданның азық-түлік, оның ішінде ет сататын дүкеннің жанынан көріп қалдық. Танымай ма десек, таныдың, Ақмысық. Жағдайың жаман емес сияқты. Қазақтың мысықтары да өздері сияқты шүкіршіл бола ма деп қалдым. Ақ диванда шалқайып жатпасаң да, әйтеуір емін-еркін, далада өз күніңді көріп жүр екенсің. Танымай ма деген күдігімізді жоққа шығарып, тоқтай қалып, аяғыма бір сүйкеніп өттің». Мысық екеш мысық та адам секілді сезіне алады. Алайда, тілі – бөтен, қипақтайды, мияулайды, құйрығын бұлғаңдатады, әттең-әттең сырымен бөлісіп, ешкімге айтып түсіндіре алмайды, Алланың ісіне шара жоқ, солай етіп жаратқан. Автордың Ақмысыққа айтқан сөзі – көптің басындағы күй. Бұнда тағдыр бар, мысықтың ғана емес, адамның тағдыры бар: «Апыл-ғұпыл дегенім, несие мен несиенің арасы ғой. Сен оны түсінбей-ақ қой, Ақмысық. Құдай басқа бермесін. Несиелі несібе – тым ащы. Тәтті дегенді сезіп, сезбейсің. Күліп те жарытпайсың, жылап та жарытпайсың. Әйтеуір, апай-топай бір күндер несиемен алысып өтіп жатыр. Күндер зырлап, несие қанша төлесең де міз бақпай, тасбақа табандап мезі етті. Қайдан, қалай, қай сағатта ұрындым деп жылап, еңіреп, дедектеп жүрген бір біз емес. Жиырма төрт сағат еңбек етсең де, нысапсыз несие төлемі жылжымайды».

Қаламгердің «Алашапан» әңгімесі де оқырманды бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз. Осы туындыдан қанды майданның қасіреті, соғыстың жанға салған жазылмас жарасы менмұндалайды. Алашапан, бұл – «шекесінде, сауырында, арқа тұсында әр-әр жерінде сары теңбілі бар сүйкімді қозы», апасы «Бәшкебайдың бәсіре қозысы» деп те атап кеткен. Ол туғанда бәрі қуанған-ды: «Әкетайым: «Аты – Алашапан болсын мақұл ма, балам?» – деп қозыға ат қойды. Ата-анамның қозыға осынша пейілдері түскеннен бе, әлде жарық дүниеге жаңа ғана көзін ашып, түк түсінбей, тілерсегі дірілдеп әзер тұрған әлсіз қозыны аядым ба: «Алақай, алақай! Алашапан! Алашапан! Сен менің қозымсың! – деп алақанымды шапаттап секіріп, қуанышымды білдіргенмін». Үйдегілердің шаранасы кеппеген қозыға деген көңілі – бөлек. Олар – бұны жабулап, ерекше бағып-қағып, енесінің емшегіне тықпалап әбігер: «Тұрпаты танадай, маңқиған саулықтың да үстіндегі қауқиған сары ала тоны ерекше. Нағыз бұйра-бұйра, сеңсең-сеңсең, ала тон, алашапан еді! Ене саулықтың апамның соңынан еріп, қолынан жем-шөп жеп, су ішіп жүргеніне көзім бұрыннан үйренген. «Сен туғанға дейін атаң екеуміз осы алашапанды бала қылдық қой», – дейтін анам ондайда, «Алашапан» – «әпкемді» маған таныстыра сөйлеп». Мына жерде бір сыр бар. Ол қандай құпия екенін шығарма соңында білесіз. Әңгіме малды ауылда тұратын, қозы-лақпен ойнап жүретін үш-төрт жастағы баланың қабылдауы арқылы берілген-ді. Сүйкімді қозы оның өміріне айтарлықтай өзгеріс әкеледі. Алашапан басқаларынан оқшауланып тұрады. Етене