Массагет бәйгесі. Мүмкіндікті жіберіп алма!

Массагет бәйгесі. Мүмкіндікті жіберіп алма!

Бүгін футболдан Әлем Чемпионатының топтық кезеңіндегі үшінші кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.

Үшінші турдың алғашқы ойыны алдыңғы екі ойында да жеңіліске ұшырап, топтан шығу мүмкіндігінен айырылған Испания мен Аустралия құрамаларының арасында өтеді. Бұл екі құрамамен бірдей уақытта, «В» тобының көшбасшысын анықтау мақсатында Нидерланды мен Чили құрамалары алаңға шығады. Сондай-ақ, «А» тобында Камерун - Бразилия, Хорватия – Мексика құрамалары кездеседі. Бұл топта келесі кезеңге шығатын командалар әлі анықталған жоқ. Ендеше, тартысты ойындардан құр қалмаңыздар! Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Испания vs Аустралия. Әлем чемпиондарының ақырғы ойыны...

Биылғы біріншілік тосын оқиғаларға толы болуда. «В» тобында Әлем чемпиондары Испания құрамасының өз тобынан шыға алмай қалуын ешкім күтпесе керек. Олар алғашқы ойында Нидерланды құрамасынан ойсырай ұтылса, артынша чилиліктерге есе жіберді. Осылайша жарыс бітпей жатып үйлеріне қайтатын болды. Олар бүгін Аустралияға қарсы өткізетін соңғы ойында басым түсіп, жарысты жеңіспен аяқтауға міндетті. Сол үшін де Висенте Дель Боске шәкірттері барын сала ойнауға тиіс. Аустарлия құрамасы нидерландықтарға қарсы ойында жап-жақсы өнер көрсетті. Тіпті, олар Әлем чемпионатындағы көшбасшы командалардың бірінен айласын асырып кетуге сәл қалды. Алайда оларға аздаған сәттілік жетіспеді. