Зейін Шашкиннің "Ақтұяқ" әңгімесінің идеясы

Зейін Шашкиннің "Ақтұяқ" әңгімесінің идеясы
Фото: goodfon.ru

Қазақ прозасы үшін ХХ ғасырдың басы әдеби-мәдени бағыттардың дүниеге келген дәуірі. Тек бір абсолютизмдік билік арқылы классицизм жарық көрген жоқ, одан бөлек сентиментализм, натурализм, позитивизм, абстракционизм, символизм, импрессионизм деген сынды көптеген ағымдар жарық көрді.

Әр ағымның әр қилы кезеңдері мен өзіндік құрылымдары, мәндері болды. Осы "-изм" дердің қатарын "модернизм" дейтін жаңа бір өкіл сырып тастап, өзінше арна салды. Бұлардың арасында қазақ прозасына үлкен толқыныс әкелген "модернизм" ағымы болды.

Модернизмнің  ықпалы қазақ әдебиетінде де байқалды. Онда адам табиғатының трагедиясы, болмыстың адам тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығы, қатыгездігі жайлы ойлар айтылды. Мұхтар Әуезов әңгімелерінде, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытов шығармаларында трагедиялық бейнелер бой көрсетті. Адамның өмірдегі панасыздығын, қорғансыздығын меңзейтін, табиғатты жатсынуын бейнелейтін шығармалар 1960-1980 жылдары қазақ әдебиетінде көбірек кездесті. Мысалы Ә.Кекілбаевтың "Шыңырау", "Аңыздың ақыры", Д.Исабековтің "Сүйекші", "Тіршілік", О.Бөкейдің "Мұзтау", "Жетім ботасы", т.б. шығармаларды атауға болады.

Модернизм бағытын қазақ әдебиетіне енгізе білген жазушылардың бірі дәл осы Зейін Шашкин болды. Оның "Ақтұяқ" әңгімесі ұлттық ментал жүйе мен басты қаһарманның ішкі ой-толғанысын психологиялық тебіреністер арқылы бере білген, модернизм бағытында жазылған шығарма. Бұл қатарға Оралхан Бөкейдің "Бура" әңгімесін де қосуға болады. Кейіпкердің ішкі психологиялық дағдарысы терең тебіреніспен берілмей, еске түсіру арқылы ғана баяндалды.

Бүркітші болғысы келген Дәулеттің арманы трагедиямен аяқталады. Шала-жансар өлім алдында жатқандағы ішкі ойлары өткенді еске түсіру арқылы баяндалады. Десек те, Шашкин әңгімелерінің басты құндылығы – тоқырауға ұшырай бастаған социалистік реализмнен бөлініп, оқырманын ойландырған өзектілігінде еді. Сол арқылы қоғамда қозғалыс тудырды. Жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарды іздеуге бастама көтерді.

Әдебиеттегі психологизм – шығарманың эстетикалық әлемін құрайтын кейіпкердің ішкі толғанысы мен ойын, рухани дағдарыс-күйзелісін терең әрі детальді түрде бейнелеу. Зейін Шашкиннің шығармалары негізінен әңгіме мен новеллаларға құрылған. Өйткені адамның басынан кешкен оқиғаны суреттеуге ең ыңғайлы форма. Бірер кейіпкердің ғана оқиғасын баяндап, сол кейіпкердің ғана ішкі толғанысын суреттейді. Зейін Шашкин де заман мен дәуір, қоғам мен адам және замандастары жайлы көзқарасын осындау әдеби шағын, оңтайлы жанр арқылы білдіріп отырды.

Сыншы ғалым Т.Байдановтың ойынша, жазушы шығармаларының бір ерекшелігі көп сөздіктен аулақ. Ол кейбір жазушылардай жоқты-барды сағыздай созып шұбатылып оқушысын мезі етпейді. Табиғат көріністерін, адам портретін, тұрмыс детальдарын суреттегенде де сабақты жібіне дейін түгендей тәптіштеп жатпайды, сол суреттеліп отырған объектісінің көрнекті, елеулі бір сәттерін қадап айтып есте қалдыруға тырысады. Көбінесе, шығарманы шытырман, оқыс оқиғаларға құруға үйір, шиеленіскен тартыстармен оқушыны еліктіріп, қызықтырып әкетеді.

