Әбіш Кекілбаев. Әдебиет әзелгі мұратынан айнымақ емес

Әбіш Кекілбаев. Әдебиет әзелгі мұратынан айнымақ емес

Жуырда ғана еді. Таң атпай жатып, телефон шырылдады. Аса таныс дауыс. Асықпай-үсікпей, әр сөзін шекеңе шегедей қадап, қазымырлана сөйледі. “Біздің ПЕН-клубтың кезекті жиыны мамырдың аяғында Ақтөбеде өтеді. Шетелдерден де меймандар келеді. Сөйлегеніңізді қалаймыз. Тарихымыз бен әдебиетіміз жайында қанша айтам, қалай айтам десеңіз де еркіңіз. Шектеу жоқ”. Айтып тұрғаны құлаққа майдай жағып барады. Қазіргі демократия дәуірінде де мұндайды күнде ести қоймайсыз. Бостандық пен еркіндіктің аздығы арытса, көптігі күпті қылатындай. Әлгіден бері әлденеше күндер өтсе де, мұндай ұлан-асыр тақырыпты неден бастап, қайдан қайтарымды білмей, әлі сабама түсе алмай, алабұртып жүргем.

Тым болмаса, Ақтөбеге дейін әуеде бәрібір қол-аяғың жіпсіз байланып, еріксіз тұтқын болатын екі жарым сағатта алдағы мәжілісте не айтып, не қоятынымды сарапқа салып аламын ғой деп есептегенмін. Көзді тарс жұмып алып, емін-еркін ойға батқым келген-ді. Одан түк шықпады. Марсқа барып қонған алғашқы аппарат, Американың тұғырлығын тулатқан торнадо, Еуропадағы су тасқыны, Азиядағы жерсілкіністер, Африкадағы қақтығыстар, тағы басқа, тағы сондай алыпқашпа ақпарат жаңалықтары шынжырдан босаған арландардай айнала анталап тұрып алды. Қайда да болса, әдебиетті ойлап, бастарын ауыртуға мұршалары болмай, мұрындарынан шаншылып жатқан жұрт кілең. Күдерімді үзіп, көзімді аштым. Еріксіз иллюминаторға еңкейдім. Қалтаңдаған қанаттың астынан әлдене бозарандады. Тани кеттім. Ахмет Байтұрсынов туған Аққұм мен Ақкөл. Толы кеседегі қымыздай көлкіп жататын мөлтек көл биыл балығы қырылып, бетіне қалқып шығып, көже құйған тегештей қоймалжың тартыпты. Оның сыры неде? Биологиялық індет пе, әлде техногендік зардап па? Бір Алладан басқаға беймағлұм. Ол көзден тасалана бере, көк селдір мұнар арасынан жыландай ирелеңдеп Өлкейек көрінді. Әбілқайыр сонда мерт тапқан. Көп ұзамай күнбатысынан Маңтөбе маңқиды. Петербор елшісі Тевкелев сол араға келіп ат басын іріккен. Бұл құла дүзде оған дейін де талай тайпаның тарландары тағыдай жортқан. Тайбұға, Құнан, Сүмен, Елбөрі, Басман, Қалқұтан – Шыңғыс ханмен ұстасқан шын жаужүректердің бәрі осы қиырларға жетіп бой тасалаған. Моңғолдарды батысты шабуылдауға дәндеткен ең алғашқы Ырғыз шайқасы да осы бір құлазып жатқан қуаң кеңістікте өткен. Аң қуып жүрген Хорезм шахзадасы Жәлелетдин жау қуалап жүрген Жошы оғланмен осы арада ұстасқан. Алтын ордадан бақ таярдағы айқай-сүреңдердің ақ қапталдары Барақ, Құйыршық, Тоқтамыс, Едігелер мен Ақсақ Темір әулетін Тұраннан қуып, Үнді асырған Мұханбет және Махмұт Шайбанилар осы жазираларды аямай шиырлап, аянбай айқас салған. Ондай аламаншылықта өткен сұрапыл дәуренді шын айнала қоршап жатқан моңғол, сартауыл, қызылбас, саклаптар қазақшылық құру деп атаған. Бүкіл атырап, сөйтіп, Дешті Қыпшақтан біртіндеп қазақ даласына айнала бастаған.

