Джоан Роулинг ересектерге арналған роман жазып шықты

Джоан Роулинг ересектерге арналған роман жазып шықты

Жас сиқыршы Гарри Поттер туралы романдарымен әлемге танымал болған Джоан Роулинг ересектерге арналған "Бос орын" ("Casual Vacancy") романын жазып шықты.

Автор бұл туындысына 5 жыл уақытын сарп етіпті. Шығарма бүгіннен бастап Ұлыбритания және басқа да ағылшын тілді мемлекеттерде сатылады, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Айта кетелік, аталған туынды жарық көрмей жатып-ақ, миллионнан астам оқырман кітапқа тапсырыс беріп қойған болатын. Сарапшылардың айтуынша, "Бос орын" ең құрығанда Ұлыбританияда жылдың ең өтімді көркем шығармасына айналады. Дегенмен кітап "Гарри Поттердің" жеткен биігіне көтеріле алмайды деп болжанып отыр. Айта кетелік, жас сиқыршының бастан кешкендері әңгімеленген кітаптар әлем бойынша 450 миллион данамен таралып кеткен болатын.

"Бос орын" романындағы оқиға ойдан шығарылған Англияның оңтүстік-батысындағы Пэгфорд ауылында өрбиді. Жергілікті кеңестің мүшесі Барри өлгеннен кейін, ауылда сайлау алды компаниясы басталады. Пэгфордтың бай кварталының тұрғындары босаған орынға өз өкілін қоюды мақсат қылады. Олар осылайша өздерін кері тартып отыр деп есептейтін тұрмысы нашарлау «Филдс» кварталынан бөлініп, көрші муниципалитеттің балансына ауысуды үміт қылады.

Дегенмен бұл ауылдың барлық тұрғындарына ұнай қоймасы анық. Оның үстіне сайлауға түсіп жатқан мектеп директоры орынбасарының қызы көрші кварталдағы Уидондар отбасының қызымен тіл табысып, достық қылып жүреді.

Осы оқиғалардың фонында интернет-сайттарда Пэгфорд тұрғындарының тылсым құпиялары жария бола бастайды. Кішкене ғана ауылдағы бұл оқиғалардың соңы немен аяқталатындығын Джоан Роулингтің кітабынан оқып біле аласыздар.

Кітапты оқып шыққан сыншылардың айтуынша, шығармада қорқынышты сәттермен қатар, күлкілі эпизодтар да көп. Автордың өзі кітапты «трагикомедия» жанрына жатқызады. Шығарманың орыс тіліндегі аудармасы үстіміздегі жылдың аяғында таралады деп күтілуде. Қазақ тіліндегі аударма жұмыстары туралы ақпарат жоқ.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан 

сурет: venusbuzz.com