Әбіш Кекілбаев. Әдебиет әзелгі мұратынан айнымақ емес #2

Әбіш Кекілбаев. Әдебиет әзелгі мұратынан айнымақ емес #2

Басы

Ең бастысы, тек шығармашылдық еңбегіміз ғана емес, бүкіл дүниетанымымызды шырмауықтай шырмап алған шырғалаң дағдарысты жалтармай мойындап, жан-жақты талдай білмегіміз міндет. Адамдардың мұндай жаппай тоқырап, жапырыла дәрменсізденуі бұрын-сонды бастан кешіп көрмеген алапат апаттардан кейін кездессе керек еді. Дәл мұндай жұрттың бәрін тегіс қамтыған шығармашылық мүжәлсіздік қай туындының да дүниеге келуіне тікелей не жанама әсер ететін автор, кейіпкер, оқырманның үшеуі бірдей тығырықтан шығып үлгере алмай жатқандығын байқатқандай. Өйткені, әдебиет өз қоғамымен өзектес қой. Қоғамның бойына жүгірген қан әдебиеттің бойына жүгірмей тұрмайды. Қоғамдық тәнді меңдеткен дерт әдебиетті де меңдетпей тұрмайды. Ондай әсер әлгі айтылған автор, кейіпкер, оқырман атты үш тағанның өзара ықпалдастығы арқылы өрістейді. Егер әлгі үш таған әлгіндей ықпалдастықтың әлсіреуінен шатқаяқтанып, істен шықса, ондай дағдарыс тек әдебиеттің басындағы ғана дағдарыс болмағаны.

Мұндай жағдай өз даму жолында әлгіндей ошарылуға ұшырап көрген қоғамдардың бәрінде де болыпты. Олардың тәжірибесі көрсеткендей, қоғам мықтап дағдарғанда адамдарда сенім азайып, көркемдік қиял алжасып, өнер әзелгі әлемді танытып, өмірді түсіндіретін өрелі сипаттарының бәрінен айырылып, ыржақай сауық-сайрандарға ғана керекті арзан ермекке айналады екен. Дағдарыс – дерт. Қоғамдық дағдарыс – қоғамдық дерттің асқынуы. Әдебиет қоғам денесіндегі қызуды айна-қатесіз дәл мөлшерлейді. Оған жолығатын дерт медицинадағы мешелге қатты ұқсайды. Әдебиеттегі дағдарыс та мешелге ұшыраған адамдай тез айығып кете алмайды. Әр жанр өз табиғатындағы айырмашылықтарға сәйкес әрқилы қарқынмен біртіндеп сауығады. Мешелге ұшыраған адамдар да тым ұзақ, тым баяу тығырықтан шығып, біртіндеп оңалмай ма?! Әдебиетте алдымен импульсивті әсерлерге – алып-жұлып бара жатқан ыза мен қуаныштарға, қызу құштарлықтар мен өткір сезімдерге, өмірдегі өзгерістерді тез қабылдап, тез өзгеретін құбылма көңіл күйге тікелей тәуелді, солардан нәр алып, тек солардан ғана шабыттанатын ұшқыр жанрлар тез тыңаяды. Ал ұзақ бағдарлап, мұқият зерделеп, тыңғылықты талдап, қапысыз бағамдау арқылы жүзеге асатын концептуальдық пен нақтылауларға тәуелді эпикалық түрлер мен сүйікті жанрлар қапелімде оңдай оралымдылық байқата қоймайды.

Әдебиетте бәрі де адамға – авторлық пайымның дәлдігі мен тереңділігіне, кейіпкердің мінез-құлқы мен әрекет аясының шынайылығы мен нанымдылығына, оқырман зердесінің нәзіктігі мен сезімталдығына барып тіреледі. Ал бізде бүгін автор да, кейіпкер де, оқырман да ойсырай жарақаттанған ошарылмалы қоғамның түлектері. Күні кеше ғана олар өздерін қоршаған дүниені жаппай мағынасыздық санап, шындап түңіліп жүрді. Қоршаған ортадағы құбылыстар енді-енді ғана мән-мағынаға ие болып, өз сипаттарын енді-енді айқындап келеді. Көбі әлі де бұлыңғыр, әлі де күңгірт. Тұтаса, сомдала қойған жоқ. Ала-құла, үзік-үзік. Алайда, біз көп сыр-сипаты әлі де түсініксіз, әлі де беймәлім, аса орнықсыз, ойнамалы дүниеде өмір сүріп жатқанымызды, тіршіліктің мақсаты да – сондай қарама-қайшылықтар мен екіұштылықтар әлемінен жөн-жосықты мән-мағына табуға тырысу екендігін енді-енді ұғынып келеміз. Әдебиет деген, түптеп келгенде, өмірдің жай әншейін көшірмесі ғана емес, оның өзіне міндет  жүктеп, талап қойып, бәрін жіпке тізіп, барлап, талдап, бажайлай бағалап отыратын ымырасыз бәсекелесі де екен. Ендеше, мақсат пен әрекеттің, ниет пен нәтиженің, ықпал мен әсердің тепе-теңдігіне жетіспей тұрып, әдебиет те өмір сияқты ауыспалы ахуалдан арыла қоймайды. Оның көркем-шығармашылық көсегесін көгертетін үштік – автор, кейіпкер, оқырман да – әртарап қалпында қалып, соның салдарынан әлеумет ықыласын бірден баурап алар толыққанды эстетикалық ләззатты қамтамасыз ете алмаса керек.

