- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- Массагет бәйгесі. Үздіктер...
Массагет бәйгесі. Үздіктер қатарынан табыл!
Бүгін футболдан Әлем Чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.
Бүгін «F» тобыннан көш басындағы Аргентина құрамасы мен алдыңғы ойыннан бір ұпай олжалаған ирандық футболшылар бақ сынасады. Тағы бір ойын Нигерия мен Босния және Герцеговина құрамаларының арасында өтеді. «G» тобынан бірінші турда португалдықтарды тас-талқан етіп жеңген Германия құрамасы мен америкалықтарға есе жіберген Гана құрамасы кездеседі. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.
Аргентина vs Иран
«F» тобынның көшбасшысы саналған Аргентина құрамасы бүгін Иранмен күш сынасады. Бірінші турда Босния және Герцеговинаны әупірімдеп жүріп ұтқан Алехандро Сабелья шәкірттері өз ойынын таба алмай келеді. Бүгін Сабелья өзінің сүйікті тактикасын (4-3-3) ұстанатын болса, ирандық қорғаушыларға біраз тер төгуге тура келеді. Себебі, әйгілі Месси сынды сайыпқырандар бұл жүйеде өзін керемет сезінеді. Иран құрамасының бас бапкері Карлуш Кейруш құраманы классикалық жүйеге арқа сүйей отырып, қорғанысқа құрып отыр. Ирандықтар белгілі бір нәтижеге тактикалық тәртіпке құл болған ойынның арқасында қол жеткізіп келеді. Мұның өзі команда сапында жетіспеген шеберліктің орнын толтыруға көмектеседі деп сенгендіктен. Карлуштың "бандасы" іріктеу кезеңінің 8 ойынында өз қақпаларына 2 гол ғана жіберген екен. Португалдық маман Әлем чемпионаты аяқтала салысымен қызметінен кететін көрінеді. Демек, биылғы біріншілік үшін бар күшін салары анық. Аутсайдерлер атой салып жатқан біріншілікте Иран құрамасы сенсация жасап жатса, таң қалмаңыз. Бүгінгі ойын туралы Иран құрамасының шабуылшысы Реза Гооханнеяд: «Аргентина – Әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі. Бүгін біз Нигерияға қарсы ойнағанымыздай қорғанысқа көңіл бөлеміз. Қарымта шабуылдарда мүлт кетпеуге тырсамыз», - деді.
Аргентина мен Иран құрамалары бұған дейін тек бір мәрте кездесу өткізген. 1977 жылы өткен жолдастық кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған екен. Бүгінгі ойынға 41-жастағы сербиялық маман Милорад Мазич төрелік етеді.
Аргентина (шығуы мүмкін құрам): Ромеро — Сабалета, Ф.Фернандес, Гарай, Рохо — Маскерано, Гаго, Ди Мария — Агуэро, Месси, Игуаин
Иран (шығуы мүмкін құрам): А.Хагиги — Монтазери, Садеги, Хоссейни, Поолади — Теймурян, Некунам — Хейдари, Хайсафи, Дежага — Гучаннеджад
Аргентина мен Иран құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.
Германия vs Гана
Германия құрамасы біріншілікті жақсы бастады. Алғашқы ойында Португалия құрамасын ірі есеппен (4:0) тізе бүктіріп, өз тобының көшбасшысы екенін дәлелдей түсті. Енді олар бірінші ойында АҚШ-қа ұтылған ганалық футболшыларды жеңсе, келесі кезең жолдамасына ие болады. Йоахим Лев шәкірттері бұл ойынның сөзсіз фавориты саналады. Ал, ганалықтардың жағдайы қиын. Алғашқы турда америкалықтарға есе жібермегенде келесі кезең жолдамасы үшін күрсуге болатын еді. Енді оларды алда еуропаның азулы екі ұжымы күтіп тұр. Бүгінгі ойыннан бір ұпай алғанның өзінде, "жаралы арыстандай" желгіп тұрған Криштианудың командасынан айналып өту қиынға соғары анық. Гана мен Германия құрамалары өзара екі рет жолығып, екеуінде де немістер басым түскен. Екі құрама арасындағы ең соңғы ойын 2010 жылы өткен. Ол кездесуде Месут Озил соққан жалғыз гол Германияға жеңіс алып келген екен.
Бүгінгі ойын туралы Гана құрамасының бас бапкері Квеси Аппиа: «Біз бәрін жақсылап ойландық. Өткен ойында жіберген қателіктерімізді түзеп, нәтижелі ойын өткізуге тырысамыз», - дейді.
Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Лев: «Алғашқы ойында жеңіске жетудің өзіндік жақсы жақтары бар. Бірақ келесі ойынды дәл сол рухпен өткізу қиынға соғады. Италияға қараңыздаршы. Бірінші ойында жеңді де, екінші турда Коста-Рикаға есе жіберіп қойды. Нидерланды құрамасы да екінші турда Аустралияға қарсы сүреңсіз ойнады. Бізге бастапқы қарқынды жоғалтып алмау керек», - дейді.
Германия (шығуы мүмкін құрам): Нойер — Дж. Боатенг, Мертезакер, Мустафи, Хеведес — Лам, Швайнштайгер, Кроос — Езил, Мюллер, Гетце
Гана (шығуы мүмкін құрам): Квараси — Опаре, Менса, Бойе, Асамоа — Эссьен, Мунтари — Атсу, К. П. Боатенг, А. Айю — Гьян
Немістер сапынан қорғаушы Хуммельс жарақатына байланысты ойынға араласа алмайды.
Германия мен Гана құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады.
Нигерия vs Босния және Герцеговина
Босниялықтар Аргентинаға қарсы өткізген ойында жақсы қырынан танылды. Алайда сәл ғана сәттілік жетіспеді. Енді бүгін сол қарқыннан таймаса алғашқы ұпайына қол жеткізуі мүмкін. Бұл команда жарыс басталмай тұрып-ақ, топтағы екінші орыннан үміткер команда ретінде есептелген болатын. Босниялықтар бұл үдеден шығу үшін бүгін қайтсе де жеңіске жету керек. Алғашқы ойында Иранмен тең ойнаған африкалық ұжым да қарап қалмасы анық. Олар азиялық командаға қарсы ойында шабуыл шебінде жақсы өнер көрсеткен болатын. Нигериялық футболшыларға бірде дәлдік жетіспей жатса, бірде Иран қорғаушыларының сауатты ойыны мүмкіндік бермеді. Бұл екі ұжым бұрындары өзара кездесу өткізбеген.
Нигерия (шығуы мүмкін құрам): Эньяма — Эмброуз, Омеруо, Йобо, Ошанива — Оби Микель, Онази — Одемвинге, Амеоби, Мозес — Эменике
Босния және Герцеговина (шығуы мүмкін құрам): Бегович — Муйджа, Бичакчич, Спахич, Колашинац — Хайрович, Бешич, Пьянич, Лулич — Ибишевич, Джеко
Бұл ойын Астана уақытымен 04:00-де басталады. Барлық кездесуді «KazSport» және «Қазақстан» арналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!
Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, 8 ұпайдан аспағандар рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Тағы айта кететіні, қатысушылар өтінішімен жарысқа қатысушылар шектелмейтін болды. Және жаңа ережелер туралы ақпарат кейінге шегерілді. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Үш ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vseprosport.ru, vk.com
Н. Айдархан