Бір кезде Жаман қала атанған Орскінің теңірегінде Ноғай ордасының шығыс бөлігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған кейқуат Шейх-Мамай жатқан көрінеді. Ол заманында Шыңғыс әулетінен үш оғыланды – Ақназар, Ахметкерей, Мұртазаны өз ордасында тәрбиелеп есіріп, Қазақ, Башқұрт, Ібір-Сібір тағына өз қолынан апарып отырғызыпты. Әрқайсысы бір-бір тақ иемденген бұрынғы ұяластар өле-өлгендерінше бір-бірінің соңына түсіп, өштесіп өтіпті. Шығысқа өңмендей ұмтылып, Қазан, Астрахан сынды бұрынғы Алтын Орда ордабазарларын жайындай жайпап келе жатқан орыс шонжарларынан іргесін аулақ салмақ болып, Сарайшықтағы Орыс би де осы иен шалғайға қарай шалқайыпты. Ал оның тікелей ұрпағы, патша генералы Василий Алексеевич Урусов арада ғасырлар салып, бір кездегі бабалары Едіге мен Орыстың соңдарына еріп, сойылдарын соққан сормандай башқұрттарды Ор мен Сақмар өзендерінің бойларында қан жоса қылып қырып салды...

Қысқасы, осы жиынға келе жатып, ұшақ терезесіне үңілген сайын көзім шайдай ашыла түсті. Қай-қайдағы ойға оралды. Сөйтсе, Ақтөбе аймағы ежелгі Дешті Қыпшақтың нағыз саяси кіндігі екен. Оның жоғарыда сөз болған ең ежелгі мемлекеттерінің орда тіккен орындарының – Астана, Байтақ, Қос-Жайық, Сарайшықтың – қирандылары күнбатыс беттегі Елек, Қобда, Жайық бойындағы жазықтарда әліге дейін тоз-тоз шашылып жатыр. Олармен іргелес орналасқан Орал, Орск, Орынбор, Троицк қалалары – патша тұсындағы Казақстанның бұйда ұстаған әкімшілік орталықтары. Ұзақ уақыт қолымыздан шығып кетіп, көзімізден бұл-бұл ұшқан ұлттық мемлекеттігіміз де алғаш рет өткен ғасыр басында ұлттық автономия болып осы өлкеде, Орынбор қаласында жарияланып, қайта тіріле бастаған-ды. Еуропа мен Азияның, аңшы-малшы қауымдары, түрік-моңғол, угро-фин, үнді-еуропа тайпалары Арктикамен шектес жатқан осы бойлықтарда жамырай табысып, әлденеше ұлттық-мәдени, саяси-аумақтық бірлестіктер түзген. Ежелгі скифтер мен сарматтар осы атыраптарда сайрандаған. Осы жазираларда хундар ғұндарға айналған. Атақты Атилла да Еуропаға осы тұстан аттанған. Бұл араның топырағын әлденеше жұрттар мен ұрпақтардың төгілген қаны мен тері аямай суарған. Әлемдік археологияға алтын сыбаға болып қосылған ең теріскей ежелгі қала Аркайымның, ең алғашкы доңғалакты күйменің біреуі мен ең соңғы мамонттардың біреуінің жұрнақтарының кең-байтақ қазақ даласының теріскей батыс шебі саналатын осы атыраптан табылуы тіпті де тегін емес. Әлімсақтан бермен қарай жалғасып келе жатқан планета тарихының ең ежелгі қабаттары бұл төңіректе әлі күнге тың жатуы әбден мүмкін. Адамзат тарихының ең өзекті үдерістері бұл маңайды айналып өте алмаған. Бұл өңірдің азынаған желі де әлі күнге екі иінінен дем алып, бұрқ-сарқ қайнап жатқан беймаза тарихтың арғы-бергісінен сыр шертіп, күні-түні гөй-гөйлеп тұрғандай.