Мұндай әрі-сәрілік те алғаш рет орын алып отырмапты. Осындай бір әуре-сарсаң хал кешетінімізді әлеуметшіл ойшылдар әлдеқашан айтыпты. XX ғасырды психолог К.Юнг – ұжымдық хаос белсенділігінің ғасыры десе, философтар: В.Шубарт – өліара кезең, Н.Бердяев – жаңа орта ғасыр, Борингер – жаппай абстракциялау дәуірі, жазушы Джоис – әлімсақтық архетиптердің қайта оралуы, мәдениеттанушы, философ М.Элиаде – көркемдіктің тілі біржолата байланып, атымен жаңа ғаламшар қалыптасатын дәуір деп болжамдапты. Олардың пайымдауынша, бұлай болатындығының басты себебі – қоғамның бұған дейінгі тәжірибесін үзілді-кесілді жоққа шығаруы болып табылады екен. Мұндай жағдай, сонымен, бір дәуір әбден тұралап, келесі дәуір енді-енді қылаң беріп, өткенмен байланыс түбегейлі үзіліп, жаппай ойсырайтын омырылмалы кезеңде орнайтын көрінеді. Аса көрнекті философ, социолог Питирим Сорокин әлгіндей аума-төкпе жағдайда ақыл үстемдік алатын идеационал (зердешіл) мәдениет бірыңғай эмоцияға бой алдырған сезімтал мәдениетпен алмасады дейді. Оның есептеуінше, біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырдан VI ғасырға дейін (зердешіл) идеационал мәдениет, б.д.д. VI ғасырдың екінші жартысынан IV ғасырға дейін аралас мәдениет, одан кейінгі кезеңде сезімтал мәдениет үстемдік құрыпты. Мұндай алмасулар әлденеше рет орын алған түрі бар. Мәселен, XIV ғасырдан бастап басымдық танытып келе жатқан “сезімшіл” мәдениет XX ғасырда аяқталыпты. Бір кезде гректердің “сезімшіл” мәдениеті римдіктердің интеллекті күшейткен зердешіл мәдениетімен орын алмасқан-ды. XIX ғасырда Еуропада әлденеше ірі қалалар былайғыларға тарихтың мәнін түсіндіретін үстемдікке ие болып, қалғандардың бәрін айтқанға жүріп, айдағанға көнетін шетаймақтарға айналдырған-ды. Осындай жүйелі түрде жүзеге асып отыратын жиі-жиі үрдіс алмасулар батыс адамдарын болашақтан қорғана білуге баулыпты. Бір кезде антикалық мәдениеттің “күні батқанда” гректер де не болып, не қойып жатқанына түсінбей, қатты дүрлігіпті. Сондықтанда, Фридрих Ницше тарихты толассыз қауіп деп қарастырып, мәңгілік қайталанушылық қағидасын қалыптастырды. Бұл осы кезге дейін Шығыстың жарасымшыл жайбарақат адамдарынан гөрі Батыстың тәуекелшіл алақызба адамдарына, ержүрек Прометей тектес жандарға көбірек тән деп түсіндіріліп келді.

Н.Бердяевтің пайымдауынша, батыстық түрдегі Ренессансты бастан кешіп көрмеген Ресей өз басына алғаш рет тап келген әлгіндей дағдарыс тұсында басқалардай емес, көбірек күйзеліп, көбірек күйгелектеніпті. Кешегі кеңестік кеңістікте әліге дейін жалғасып отырған созылмалы дағдарысқа байланысты да осыны айтуға болар еді.