боп бірге жүрген бала қозысының тасырлата жүгіргенін, маңырағандағы нәзік дауысын жазбай танитын деңгейге жетеді, оны жақсы көргені соншалықты, туыс тұтады, айнымас досына айналады. Ол қозысының күтіміне қатты көңіл бөледі, «енесі тойдырады» дегенге қарамастан, емізікке сүт құйып тамақтандырады. Кейде өзі жеген тоқаш, бауырсақ, кәмпитті де беріп отырады. Қазақша айтқанда, қара нанды қақ жара жеген жолдас болады. Сөйтіп жүрген Алашапан тыңайып алған соң енесін де ұмытып, артынан қалмайтынды шығарады. Жылдар жылжып баламен бірге қозы да жетіледі. Автор Үлкен Алашапан Әкебай атасы мен Күшә анасына қалай бала болғаны туралы баян етеді, оқырманға. Бұл отбасы – соғыстан кейін көтерілген екінші шаңырақ: «Атам соғысқа алынып, өзі аңшы, мерген болғандықтан майдандағы әскерлермен бірге немістерді баудай түсіріп, қырған екен. Әсіресе, Сталинград шайқасында жан аямай соғысады. Бірақ, сол шайқаста өзі де жараланып қалады. Әскери госпитальға жеткізгенше, жол ұзақ болған екен. Жарасы асқынып, тіптен құрттап кеткен. Дәрігерлер ұзақ емдеп, әйтеуір аман алып қалады. Қайтадан майданға баруға жарамсыз деп табылып, елге қайтады. Ауылға келсе, дүние – астаң-кестең. Әйелі науқастан көз жұмыпты. Қолғанат болып қалған жалғыз ұлы – Әділбай ұзақты күн тары қорып, күн астында көп жүргеннен іші тоқтамай, дерті асқынып, шетінеп кетіпті. Қайран әкемнің тұяғы – менің асыл бауырым сұм соғыстың кесірінен осылай оң-солын танымастан көз жұмған. ...Соғыс салған жарақат... Жер ортасына келгенде жаралы қос жүрек қайта түтін түтетеді. Бір отар мал алып, жеке шығады... Бірақ, біраз жыл бала сүйе алмайды. Осы кезде ғой, Алашапанды бала қылып жүргендері». Осы көркем шығарманы оқып отырғанда жылылық, аялау, адамның сенімі, үміт деген нәрселер бірден көзге түседі. Бұл – бір ғана шаңырақ көрген жағдай емес, соғыстан кейінгі ұрпақтың жадында жатталған өмірлік суреттер.

Баян Болатханованың «Балықтар» атты ертегісі де ерекше көңілден шықты. Онда былай делінген-ді: «Ертеде екі алтын балық болыпты. Екеуі – егіз, бірін-бірі көрмесе тұра алмайды екен. Біреуінің аты – Көкаспан, екіншісі – Көктеңіз. Бұлай аталулары да қызық. Көкаспан суда алтын қанаттары жалтылдай жүзіп, асыр салып ойнаумен қатар дауыл тұрып, толқын күшейген сәтті қатты ұнататын. Ақжал толқындардың жалына жармасып, теңіз бетінен туу биікке көтеріліп, аспанға, жарқыраған күнге, шалқар теңіз тәрізді, бірақ тым-тым алыста, төбеден төңкерілген шексіз кеңістікке алтын сауырлары жалтылдап, асыр салған күйі секіріп-ақ жеткісі келетін. Қанша қарғыса да теңіз анасының құшағынан босай алмай, күміс көбікті, шалқар су айдынына қайта құлайтын. Бірақ, бұл ойын ба, әдет пе, өзіне қатты ұнап, асау толқындармен жарысып өмір сүрді, алтын балық – Көкаспан. Биікке ұмтылып, әр толқын