Бұл жазиралардың жадында талай айтылмаған сыр, ашылмаған құпия жатыр. Олардың төстеріңде тек айтыс-тартыс, алыс-жұлыстар ғана өткен жоқ, “Үркер”, “Елең-алаң” романдарын жазып жүргенде мен де талай рет ат басын осында бұрғанмын. Кейіпкерлерім жүрген жерлерді аралап, қабірлеріне соғып, тәу еткенмін. Аттарын да ататпай, біржолата ұмыт бола жаздаған бағзы бабаларының жай-жапсарларын барынша сақтық, сыпайылық сақтап, суыртпақтап сұрағанымда талай ұрпақтар маған сенбей,      сезіктене қараған. Жолықпауға тырысып, үйлерінен қашып кеткендердің сондарынан қуып барып, сөйлескен кездеріміз де аз емес. Алғада Бестамақта жатқан Есет батырдың басын  қарайтпақ болған бір топ ақсақалдардың төбелеріне әңгіртаяқ ойнатып жатқан бейбастықтың үстінен шыққанмын. Бірақ, тарих та қыздардай қырық шырақты ғой. Қанша төмпеш көрсе де ебін тауып, әрбір жаңа ұрпақпен бірге қайта тіріліп, жаңғырып жатады ғой. Сол жолғы сапарда мен Сайрам түбінде қазақ хандығының жылма-жылғы жаз басы мен күз басында екі рет құрылтай өткізетін Мәртөбесінің мал қораларын салуға керек саз алатын, жоңғар тойтаратын жорықты бастайтын шешім қабылданған Ордабасының теміржолға төсейтін қайыр алатын карьерге айналып, көзапара құрып бара жатқанын көріп, алғаш дабыл қаққандардың бірі едім. Құдайға шүкір, қазір екеуі де ұлттық тарихи қорыққа айналды. Ол сапарда Қаратаудың түскейі мен теріскейін, Сыр, Торғай, Ырғыз, Елек, Қобда бойларын аралап, Қазақ тарихына тікелей байланысты Қазан, Уфа, Орынбор, Орск қалаларын барып көргенмін. Қалың жұрттың ортасында жүрсе де, тіл мен жақтан айырылып, қаралай меңіреуленіп бара жатқан талай кәріқұлақтың өзге түгілі өзінен жасырып келген тықпа сырларын тыңдағанмын. Орскіге барғанымда менің шығармаларымның басты кейіпкерлері Әбілқайыр, Абылай, Әбілмәмбет, Барақ, Нұралы, Ералы, Айшуақ, Бөкенбай, Есет, Жәнібек, Әжібай, Арал, Бақтыбай, Баймұрат, Байқара, Жәдік, Серке, Тевкелев, Кирилов, Татищев, Урусов, Неплюевтердің қалдырған іздерінің әлі сайрап жатқандарын байқадым. Сонда маған Жағалбайлының рубасы Дербісәлі Беркімбайұлының Ресейдің Азия бөлігін тегіс аралап көріп, Петерборға қайтып бара жатқан патшазаданы жол-жөнекей қалай қонақтатқанын жыр қылып айтқан. Қаланың қасына маржаңдай тізіп ақ жұмыртқа ауыл қондырыпты. Теміржол вокзалынан соған дейін болашақ падишаның табанына топырақ жұқпасын деп әлденеше шақырымға Бұхара қалы кілемін төсеттіріпті. Дәл сол ақпа-төкпе дарқан мырза кейін екі әйгілі шығыстанушы – академик В.В.Вельяминов-Зернов пен саяхатшы К.Пржевальскийді де құшақ жая қарсы алыпты. Қастарында болып, аймақты түгел аралатыпты.

Ал бұл аймаққа қызығушылық қай кезде де өте-мөте жоғары болған түрі бар. Өз басым осы өлке жайындағы А.Пушкин, Т.Шевченко, В.Даль, В.Короленко, А.Генс, Я.Гавердовский, А.Добросмыслов, В.Татишев, П. және Н.Рачковтар, Е.Мейендорф, Е.Ковалевский, И.Бларамберг, В.Григорьев, В.Витевский, Н.Харузин, А.Левшин, Ш.Ужфальви, Н.Скайлер, И.Кастанье, И.Ханыков, Л.Берг, Л.Майер және басқалардың жазбаларымен, И.И.Неплюев, Терентьев мемуарларымен әбден таныспын. Олар тек осы арадан басқа ешқайдан ұшыраспайтын экзотикалық таңсықтарымен немесе саяхатшылардың ауыздарын ашып, көздерін жұмған таңғалыстарымен баурап алмайды. Небір өнегесі мол қызық тағдырлар, асып-тасқан алабөтен құштарлықтар, төбе құйқаңды шымырлатар төтен күйзелістер, көз арбар көркем көріністер оқырман назарын өздеріне тартып, үздіктіре түседі. Солардың ар жағынан атойлап тұрған тауқыметті тартыстар небір жаңа шекспириадаларға өзек болғандай. Баяғыны былай қойғанда, кешегі мен бұрнағы күнгінің өзі не керемет шындықтарды айна-қатесіз алдыңа жайып салғандай. Басқасын былай қойғанда, бұл аймақтағы Сырым, Тіленші, Жоламан, Барақ, Асау, Исатай-Махамбет, Кенесары, Есет, Бекет, Арынғазы, Жанқожа, Әзберген көтерілістері отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің алтын тарауларын құрайды. Ондай орасан ерліктің өрмегі одан бері де үзіліп қалмаған. Бір ғана Әлия Молдағұлованың күрделі де күйзелісті өмірбаянының өзі неге тұрады? Анасы атылып қалған алап, әкесі тығылып жүрген жүлгелер қиялыңды қырық аунақшытады. Тек жарқыраған Алтын Жұлдыздың жалтылына арбалатындар Әлия мен оның оралдық құрбысы Мәншүк Мәметова жасаған ерен ерліктің қияметті қыр-сырына бойлап ене алмай, тым беріден қайтады. Осы бір емшек табы еріндерінен кетіп үлгермеген екі ару бойжеткеннің алдарынан ағыл-тегіл анталап шыққан қалың тобырға осынша шүйлігулерінің сыры неде? Озбыр басқыншылыққа қарсы өшпенділік пе? Әрине! Бірақ та, тек қана ол емес-ті. Екеуінің де әкелері жаппай қуғын-сүргіннің құрығына ілікті. Өздерін де не болса соған сеніп, кім болса соған еретін әлеуметтік әулекілік, халық жауларының балалары деп шиге шаншып, шетке итеріп бақты. Ондай көпе-көрінеу кемсітуге шыдай алмаған екі өжет қыз өздері сұранып майданға аттанады. Қолдарына қару алып, нақақ кеткен әкелерінің намысын қорғап, өздеріне тағылған оспадарсыз жаланың күлін көкке ұшырады.