Батыс қоғамы сияқты батыс әдебиеті де өзін-өзі өзгерте білу арқылы әлгіндей-әлгіндей әлемтапырқтарды оп-оңай еңсеріп отырыпты. Бүкіл мәдениет те, әрбір жеке адам да құбылмалы уақытты жіті бақылап, оған уақтылы икемделе білуге жете мән беріпті. Қайта жаңарту кезеңінде жаугершілік заманына тән қаһарманшылдық өзгеріс заманына тән арманшылдыққа дес беріпті. Героика романтизмге мойынұсыныпты. Буржуазия жер-жерде жеңіске жеткен тұста идеализм реализмге орын босатыпты. Жиырмасыншы ғасыр катаклизмдері шығармашылықты авторлық пайымдауда да, көркемдік шешімдеуде де әралуандыққа (плюрализмге) итермелепті, XIX ғасырда көркем әдебиетте синкретті әлеуметшіл-психологиялық талдау көбірек үстемдік құрса, бірінші дүниежүзілік соғыстан соң бірыңғай психологизм етек жайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң да осы ағым асқындай түсті. Итальяндар өнері кәдуілгіні әспеттейтін неореализмге бой ұрса, мұндайды импрессионизм мен постимпрессионизм тұсында бастан кешкен француздар адамдардың жеке қара басының жан дүниесіне тереңдей үңілуіне – экзистенциализмге көбірек ден қойды. Неорелизм де, экзистенциализм де адам тіршілігіне әу бастан тән әзелгі күйректікті (драматизм мен трагедия), оның ақылға сыймастай асқынып, естен тандыра есеңгірететін, тіпті не болып, не қойғанын біле алмастай алжастыратын сюрреалистік тұстарын, көркем бейне адам танығысыз құбыжықтанып, көркемдік әсер атымен құрдымданып, әрекет есуастыққа, сана саппастыққа айналатын есіріктену үрдістерін ежіктей көрсетуді ерекше мақсат тұтты. Ал біздің әлеуметтік етекбастылықтан әлі артылып болмаған күні кешегі кеңестік әдебиеттеріміз өз дағдарысының ең шырқау кезеңдерінде де ұстамды көрінуге тырысты. Ондай не шектен шыға ескішіл, не шектен шыға жаңашыл болып көрінуге тырысатын шамадан тыс есіріктіктерге ұрынбады. Ара-тұра бағзыны көксеушілік пен бәрін қара бояумен баттастыра былғап бағатын әсіресынампаздық бой көтерді. Дей тұрғанмен де, отандық шығармашыл күштер шектен шықпай, шеннен аспай, жақсылықты алдан тосып, шыдамдылық танытып, бәріне де шыдап бақты.

Бірақ, кәсіби әдебиет солай еткенмен, қағаз күйелемесе басы ауыратын (графомания) адам көрмегендей асқындады. Ол кітап саласын біржолата өз қолдарына қаратып алды. Бұрын жоғары жақтың қас-қабағына қарайтын – енді көшеге, бұқаралық сананың бұралаңдары мен әрқилы ағымдарға құлақ тікті. Тоғышарлық  көзқарастардың көңілін аулады. Не де болса, ерінбегеннің бәрі етікші бола қоймағандарымен. Жүз пайыз сауатты ел екеніміз басқа салада байқалмаса да, кітап “бастыруда” әбден көзге ұрып тұрды. Шығатын кітаптардың саны жағынан баяғы көрсеткіштерімізді басып озуға айналдық. Жазушылық ұйым мүшелері мыңға жуықтап қалды деседі. Солай бола тұра, кітап шығару үшін сондай ұйымда тұру-тұрмау шарт болмай қалды. Біздің жазғыштардың желөкпелігі тек мұнымен ғана шектелген жоқ. Өзің шығартқан кітаптың әрі авторына айналды. Өзі жазуға қабілеті жетпейтіндер өзге бір “жазарманды” жалдады. Ат шығарудың хан базары қайнай түскені сонша, шаруашылық басқарып, омырауын моншаққа толтырған бір танысым:  “Әлдеқашан, сүйегі қураған падишалар мен данышпандар аузыңа май, астыңа иномарка ұсынбайды ғой”, – деп ашықтан-ашық  бопсалады. Не де болса, кейінгі жылдары шыққан  кітаптарға дес берсеңіз, еркектеріміздің екіден бірі не генерал Голль, не маршал Жуков, әйелдеріміздін екіден бірі құрығанда Диана ханшайымдай болып кеткен түрлері бар.