Жазушы заман шындығын бейнелейтін бедерлі көріністерді таба біледі, әсіресе, қызық, жылтырауық сөздер іздеп әуре болмай, қарапайым да, дәл нанымды, суреткерлік жасай білді. "Коммунист жазушы Зейін Шашкин қазіргі заман туралы совет халықтарының достығы жайында шыншыл әрі дарынды шығармалар жазды" деп жоғары бағалайды.

Жазушының барлық жанрдағы шығармаларында қазақ халқының арғы-бергі тарихындағы ұлттық сипатты құрайтын барлық мәселелер қамтылады. Жазушының шығармаларында қазақ халқын мекендеген географиялық кеңістіктің пейзаждық суреттері, дала мен қаланы мекендеген қазақтың әртүрлі жастағы адамдарының қоршаған әлеуметтік ортамен қарым-қатынасындағы ұлттық дӘл ерекшеліктері ұлттық сипатты айқындайтын көркемдік шешім жинақтау аясындағы поэтикалық бейнелеулер айрықша көз тартады.

Жазушының "Ақтұяқ" әңгімесінде де қазақ халқына қанына сіңген қасиеті мен оның шығарманың басты кейіпкері Дәулет қарттың бойындағы көрінісі сипатталады. Қазақтың болмысында бар қарапайымдылық, көшпелі өміріне тән еңбекқорлығы, өмірге налымау, абыройын сақтау сынды қасиеттерінен бөлек, мал бағу, құсты қолға үйрету, аңшылық құру сынды қолданбалы мәдениетіне тән белгілері де баяндалады.

Зейін Шашкиннің тіл қолданысы аса бай емес, кейде тіпті жұтаң деп сынаған сыншылар болса да, дәрігер жазушы шығармаларының құндылығы – оның таңдап алған кейіпкерлерінің шынайылығында. Яғни, жазушы қиялдан тумаған, романтикалық-пафостық болмыстан аулақ, кәдімгі күнделікті өмірдегі кейіпкерлердің тағдырын шығармасына арқау ете отырып, қоғам дерті мен қасіретін ашуға тырысады. Бұл "Ақтұяқ" әңгімесінде де орын алған тақырып болды. "Ақтұяқ" әңгімесі нағыз социалисттік реализмге құрылған, посмодернистік бағытта жазылған шығарма десек болады. Өйткені осынау шағын әңгімеде қазақтың ұмытылып бара жатқан дәстүрлері қартайып бара жатқан Дәулет шопанның өмір тіршілігі арқылы символикалық образбен берілген. Яғни шығармада қазақтың киіз үйі, бүркіт асырап, аңға салу сынды сан ғасырлық мәдениетінің ұмытылып бара жатқаны емеурін айтылады. Әрі мұндай проблема қартайған Дәулет шалдың образы арқылы шендестіріліп беріледі.

Бала күнінен бүркітші болғысы келген Дәулеттің арманы қартайғанда трагедиямен аяқталып тынды. Сол арқылы қоғамда қозғалыс тудыруға тырысты. Жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарды іздеуге бастама көтерді. Дәулеттің шала-жансар өлім алдында жатқандағы ішкі ойлары осы дәстүрді сақтап қалуға деген психологиялық арпалысы еді. Шашкиннің әңгімелерінің басты құндылығы – тоқырауға ұшырай бастаған социалистік реализмнен бөлініп, оқырманын ойландырған өзектілігінде еді. Яғни, кейіпкерлерінің шынайылығында.

Кейіпкерлері күнделікті өмірде кездесетін адамдар, қиялдан тумаған, көзге көрінбейтін бейне емес. Бұған дейін көркем туындыларда сомдалып жүрген мінсіз, абстрактылы, өмірден алшақ кейіпкерлерден бөлек еді. Мәселен Дәулет қарияның образынан кез келген ауылдың шау тартқан, қырсық қариясын көруге болады. Тағдырдың қиындығы мен теперішін көрген қарттың бастан кешкендерін кез келген сол дәуірдегі қазақ қариясы көрді десек болады.

