- Негізгі бет
- Әдебиет
- Forbes: 2018 жылы...
Forbes: 2018 жылы ең көп қаламақы алған жазушылар
Forbes әр жылы түзетін әлемдегі ең көп қаламақы алатын қаламгерлер рейтингінде биыл 86 миллион доллар алған америкалық жазушы Джеймс Паттерсон көш бастады. Ол осылай негізгі бәсекелесі болып саналатын Джоан Роулингті басып озды.
Детектив және триллер жанрында жазатын Паттерсонның 2018 жылы 20-дан астам шығармасы баспадан шығып, оған 86 миллион доллар табыс әкелген. Бұл сома жазушының былтырғы алған қаламақысынан 1 миллион долларға аз. Бірақ рейтинг түзушілер Паттерсонның биыл жазда экс-президент Билл Клинтонмен бірлесе жазған "Президент жоғалды" (The President Is Missing) шығармасынан кейін оның жылдық табысы бұдан да артады деп отыр. Роман маусым айында кітап болып шығып, қазірдің өзінде АҚШ-та 660 мың данасы сатылған.
Былтыр бірінші орында тұрған жас сиқыршы Гарри Поттер туралы романдар желісінің авторы Джоан Роулингтің жылдық табысы биыл 41 миллион долларға азайып кетті. Ол былтыр 95 миллион доллар табыс тапқан болса, биыл 54 миллион доллар ғана қаламақы алыпты.
Рейтингтің үштігіне былтыр 5 орынды місе тұтқан атақты Стивен Кинг көтерілді. Ол бір жылда 27 миллион доллар табыс тапқан. Кингтің қаламақысының күрт өсуіне биылғы мамырда шыққан "Аутсайдер" романы мен 1986 жылы жазған "Ол" (It) романының экранизациялануы себеп болған.
Сондай-ақ, үздік ондықтан Джон Гришэм (21 миллион доллар, 4-орын), Джефф Кинни және Дэн Браун (5-6-орындар, әрқайсысы 18,5 миллион доллардан), Майкл Вольф (7-орын, 13 миллион доллар), Даниэл Стил мен Нора Роберст (8-9 орындар, әрқайсысы 12 миллион доллар), Рик Риордан және Эрика Леонард Джеймстер (10-11 орын, әрқайсысы 10,5 миллион доллар) есімді жазушылар табылып отыр.
Сонымен бірге, жыл басында кітап болып шыққан "От пен кек: Трамп Ақ үйінің ішінде" (Fire and Fury: Inside the Trump White House) шығармасының авторы, журналист Майкл Вольф бұл тізімге алғаш рет еніп отыр. Вольф шығармасында 2016 жылғы сайлауда Трамптың сайлау алды компаниясының және оның президент болған алғашқы айлардағы іс-әрекеттерін баяндаған. Кітаптың сатуға қойылған алғашқы 3 аптасында 1,7 миллион данасы сатылған.
Жалпы, аталған жазушылардың шығармалары тек АҚШ-та 24,5 миллион данамен сатылып, авторларға 283 миллион доллар табыс әкелген.
Т. Раушанұлы