Мұндай жағдайды көріп-біліп тұрып, “әлеуметтік тапсырыс” туралы ауыз ашуға ұяласың. Еріксіз есіңе Валак пен Валаам туралы ежелгі тәмсіл түседі. Израильдің Есорван алғанын көріп ес қалмайды. Енді кідірсе, кезек өздеріне келуі мүмкін. Валак патша әулие Валаамға ат шаптырады. Израильдықтарды дуалап беруді өтінеді. Валаам көпке дейін бұған көнбейді. Ақырында Моавқа аттанады. Енді жете бергенде, астындағы есегі тырп етпей, тұрып алады. Әулие аямай қамшы басады. Аяқастынан есек сөйлеп қоя береді.   Сөйтсе, Жаратқан Ие Валаамның өз дуасын өзіне қарсы жұмсап, Израильді бір қатерден сақтап қалыпты. Өйткені, әулие бұл сапарға пара алғасын аттанған екен. Содан дуасының күші жойылыпты.

Інжіл заманындағы әулиелердің күні мұндай болғанда, қазіргі қаламгерлік еңбектің жағдайы қандай болмақ? Әлгі бір аяқ астында тіл біткен ақылды есектің айтуынша, басқаларға әсер ете алар ықпал иесі еңбегіне шын алғыстан басқа өтем дәмете алмауға тиісті екен. Оған Жаратқан әлгі ақиқаттан көзапара аттамақ болған көрсеқызар өз қожасын дер кезінде арам істен тыйдыру үшін тіл бітіріпті. Ендеше, әу бастан “Әдебиет – киелі іс” деп тегіннен тегін айтылып жүрмесе керек.

Оны, әсіресе, қазір естен шығаруға болмайтын тәрізді. Қазір жер бетіндегі ала-құлалықтың қай кездегіден де асып кеткені сонша, дәл күні бүгін бұған дейінгі тарихи кезеңдердің бәрін тауып алуға болатын көрінеді. Мәселен, Австралия аборигендері алғашқы қауымдарша өмір сүріп жатса, Батыс пен Шығыстың бірнеше мемлекеті постиндустриялық қоғам деңгейіне шырқап кетіпті. О.Тофлердің есептеуінше, Жер шары тұрғындарының 70 пайызы әрқилы кешегі қауымдардың деңгейінде, 25 пайызы бүгінгі заман деңгейінде, 3 пайызы ғана болашақ дәуір деңгейінде өмір сүріп жатыр екен. Қалған екі пайыздың өмір сүру деңгейін еш кезеңмен салғастыру мүмкін емес секілді. Сондықтан да, біреулер бүгінгіні дәріптесе, одан үш есеге жуық көп халық бағзы дәурендерін аңсайды екен. Келешекке тамсанып, өліп-өшетіндер үш пайызға жетер-жетпес шамада ғана көрінеді. Даму деңгейіндегі мұндай асипхропия тұтас халықтар, мемлекеттер, өркениеттер тағдырында өз көріністерін таппай қалмасы түсінікті. Ғалымдардың бүгінгі дәуірде бұрынғы дәуірдегі мәдениеттердің бәрінің де, соның ішінде жаңа дәуірдегі сезімшіл, орта ғасырлардағы идеационал-зердешіл мәдениеттің де сипаттары бар интеграл – аралас немесе жиынтық мәдениет орнайды деп жүргендері де осыдан екен. Олай болса, XX ғасыр сұңғылаларының бәрі бірдей қорқытып баққан ұжымдық санасыздық пен ұлғаймалы хаос қаупінен қайтіп аман қала аламыз? Оның үстіне Ж.Ревель айтқандай, “Глобальды әлеуметтік жоба” күйреп, М.Де Серто айтқандай, “өркениеттің дымы құрып тұрған” кезде адам баласы тепе-теңдік атаулының бәрінен айырылып, мәшинелер ортасының құлақкесті құлына, темір-терсектің қол баласына айналыпты.