сайын заңғар көкке жетпек болып талпынып, асыр сала қарғыған алтын балық, көрер көзге басқа тұрғыластарынан ерекше боп таралып, сымбатты боп өсіп келе жатты. Егізі – Көктеңіз – нағыз су перзенті еді. Түпсіз тұңғиық теңіз қойнауында жүзіп, маржаннан алқа таққан теңіз тауларын, түрлі-түсті балдырлы, сан алуан балықты, суасты мекендерін аралағанды жақсы көретін. Оған салса түпсіз тұңғиық теңіз түбін шарлағаннан әсте жалықпас еді». Бірде, бұрын-соңды болмаған дауыл тұрып, теңіз толқындары аспанға шапшиды. Екі балық теңіз табанын аралап, міне, қазір ғана су бетіне шыққан еді. Тәуекелқұмар Көкаспанның көптен күткені – осы. Содан су астына күмп беріп, қайтадан еніп кетеді. Мынандай қызық, ассоциация деген болады ғой. Осы ертек маған тұп-тура өмірді елестетті. Неге екенін білесіз бе? Қос балықтың орнына екі бауырды қоя-қоя салыңыз, сонда бәрі түсінікті болады. Сенбесеңіз мына бір көркем мәтінге көңіл бұрыңызшы: «Аласұрған алапат толқындардың қайда апарып соғарын бір Құдай білсін! Болары – болды. Оны ойлап бас қатырып жатқан Көкаспан ба?! «Қап!» – деуге ғана шамасы келді, Көктеңіздің. Егізінің соңынан ол да атылды, толқынға. Анталаған мың сан қауіп барын білсе де ойлануға хақы жоқ еді. «Құтқару керек» деген тылсым түйсік қана алға жетелеген. Есірік толқындар жарыса жөңкіледі. Дәл осы сәтті күткендей қанаттарын сабалай, сусылдай шүйілген шағалаларды көрмейсің бе. Тек шағала ғана емес, балықшы, бірқазан тәрізді нәсібін судан айыратын құстардың көбісі шаңқылдай, сусылдай ұшып, азан-қазан».

Көкаспан – өмір бір рет қана беріледі деген ұстанымдағы көзсіз, алды-артын ойламайтын албырт, ал бір жағынан өжет, өр, қайсар, ал Көктеңіз – көп дүниенің байыбына баратын ойлы, ұстамды әрі бауырмал. Ол егізін құтқару үшін шаршап-шалдыққанына қарамастан бар күш-жігерін салып, соңынан жүзіп келеді, жүзіп келеді. Теңіз ана – ашулы, дауылдың басылар түрі жоқ, толқындар барған сайын күшеюде. Көкаспанды айыптаудан аулақпыз, керісінше ол алға қойған мұратына жеткісі келеді және дәп осы кезді ол өмірбойы күткен, мұндай керемет мүмкіндік енді келмес. Құданың құдіреті, екі балықтың «қабыршақты қанаттары құс қанатына» айналып, олар қиқулаған сансыз құзғынның құрығына ілікпей, ақша бұлттарға ілінеді. Сөйтіп, ақшулан толқындардың жалдарына мықтап-мықтап жармасып, аспанға бір-ақ ұшады. Егіздер көк жүзіндегі бір-бір жұлдызға айналып, жоғарыдан төменге таңғала қарап, осы бір тынымсыз тіршілікті тамсана тамашалап тұрады. Кез келген адам мақсатына берік болса, соған жанын сала ұмтылса – жетеді, жетпей қоймайды, ол алдынан кесе-көлденең тұрған, оқыста кездескен барлық тосқауылды бұзып жарады, ең бастысы сенім керек, өзіңе-өзің деген сенім, бауырға деген сенім, жақыныңа деген сенім. Тағылымды ертектен осыны түйдік, осыны ұқтық.

