Әбдіжәміл Нұрпейісов: "Бізде Жазушылар үйі бар, жазушылар жоқ..."

Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасына қараған шағында өмірден өтті. "Қан мен тер" трилогиясы мен "Соңғы парыз", "Курландия" шығармалары арқылы қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің әр жылдары БАҚ беттерінде жарияланған сұқбаттарынан оралымды ойларын оқырман назарына ұсынамыз.

• Менің білуімше, ол өмірде де, шығармашылықта да оригинальный, басқаларға ұқсамайтын, біртума тұлға болған адам ғой. Мен "Шал мен теңізді" бір емес, екі емес, қайта-қайта оқып тұрамын. Ал, "Килиманджаро қары" кітабын оқып, қалай үнемді жазуды, қалай тұспалдап жазуды, қалай ойды тұтас аяқтамай беруді үйренемін.

• Бекет Тұрғараев екеуміз Мәскеуге бардық. Шығармашылық үйінен түскі ас іштік. Жөндеп жатыр екен, жұмысшылар жүр. Ақын-жазушылар жүр, мен танымаймын, тек шырамытамын, жұмысшылардан ажырата алмайсың... Лондонға бардық. Елші бар, оның бір-екі қызметкері бар, бәріміз Жазушылар үйіне бас сұқтық. Баяғы біз таң қалған жазушылар одағы Лондонда екен. Оларда "жазушылар күні" бәрінің басы қосылады екен. Күнібойы әңгіме-дүкен құратын көрінеді. Көрмеге, тойға жиылғандай сәнді, салтанатты киінген жазушылар. Бізде Жазушылар үйі бар, жазушылар жоқ...

• Ағылшындар тек отарлаумен шектеліп қалған жоқ, олар өнеркәсіптік революцияны өмірге әкелді. Небір зауыт, фабрикалар салды. Қойдың ерекше асыл тұқымды түрлерін жасап шығарды. Сол уақытта небір ұлы романдар туды. Ағылшындар осылайша алтыннан да ардақты, рухани байлық құрады, соның арқасында өздерін өздері ұлы ұлт етіп құрай алды. Ұлы державаға айналды.

• Қалқам, жазуды әркім өзінің білгенінше, шамасы келгенінше жазады ғой. Ауыз менікі екен деп көпіріп сөйлей берген секілді "ақ парақ, қара қалам қолымда, не істесем де ерік өзімде" деп жаза бергеннен не пайда?! Қазақ бұны "су" дейді, орыстар "жир - май" дейді. Лев Толстойдың өзі осы "маймен" өмір бойы күресіп өткен. Сонда да жеңе алмай кеткен. 

• Жазу үстінде сен жаза бересің. Қайта қарағанда көп нәрсе байқалады. Эрнест Хемингуэй деген әрқилы жазушы болған. "Килиманджаро қары" деген керемет кітабы бар. Ойды бітірмей тұспалмен аяқтаудың, бұлыңғыр, күңгірт (полутон) бояумен берудің шебері. Солардан үйрену керек.

• Әлемге әйгілі Хемингуэйдей түрлі жанрлық жазушының түкке тұрмайтын дүниелері бар. Әуезов те "Өскен өркенді" бекер жарыққа шығарды. Осыны айтып отырған мен – Әуезовтің өнімімін! Жазушының ұлылығы кітабының санымен өлшенбейді ғой. Біз болсақ 10 томдық, 15 томдық, 20 томдық шығаруға құмармыз.

• Менің өмірім – мен үшін жа­зылған хаттай. Ойлай бастасаң, бәрі  есіңе сай­рап орала кетеді.

• Адамға ең қиыны — жас, бала кезіңнен осы шағыңа дейін өзіңмен қатар өмір сүрген, осы дүниенің ащысын да, тұщысын да, қиындығын да, қасіретін де, қуанышын да — бәрінде бірге жүрген адамдар қалмай, тек өзің қалу.

• Ең алдымен, зерттейтін адамыңа адал бол! Екінші, өз ісіңе адал бол.

• Менің бірінші түсініп оқыған романым – "Разгром". Маған керемет әсер етті. Мен "Курляндияны" жазғанда сюжеттік желіні осы "Разгромның" әсерімен құрастырдым. Мұны ешкім білмейді, онша айтып жүргенім жоқ.

• Бізге қазір ең жетпейтін нәрсе интеллигенцияның бір-бірімен кездесуі, пікірлесуі жетіспейді. Ал ол кезде ағыл-тегіл болатын. Қазір қарасам, ондай талқылаудың аты да, заты да жоқ. Жазушыға бір сын пікір айтсаң, өмір бойы көрместей болып кетеді. Баяғы ағаларымыз әлгіндей жиын үстінде жүз шайысып кетіп, артынан сүйісіп, қоштасып жатушы еді. Жеке басын сыйлауға келгенде ауызбірлігі басым түсіп жататын. Бір-бірінің қадір-қасиетін қатты түсінуші еді, бағалай білетін.

• …Түсінбеймін…Қара борбай кедейлер теңдік алсын. Бірдейлік орнасын. Бірақ, бәтір-ау, осы халықтың киер киімі, ішер асы бірдей болғанмен, құлқы бірдей бола ма?