Массагет бәйгесі. Үш ойынға үздік болжам жаса!

Массагет бәйгесі. Үш ойынға үздік болжам жаса!

Бүгін футболдан әлем чемпионатының екінші күніндегі кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі де көшбасшысын күтетін болады.

«А» тобында Бразилия алғашқы кездесуінде хорваттарды жеңіп, үш ұпай иеленді. Енді осы топтағы қалған екі құрама бүгін кездеседі. «Арена дас Дунас» стадионындағы Мексика мен Камерун құрамалары ойынын футбол жанкүйерлері құр жібермесі белгілі. 2010 жылғы «мундиальдың» финалында кездескен Испания мен Нидерланды ойынын асыға күтіп отырғандар да көп. Чили мен Аустралия ойыны да назардан тыс қалмасы анық. Ендеше ойындар алдындағы шолуымызды оқи отырыңыздар.

Мексика vs Камерун


Ресми түрде алғаш рет жолдары түйісіп отырған құрамалар ойынында аздап болса да мексикалықтар фаворит саналуда. Бәлкім, өз құрлығы болғандықтан ауа-райы жағдайына байланысты болса да керек-ті. Бірақ, Камерун құрамасын осал деп қарауға болмайды. Өз кезегінде жауап қатары белгілі. Бір-бірімен ойын дәрежелері тең деп қарауға болады.

Африка құрлығынан келіп отырған құраманың ойынын «жұмбақ» ретінде бағаласақ, қателеспеспіз. Өйткені, Фолкер Финке шәкірттерінен көп дүние күттіріп отыр. Мексика құрамасының да топтан шығу мүмкіндігі бар. Ол үшін бүгінгі  кездесуде команда жеңіске жетіп, рух жинауы тиіс. Егер алғашқы ойында есе жіберіп жатса, өз жағдайларын қиындатып алмақ. Ендеше екі құраманың кішігірім стаистикасына көз жүгіртіп көрейік.

- Камерун құрамасының әлем чемпионатындағы соққан соңғы 4 голының барлығына да Самуэль Это’О септігі тиген. Үш голды еншісіне жазса, бір нәтижелі пас берген.

- Камерун құрамасы «мундиальдағы» соңғы 13 кездесуінің 1-нде ғана жеңіске жетіпті. 2002 жылы Сауд Арабиясын жеңген. Сегіз рет жеңіліп, төрт рет тең ойнаған.

- Мексика мен Камерун екінші рет кездескелі отыр. 1993 жылы жолдастық кездесуде 1:0 есебімен Солтүстік Америка құрлығы құрамасының мысы басым болыпты.

- Мексика бас бапкер Мигель Эрера қол астында екі ғана кездесу өткізген. Қосымша жолдаманы сарапқа салған Жаңа Зеландияға қарсы өткен ойын.

- Камерун әлем чемпионатындағы соңғы 17 голын қарсыластың айып алаңының ішінде соққан. Он бесі ойыннан, екеуі пенальтиден.

- Мексикалық футболшы Орибе Пиральта құраманың соңғы алты ойынында сегіз гол соққан.

- Мексика әлем чемпионатында әлі де бір рет Африка құрлығының құрамасын жеңбеген.

- Мексика соңғы ресми 4 кездесуінде 3 голдан кем соқпаған.

- Камерун соңғы ресми 6 кездесуінде жеңіліс таппаған.

- Мексика құрамасы сапынан Очоа, Агилар, Морено, Маркес, Родригес, Лайун, Васкес, Эррера, Гуардадо, Джовани Дос Сантос және Перальта негізгі құрамда шығады. Чичарито алғашқы ойындағы негізгі құрамға ілікпеді. Камерундықтардың алаңға шығатын футболшыларын әлі анықтаған жоқ. Бас қазы қызметін колумбиялық төреші Ролдан Вилмар атқарады. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

2010 жылғы финал


«В» тобының көшбасшылары ойыны бүгін қызықты болмақ. Испания құрамасы төрт жыл бұрынғы атағын қорғауға келді. Ол атақты ақтық сында осы Нидерланды құрамасынан басым түсіп, иеленген-ді. Бәлкім, Луи ван Гал шәкірттері бүгін есесін қайтарып қалар. Нақты бір болжам айту қиын. «Қызы фурия» «тики-такаға» басып, «алқызылдар» екінші нөмірмен өнер көрсетер болса, көп гол соғылмауы мүмкін деп те болжануда. Бастысы екі құрамаға да топтан бірінші орын алып, шығу маңызды. Өйткені, екінші орын алған құрама «А» тобынан бірінші орын алған командамен кездеседі. Ал ол топта, түнде ғана ойынын тамашалаған Бразилия сөзсіз фаворит.