Бөрінен де қауіптісі – қай істі де екіұштылық билеп-төстеуде. Бір жағынан, қоғам жекелеген индивидуумдарға ыдырып, атомдана түссе, екінші жағынан, сана өткінші ағымдар мен өтпелі ұстанымдарға, сән қуалаушылық пен беделде табынушылыққа беріліп, стандарттана, тіпті тоталитарлана, жаппай қасаңдана түсуде. Бұрынғы ұзақ мерзімді догма енді уақытша үстемдік құратын өтпелі догмалармен орын алмасуда. Қысқасы, азаматтық сана қалыптасқан қағидалар үстемдігінен арыла алмай отыр. Адам біткен банктерде өз есептерін ашып, бизнеске өз акциясын салып, өз калтасына ешкімге қол сұқтыртпай өзі ие болуға тырысса да, өмірде болып жатқандарға байланысты өз көзқарасын түйіп, өз пікірін қалыптастыруға соншалықты ынталы емес. Көбіне көп басқалардың ығында кетуге бейім. Экономикалық эмансипация өзіне-өзіне сәйкес әлеуметтік-моральдық, рухани-көзқарастық эмансипацияға ұласа алмай келеді.

Біздің ғасырдағы электроникалык, қайта карулану адам тіршілігін қайтадан тобырландырып бара жатқандай. Үйінде оңаша отырып та, иін тірескен көшедегі көпшіліктің арасында жүргендей, басқалардың ықпалынан құтыла алмайсың. Кез келген телефон шылдыры сені үйіңе өрт тигендей, есігіңді ұры қағып тұрғандай әбігерлендіре алады. Кім көрінген жеке өміріңе қол сұғып, көңіл-күйіңді күйзелтіп, арыңды саудаға салып, көзқарасыңа қысым, адамдық күш-жігеріңе зорлық-зомбылық жасай алады. Сырт қарағанда демократияшыл көрінген ұсыныстардың ар жағында да: “Бізді қолда. Олай етпе, былай ет!” – деген әлеуметтік озбырлық қылаң береді. Құдды бір төменнен не қапталдан бопсалау жоғарыдан бопсалағандай емес, әлеуметтік қысымға жатпайтындай. Қайткен күнде де, біздің замандасымыздың өзімен өзі қалып, өз жағдайын өзі ойланып, не істеп, не қылатынын, ешкімнің араласуынсыз, өзі анықтап алуына жағдайы қалмай, уақыты жетпей барады. Сондықтан көбі не керектің бәрін иемденіп отырып, мұқтаждықтан, кім керектің бәрін тауып отырып, жалғыздықтан арыла алар емес.

Жұрттың ордасында жүріп жұрттың бәрі жалғыздықтан жапа шегуде. Парадокс. Бірақ, шыны солай. Сырласарға дос, ақылдасарға ағайын жоқ. Оның есесіне тобырына ілестіріп әкеткісі келетін топ көп. Сондықтан да дәстүрлі коллективизмнен гөрі шынайы плюрализм көбірек керегіп тұр. Өйткені, топшылдық адамның жеке пікірі мен жеке басының мүддесін баса-көктейді. Ал плюрализм алуан пікір иелерінің арасынан өзіңе ұқсас пікірлес іздетеді. Жеке басыңның қадірі мен пікірін ешкім езіп-жаншымайды. Ендеше, осындай қалтқысыз сұхбаттас, қаяусыз пікірлестің орнын тек кітап қана толтыра алады. Оны оқып отырып, тек өз замандастарың мен отандастарың ғана емес, жалпы адамзаттың бүгінгі және бұрынғы ұрпақтарының өмір тәжірибелері мен көзқарастарымен танысып, өз ойларың мен сезімдеріңді өзгелермен салыстырып, өз жан дүниеңді өзің елеп-екшелей аласың.

Адам жады мен абырой-намысын көздің қарашығындай сақтап, ар-ұжданы мен сезімін аялай сыйлап, ақылы мен тәжірибесін үздіксіз байытып, әдебиет әуел бастан бергі әмбеге ортақ жанашыр, әмбеге ортақ ұстаз маңызын одан әрмен нығайта бермек. Сол арқылы әзелден бергі киелі мерейіне қылау түсірмей, мүлтіксіз сақтап қала алмақ.

Олай болатыны түсінікті. Бүкіл тарих көрсетіп отырғандай: ешбір қоғам мен ешбір кезең тек өңкей ізгіліктер мен жетістіктерден, жаңалықтар мен болашақ та солай болғай. Сөйте тұра, адамзат ізгілік пен жақсылыққа, адамгершілік пен гуманизмге үзбей тырысу арқылы ғана жер бетінде өзін-өзі сақтап қала алып отыр. Әдебиет те тек солай еткен жағдайда ғана адамдар ықыласын ақтай алады.

Әзелден әдебиеттің пешенесіне жазылғаны сол.

ult.kz

А. Оралқызы