Қиянат пен әбжілдікке Әлия мен Мәншүктей күйініп, тебірене отырып, тереңдей үңілмейінше, бір кезде Сыпыра жырау мен Асан Қайғы өткен абыз дала, бәрін көріп, бәріне куә болған, бәрін біліп, бәріне түсінетін, ештеңені есінен шығармаған сұңғыла өлке арғы-бергінің талай құпиясын бізге айтпай, ішіне бүгіп келеді. Ал тарихи шындық тек суреткердің қолына түсіп, көркем шығармаға айналғанда ғана халық мұрасына, ұлттық сананың мазмұнына айналады. Әйтпесе, біреу біліп, біреу білмейтін оқиғалар мен деректер бар-бар кезде әділдік пен  батылдық таныта бермейтін  мамандардың  құбылмалылығының құрбаны болып қала бермекші. Осы бір құлазыған құла дүз бен тымырайған тылсым қыраттар аймағына келген сайын біз қанықпаған талай сыр қаламға ілікпей, әлі күнге дейін жазылмай келе жатқан жүздеген кітаптар мен олардың мыңдаған кейіпкерлерінің қоршауына түсіп қалғандай сезінемін. Олар біздің әліге дейін талай нәрседен қашасоқтап келе жатқан тәуекелсіздігіміз бен бетінен қалқып келе жатқан үстірттігімізді үнсіз мұқатып тұрғандай. Бұдан кейін әу баста адамдар өздерін өздері терең түсініп, терең қанығып алуы үшін жаратылған әдебиетіміздің әлжуаз күйіне қайтіп күйзелмессің. Өткеніңді білмей тұрып, бүгініңе түсініп, ертеңіңе еліге алмайсың. Солай бола тұра, әдеби ортада баяғыға бола бас ауыртпайық дейтін мәңгүрттік пен жанымыз жақтыратынды ғана жазып, жақтырмайтынды қалтарыс қалдыра тұрайық дейтін жарыместік әліге дейін айылын жимай отырғанына қайтіп шамырықпассың?!

Адамдардың өзін-өзі кемелдендіріп, өзгелерді кенелте алатын орасан мүмкіндіктерін ойдағыдай іске қостырмай, иықтарынан қорғасындай басып, армандарынан айнытып, жігерлерін қаралай құм қылып бағатын найсап нәмәрттік пен намыссыздықтан айықтыра алар жалғыз дауа – әдебиет. Әділін айтсақ, ол біреулер әлдеқашан жаназасын шығарып қойғандай, әлі көзін біржолата жоғалта қойған жоқ. Бірақ, әл-дәрмені құрып, жантәсілім күй кешуде. Көңіл бірлейтін жалғыз медет: әлеумет одан әлі күдер үзген емес. Хал-жайын сұрап, күңіреніп қояды. Онда да оқта-текте. Онда да ауруханада әлденеше күннен бері оттай лапылдатқан ыстығы қайтып, тілім-тілім кезерген еріндерін әрең қимылдатып, алғаш рет су сұраған науқастың еміс-еміс естілетін әлсіз күбірін еске түсіреді. Бірақ, ол да бетінің бері қарағанын сездіріп, көңілге үміт ұялатпайтын ба еді?! Біздің әдебиетке байланысты да дәл сондай үміт оятар жақсы нышандар байқала бастады. Кейбір жекелеген адамдар, ұжымдар, тіпті, өңірлер туған әдебиетімізге деген бүкілхалықтық махаббатты қайта тірілту жолында қайрат көрсетіп бағуда.