Жазушының «Ию-Қиюын» оқығанда, ал не болар екен, ал соңы немен тынар екен деп тыпырши оқығанымыз өтірік емес, шын. Кешкісін қорадағы малды жайғастырған соң бірін-бірі соғымбасына шақырып, абыр-сабыр боп, дастарқаннан дәм татып, сұқбат құрып әдеттенген көңілі – көлдей көршілердің орны – айрықша. Ел жиылғаннан кейін небір естеліктердің тығыны ашылатыны анық. Сол кезде үш-төрт жас шамасындағы құймақұлақ бала естіген-көргенін зердесіне тоқып отырған екен: «Сырттағы үскірік жел, аппақ қар тұмшалаған алып даланың ызғары ортадағы жалт-жұлт еткен білте шамның жарығын сөндіре алмайды. Пеш ішінде лаулап жанған от пен көршілердің ынтымақ, береке жылуы астасып, үй іші қыз-қыз қайнайды». Қысқасы былай... Есім шалдың екі кемпірі болыпты. Әңгімедегі басты баяндаушы-нарратор – атаның бәйбішесі – Несібелі апа. Соғыс жаңадан аяқталған шақ, тым-тым тапшы кез. Пысықай, көптің ісімен шатағы шамалы ферма басшылары тұтастай бір отбасыны көшіруге ерініп, олар Қопаның жағасында, айдалада бір отар малмен жалғыз қалып қояды. Үйде мылтық бар екен. Отағасы ара-тұра оқ атып, қора-қопсыдағы малды шамның жарығымен ит-құстан күзетіп шығады. Бір күні ол керек-жарақ алып келу үшін орталыққа тартады. Үйдегілер малды жайғап болған соң, кешкі аста та ішіледі. Енді қараңыз: «Сол, сол екен алыстан құлаққа жеткен бір жайсыз дауыс түн тыныштығын бұзып жіберді. «Ию-қию. Ию-қию. Ию-қию». Түсініксіз, бір үрейлі, ессіз айқай. Адам дейін десең, адамның дауысына ұқсамайды. Сырттағы қарауыл иттер де үріп, айнала – азан-қазан болып кетті. «Астапыралла, бұл не нәрсе?» – деп иманымызды айтып, таласа-тармаса қазақ үй есігінің саңылауынан сыртқа телміре көз салып жатырмыз». Сөйтсек, анау бір алыстан бойы – ұп-ұзын, үлкен, алып адам ба, әлде мақұлық па, әйтеуір түсініксіз субъект құйындатып келе жатады. Әлгілер тілдерін кәлимаға келтіріп, есікті әртүрлі заттармен тірей жабады: «Темір пештегі отты маздата жағып, шоқпар, оттығымызды дайындап жатырмыз. Бишік, шоқпар, басқа не бар дейсің, бізде. Мылтығын шал өзімен ала кеткен. Зар иманымыз қалмай, қолымыз дірілдеп, қалш-қалш етеміз. Балаларда да дегбір жоқ. «Қорықпаңдар!» – деп басу айтқанмен басқа түскен соң не шара». Ию-қиюдың дауысы уақыт озған сайын үдеп барады, үдеп барады. Отбасы мүшелері Жаратушыға рас жалбарынып, көздерінен тарам-тарам жас ағады. Айнала – азан-қазан: абалаған ит, кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қой: «Қайрат қылып, шоқпармен, нан илейтін оқтаумен, су құйған бөшкені ұрып, тарсылдатып: «Кет бәлекет, кет, кет!» – деп айқайға бастым. Сағымбалаға: «Сен аяттарды дауыстап оқи бер», – деп қоямын. Үйелменді-сүйелменді үш-төрт бала өкси жылап, бір-бірін құшақтап алған». Ай, осымен бітті-ау шаруалары деп тұрғанда тарс еткен мылтық дыбысы естіледі. Кер жорғаға мінген отағасы үйге асыға кіріп, шыр-шыр еткен бала-шағаның жағдайын сұрап әуре. Айдың жарығы түскенде әлгі алып анық көрінеді, ол үй жанынан бұрылып, қырға қарата беттеп бара жатады. Үйдегілер сол түні далада от жағып, қиқу салып, оқ атып, кезек-кезек күзетіп, ұйықтамай, мазасызданып шығады: «Айдалада жалғыз үй қалуға болмайтынын осы жолы әбден көкейге түйдік. Қойшы, әйтеуір итшілеп, таң бозарды. Жарық шыққан соң, айналадан із кезіп қарасақ, адамның табанынан орасан үлкен, ірі, ойылып-ойылып түскен алапат бір із анда бір, мұнда бір тиген күйі қыр асып, жоғалыпты». Келесі күні отиесі құран оқып, бәрі таңғы шайын ішіп, киіз үйді жығып, заттарын арбаға тиеп, үдере көшіп, елге беттеп, Ақтұмсықтағы малшылар қыстауына жетіп бір-ақ тоқтайды. Естуімізше, йети деген мақұлық бар ұқсайды, кейде жұрт оны қар адамы деп те атайды, аюдан зор келеді, тауда мекендейді, күші масқара болады, азық таппаса ауық-ауық етекке түсіп, адамға шабуылдап, малды жаратыны бар. Әңгімеші дауыстағанына қарап оны Ию-Қиюға балапты. Біле-білсек, халық ішінде тыңдаушысын үйіріп отыратын талайлаған ғажайып аңыз-әңгімелер, әпсаналар жетерлік. Қаламгер соның бірін бізге әсерлі етіп жеткізген-ді.