"Өмір – Дәулетті маңдайынан сипап, не мейірім білдірген, не арқасынан қағып еркелеткен жоқ-ты. Ежелден қабақ түйген қаталдыққа көнген басы күтпеген жерден өмір шоқпары салып өткенде Дәулет ыңқ етпей тістене томсырайып, үнсіз жүре беретін, не құдайға, не адамға тілін тигізіп, шағым жасаған пенде емес. Ішкі күйіктің зарлы шерін жападан-жалғыз өзі ғана тарқата білетін-ді. Қой ішінде ғана қайғы-қасіреттің уыты бәсеңдеп, көңілін аулап, жанына бір тыныштық табатын" деп сипаттайды жазушы қазақ қариясының тағдыры мен тіршілігін. Қой бағумен айналысатын қазақтың өмірі де қойдың тіршілігіне ұқсап кеткендей. Яғни, қоңыр тіршілікке үйренген халық талас-тартысқа түсіп, ешнәрсені дәлелдеуге тырыспайды, өз құқығын қорғауға ұмтылмайды. Тыныш қана өмір сүріп, тыныш қана жүргенді ұнатады. Дәулет қарияның да болмысында осындай құлдық сананың элементтері бардай.

Дәулет сияқты кейіпкерлер бұрынғы кеңестік саясаттың идеологиясын қуаттаушы, соның жағымды көрінісіне айналған кейіпкер емес, олар керісінше кеңестік идеологияға қарсы, "мінез көрсетуші", "оны жақтырмаушы", сынаушы кейіпкерлер. Қалыпты талаптан өзгеше кейіпкерлер. Осындай кейіпкерлер арқылы жазушылар қазіргі идеологияға қарсы екенін, оның зияны көп екенін ишаратпен білдіруге тырысты.

Дәулет те – сырын ешкімге ашпайтын, кеңестік идеологияның сойылын соғушы бастықтардан бір шырпы да сұрап көрмеген қарапайым адам. Оның рахаты мен ләззаты біреу ғана, ол – мал бағу, қойды қотаннан өргізіп, тау мен жазыққа шығып, құстардың дыбысын есту. Міне, бұл пафостан жырақ, жасандылығы жоқ, қарапайым ғана ауылдың адамы. Бұл – қазақ әдебиетінде басталған постмодернистік бағыттың бастауында тұрған кейіпкерлер еді. Сол сынды Асан мен оның әйелі де қарапайым адамдар.

Дәулет – отыз бес жыл малдың жанында, отардың ортасында жүрген, жаны табиғатпен етене жақын, табиғатты жұлдызға, желге, шөптің дәміне, қойдың жүрісіне, құстың үніне қарап түсінетін адам. Өмірден емес, табиғаттан ләззат алатын жан. Жазушы Дәулеттің өмірін "маңдайынан сипап, не мейірім білдірген, не арқасынан қағып еркелеткен жоқ-ты", "қабақ түйген қаталдыққа көнген", "өмір шоқпары салып өткенде ыңқ етпей, тістене томсырайып, үнсіз жүре беретін", "ішкі күйіктің зарлы шерін жападан-жалғыз өзі ғана тарқата білетін-ді" деген экспрессивті лексикалық бірліктермен сипаттайды.

Ал табиғаттан алатын рахатын "...төбе басында жантая салқындап жатқанда, қойны-қоншына кіріп, қытықтап лезде басыла қалатын шілдедегі самалдай қуаныш та жанына рахат леп әкеп іле басылатын" деп сипаттайды.

Зейін Шашкин "Ақтұяқ" әңгімесінде туған өлкесі Баян тауы мен Торайғыр көлінің табиғатын бейнелеуді де ұмытпайды.  Зейін Шашкиннің жазушылық ерекшеліктерінің бірі – бұл табиғатты сипаттау. "Ақтұяқ" әңгімесіндегі табиғатты сипаттауы қандай да бір лирика деп айту қиын. Дегенмен Қазақстан географиясында бар Жасыбай көлі, Ақбет шыңы, Торайғыр көлі, Баян тауы шынайы сипатталып, бұл өлкенің табиғатынан хабар беретіндей.