Ең бір қуанышты жағдай, әдебиет әу бастан рухани бауырмалдықтың сөзін сөйлеген. Адамдар мен топтар, тіпті тұтас халықтар мен мемлекеттер ара суытысып кеткен тұстарда да әдебиеттер арасыңдағы қимастық жойылмаған. Рухани түсіністік көпірлерін аман сақтауға тырысқан. Біз бүгін арамыздан осы заманғы орыс әдеби-қоғамдық ойының аса беделді өкілдері Борис Панкин, Евгений Сидоров, Николай Анастасьев, Францияда қазақ әдебиетін насихаттауда аса үлкен қайрат танытып жүрген граф Пьер Аполинер Доминсон, Христиан Вильвер, Малгажата және де басқа шетелдік достарымызды көргенімізге өте қуаныштымыз. Бұл әлемдік мәдениеттің адамгершілікке толы аса өнегелі дәстүрі. Расында да, бенгал Рабиндранат Тагор, жапон Кобо Абэ мен Кэндзабуро Оэ, араб Таха Хусейн, африкалық Воле Шойнке, латынамерикалық Габриель Гарсиа Маркес пен Хулио Кортасарды әлемдік маңызға ие әдеби тұлғаларға айналдырып жүрген тек отандас оқырмандар мен сыншылар ғана емес қой. Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетін тереңдеп білуге шын ықылас аударған қай досымызға да: “Іске сәт!” дейміз. Ондай ықылас өз отандастарымыз тарапынан да молая түскеніне сүйсінеміз.

Бұл арада актөбеліктердің Қазақстанда бірінші болып, жазушыларды ғана емес, жекелеген шығармалар мен әдеби кейіпкерлерді де мәңгі есте қалдыруды қолға алғандарын қуана айтпағымыз парыз. Былтыр күзде халық эпосының қаһарманы – Қобыланды батырдың құрметіне ескерткіш сомдалды. Биыл шығармалары әлденеше елдердің оқырмандарының кітап сөрелерінен әлдеқашан орын алған осы заманғы прозаның айтулы шебері, отандық әдебиеттің патриархы, табиғат талант пен күш-жігерді аямай берген сүлей суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кеңінен танымал “Қан мен тер” эпопеясының басты кейіпкерлерін бейнелейтін аса мән-маңызды монумент бой көтеріп жатыр. Талайымыз аспанды алақандай, жерді тебінгідей қылып, қанша зарланғанымызбен, баба ұрпақтар мен аға ұрпақтың тындырған игі істерін әділ бағалай алатын ризадар жеткіншек ұрпақ бар екен. Қазіргідей құндылық атаулының қатал тезге түсіп, қайта бағаланып жатқан кезінде халық қошеметіне лайық суреткерлер мен шығармалар сұрыптауда қапысыз таңдау жасап, меценаттық қызметті биік эстетикалық талғам мен азаматтық кемелділік өресіне көтере алатын іскер адамдар көріне бастағанына мың шүкірлік айтқымыз келеді.

Олар бүгін Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тері” М.Әуезовтің “Абай жолындай”, ұлттық әдебиетіміздің шығармашылық өсіп-өркендеуінің орта деңгейін емес, шырқау биігін көрсететін туынды екендігіне жұртшылық назарын тағы да аударып отыр. Жақсы шығарма ғана емес, шектен асқан шенен шығарма деп ұлықтап отыр. Сол арқылы әдеби қауымды қол жеткен табыстарды баянды етіп қана қоймай, дәйім өрелендіре, өркештендіре түсуге шақырып отыр. Ол үшін ізденіс өресі кеңейе түспегі шарт. Дүниетанымда үйреншікті көзқарастар ауқымында қалмай, әлемдік тәжірибені молынан қамтып, тереңірек зерделемек парыз. Кейінгі онжылдықтарда әбден орныққан эпигоншылдықтан арылып, шығармашылық сонылықты ұлттық табиғилықпен, суреткерлік даралықпен терең қиыстырып, ең жаңа, ең батыл ізденістер арнасында еңбектенбек мұрат.

ult.kz

Жалғасы

А. Оралқызы