Қаламгердің экологиялық бағыттағы тағы бір ерекше ертегісіне тәнті болдық. Атауы – «Құрбақа айтқан әңгіме». Онда құрбақаның әңгімесіне құлақ салайық... «Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, Алатау тау болмаған, Қарақұм құм болмаған заманда жер-дүниенің бәрі – теп-тегіс, жасыл шалғын, ну тоғай екен. Бұлақтар су бұрқақша атқылап, жылға-жылғамен сылдырлап күміс су жосылады. Жеміс-жидек – шаш етектен. Алма, алмұрт, шие-өрік дейсің бе, жеміс ағаштары жайқалып өсіп, адамдар Алланың берген бұл ырыздығын, тіптен теріп жеп үлгере алмайды. Бір уыс дәнекті аузыңа салып толғасаң жетіп жатыр. Балауса дәндердің дәмі – саумал, ана сүтіндей дәмді, нәрлі, бір ғажайып, тоқшылық заман еді». Осындай мамырстан орнаған елді Бейбіт хан деген мықты басқарады. Ұлы жоқ, бірақ жалғыз дімкәс қызы болады. Патша көрікті қызын кім емдеп-жазса, соған ұзатпаққа бел буып, жан-жаққа жар салады, жарлықты жария етеді. Хан сарайына шартараптан небір әулие, тәуіп, көріпкел, балгерлер келгенімен де, ару оңалмайды, керісінше нашарлай түседі. Қайғысы қалыңдаған Бейбіт хан не істерін білмей қатты қиналады. Уәзірлері оның көңілін ауламақ пейілмен саят құруға шақырады. Бөлекше жаратылған, аса дарынды, аң-құстың тілін білетін патша аңшылар қосынындағы арнайы тігілген алты қанат үйдің шаңырағына қонған қос қырғауылдың әңгімесін естіп қалады. Осы маңда алапат дауыл тұрып, зілзала орнап, соның алдын алу үшін қазірден бастап қамданудың қажет екенін, қызы осыны түйсігімен сезіп, ауырып жатқаны туралы хабардар болады. Алғашында бұған сенер-сенбесін білмеген ол сарайына жеткен соң уәзірлері мен билерін жиып: «Аз уақыт ішінде таудан құлап ағатын осы дария сағасымен жүзіп, құрлықпен де жүріп, өзге жерге қоныс аударуға тиіспіз. Жұрттың бәрі хабарлансын. Алдымен, кемтар жандар, жас балалар мен аналарды, қарияларды көшірейік. Ер азамат біткен жорықтағыдай оларды қоршай, қос қанаттап, соңынан жүріп отырсын», – деп тапсырма береді. Мына сұмдықты естіген елден ес кетеді. Сөйтіп, бәрі сол жерден ауа бастайды. Жол-жөнекей бұларға кезіккендердің барлығы тегіс естиді, осы жағымсыз жаңалықты. Халық «үш айға жуық жол жүргенде жер дүмпуі басталып кетеді». Соның салдарынан кезіндегі кең мекен, жасыл атырап, жайқалған өлкеден түк қалмайды, су тартылады. Жұрт айрықша ардақтаған «Кемеңгер хан» балуандарына: «Сусыз елдің күні қараң. Қырық құлаш жерден құдық қазып, су шығарыңдар», – деп тағы бір тапсырма береді. Сонда, Қатша кемпірдің жас та болса ақылды баласы: «Ана! Хан қосшылары бірінің құлағына тигізіңіз. Сулы жерді қалай табуға болатынын мен білемін», – дейді. Сөйтіп, зерек бала патшамен жолығып, білгенімен бөліседі: «Хан ием, бұл өлкеде біздің елде бұрын-соңды болмаған, түйе деген жануар бар. Құм-шағылдардың арасында өмір сүреді. Суға төзімді. Айлап су ішпей жүре береді. Бірақ, алпыс