Жазушы аталмыш әңгімесінде Қаржастан шыққан Шорманның Садуақасы, Айболдан шыққан Серкебайдың Әбіші, Қозғаннан шыққан Жақыпбайдың Бозтайы, Күліктен шыққан Баспақтың Шайманы немесе қазақ даласына аты жайылған Жалайырдың Шорасы, Арғынның Жалбысы мен Жаяу Мұсасы деп арқа өңіріне таныс, тарихта болған сал-серілер мен құсбегілерді мысалға келтіре отырып, шығарманың реалдылығын одан әрі арттыра түседі. Бұл бір жағынан шығармадағы кейіпкерлердің шынайылығын танытса, екінші жағынан қазақтың танымал тұлғаларын еске алу арқылы шығарманың көркемдік әдісін арттыра түседі. Арасында Жаяу Мұсаның "Көкмойын", Шайманның "Саршолақ" сынды аты танымал құстарының атын еске алу арқылы, Жаяу Мұсаның құс асыраудағы тәжірибесін Дәулет қарияның Ақтұяқты тәрбиелеуде қолдануы да шығарманың шынайылығын арттыра түседі. Аударма процесінде мұндай тілдік бірліктерді прагматикалық жағынан беру біршама қиындық туғызады. Өйткені бұл тек қазақ мәдениетіне ғана тән тұлғалар, оның келесі бір мәдениетке қазақ мәдениетіндегідей рөлін жеткізу қиын болары сөзсіз.

"Ақтұяқ" әңгімесі – шағын ғана, оқиға да, кейіпкерлері де аз, шиеленіскен сәті жоқ, кульминациясы соңына жиыстырылған шығарма. Соған қарағанда, кейбір зерттеушілер атап өткендей, Зейін Шашкин бұл әңгімені оқырманға қызықты мағлұмат не оқиғаны айту үшін емес, жазушының философиялық-психологиялық ойын жеткізу үшін құрылған шығармаға ұқсайды. Өмірі мен тағдырына кейістік танытып көрмеген Дәулет қарияның Ақтұяқ бүркітке деген құштарлығы – оның өмірге деген құлшынысын да оята алды. Ал бұған дейін колхоз бастығына ләм деп кінә тақпаған шал өлер алдында облыстық мәжілісте сыйлы бір бастықтың айтқан алтын киіз үй беру туралы уәдесі еске түсіп, сонда ғана бастықсымақтарды жазғырғаны бар. Жазушы осы жерде технократтық дәуірдің әкеле жатқан жаңалықтарын тосынмен қарап, мал бағуға мәшіннің керегі қанша, қой жазықта, тауда жайылу керек дегендей ишарат білдіреді. Мұның өзі, жазушының ойынша, қазақ дәстүріне кері әсер ететін үрдіс. 

Жазушының "Ақтұяқ" әңгімесін орыс тіліне аударған А.Брагина болса, ағылшын тіліне аударған – А.Исмағұлова. Әңгіме орыс тіліне 1968 жылы аударылса, ағылшын тіліне 2015 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің гранты аясында жасалған.

2015 жылы Астанада шыққан "Ақтұяқ" әңгімесінің қазақ, орыс және ағылшын тілінде басылып шыққан кітап – 41 бетті құрайды. Оның алдыңғы 5 беті Зейін Шашкиннің шығармашылығы мен өміріне арналған. Ал әңгіменің қазақша түпнұсқасы 20 бет болса, орысшасы 18 бет, ал ағылшыншасы – 17 бет.

Зейін Шашкиннің «Ақтұяқ" әңгімесі шағын, алайда айтар ойы мен жеткізген шындығы жағынан үлкен шығарма. Дәулет қарияның құс баптауға деген арманы арқылы жазушы қазақ халқының салт-дәстүрге деген, ата-баба өнеріне деген құлшынысын, ұмытылып бара жатқан көне салтты жаңғыртуға деген халықтың ұмтылысы екенін символикалық және метафоралық ойлау дәрежесінде жеткізе білді. Шығармада халықтың салт-дәстүрі мен тарихы жатқандықтан, ұлттың ойлау жүйесі мен дүниетаным ерекшеліктері де суреттелген.

Қ. Слямбек