Енді құрамалардың әлем чемпионатындағы соңғы статистикаларына назар аударып көрейік.


- Испания «мундиальдың» алғашқы ойынын жеңіліспен бастап (2010 ж. Испания – Швейцария 0-1), чемпион атанған жалғыз құрама.

- «Қызыл фурияның» әлем чемпионатындағы соңғы 9 голының 7-еуіне Давид Вильяның көмегі тиген. Алты голды өзі соқса, бір нәтижелі паспен ерекшеленіпті.

- Испания «мундиальдағы» соңғы алты ойынында қатарынан жеңіске жеткен. Ал оның төртеуінде 1:0 деген есеп тіркеліпті.

- Висенте дел Боске командасы соңғы төрт ойынында өз қақпасына гол өткізбеген.

- Нидерланды құрамасы әлем чемпионатына жетінші рет қатарынан жолдама алып отыр.

- «Қызғалдақты елдің» құрамасы қатарынан іріктеу кезеңінде Робин ван Перси 11 гол соғып, үздік сұрмергендер қатарынан көрінді.

- Нидерланды әлем чемпионатындағы соңғы 25 кездесуінің 23-нде жеңіске жеткен. (Іріктеуді қоса есептегенде)

- Испания әлем чемпионатындағы соңғы 25 кездесуінің 21-нде жеңіске жеткен. (Іріктеуді қоса есептегенде)

Тартысты кездесу Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады.

Чили vs Аустралия


Бұл кездесуде Оңтүстік Америка құрлығының құрамасы айқын фаворит саналуда. Негізінен Чилидің негізгі құрамының көп футболшысы Еуропа ареналарында өнер көрсетіп жүргендер. Жолдастық кездесулерде де жаңа қырымен көзге түсуде. Бапкер дұрыс жүйе ұстанып, футболшыларды рухтандыра білсе, команданың «тосын сый» жасауға мүмкіндігі бар. Олай дейтініміздің де себебі жоқ емес. Аустралия құрамасында көбіне жергілікті футболшылар өнер көрсетеді. Көбісі жастар да екен. Оларға өзін көрсетіп қалуға мүмкіндік туып отыр. Сол үшін белсенері анық. Бірақ, тәжірибелі, егде тартқан футболшылар құрамамен қоштасты. Жастардың деңгейі әлі төмендеу. Бас бапкер Энджи Пестекоглуды да тәжірбиелі жаттықтырушы деп айтуға келмейді. Еуропа мен Америка құрлығының құрамаларына қарсы қандай жүйе ұстанары да белгісіз. Себебі, бұл футбол маманы тек өз елінде ғана бапкерлік қызметпен айналысқан. Егер бүгін Чилиден ұпай иеленіп жатса, кішігірім сенсация ретінде қарауға да болатын шығар. Букмекерлік орталықтар, Чили құрамасы жеңісіне – 1,47, тең есепке – 4,72, Аустралия жеңісіне – 8 коэффициент ұсынуда.

Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 04:00-де басталады. Барлық кездесуді «KazSport» және «Қазақстан» арналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.


Еске салайық, осыған дейін әлем чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал кешегі Бразилия мен Хорватия ойынына жасалған болжамдармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты кешкі сағат 21:50-де тоқтатылады. Ережеге сәйкес, бір сағат бұрын тоқтатылуы тиіс болатын, бірақ  ойын кестесіне орай осындай қадамға барып отырмыз. Үш ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: goal.net.ua, isport.ua

 Бәйгеге қатысушылар рейтингі

 ӘЧ кездесулер кестесі

О. Сансызбай