шақырым қашықтықтан су шығатын жерді сезеді. Құм астынан су шығарын танауымен иіскеп біледі. Сол жануарды ұстап, қолға үйретіп, соңдарынан ере берейік, солар тоқтаған жерден су шығар». Арғымақ арып, болдыра бастағанда жолды түйе бастайды: «Алланың құдіреті, құм арасындағы жазира ойпаттарды, суы бар жерлерді түйе жарықтық адаспай табады. Сол маңда тарбайып, иір-қиыр боп өскен құм бұталары көзге көрінеді. Селтиіп, сексиіп өскен бұталар жаңа жұртқа көшіп-қонып жатқан елге соңдарында қалған орман-тоғайды еске түсіріп, көздеріне жас алғызады. «Сексиіп өссең де, жаңа жерге тұрақтап, қайта қоныс тебуімізге, жаңа тірлік бастауымызға сеп болдыңдар. Шөл ханшайымы – бұл бұталардың аты – сексеуіл болсын!» – дейді халық. Бейбіт ханның сарбаздары айналадан қырық құлаштап сансыз құдық қазып, ойпатты көгалдандыруға кірісіп кетеді. Патша бетіне қарап отырған жалғыз қызын елді апаттан құтқарған балаға беріп, былай дейді: «Мен қартайдым. Елімді енді Дана хан – Бала хан басқарсын!». Ал, енді ертекті неге құрбақа баяндап отыр деген заңды сұрақ туындауы мүмкін, бәрінде. Жауабы – мынау: «Бағзы замандағы құм арасындағы сол мамыражай, бейбіт елдің әңгімесін бізге жеткізген сексеуілді атырап пен маң-маң басқан түйелері бар шөлді өлкенің ежелгі өкілі – құрбақа болатын». Не алдық, не түйдік, не үйрендік? Әділ басшы, жас болса да көш бастай алатын алғыр бала, қасиеттің, қабілеттің, парасаттың, ақылдың арқасында қауіп-қатер, азаптан құтқарылған халық... Мұнда сайып келгенде кім болсаң да, хан бол, қара бол, ең бастысы адам қалпыңда қал деген өзек сезіледі.

Қaзipгi қaзaқ прозасы жaнpлық, тaқыpыптық, стильдік ерекшелігімен қоса, бiтiмi тұрғысынан дapaлaну, синкреттену cекілді бip-бipiнeн мүлде бөлeк cипaттaғы үрдістерді бacынан өткepудe. Әңгіме жанрының қиындығы сонда, автор оған адам тағдырының жылт еткен сәтін сыйдыра отыра, органикасын, тұтастығын сақтай алуы керек. А. Байтұрсынұлы: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: ақылға, қиялға, көңілге» деген. Ал, Б. Томашевский әңгіме жарына мынандай анықтама береді: «Жанр рассказа – это генетическая определяющееся обособление литературных произведений, объединяемых некою общностью системы приемов с доминирующими объединяющими приемами-признаками». Аталмыш жазушы өз позициясын көркем шығармаға күштеп тықпаламайды, біреуді мақтамайды да, даттамайды да. Ол ауыртпалықпен бетпе-бет келген қарапайым адам өміріне, тағдырына, жан дүниесіне жай ғана үңіліп қана қоймай, оны мейлінше ақтап алғысы келеді. Баян Болатханованың көркем шығармасының көбінде басты кейіпкер – әйел, қыз бала, апа, әже, ана. Бұл жазушының өзі деп жобаладық, яғни «екінші мені». Қаламгердің балаларға арналған әр әңгімесінде оқырманға ой саларлық, жылу, мейірім сыйларлық дүние бар. Өйткені, бұл – бала тануға тиіс жаңа әлем.

Т. Раушанұлы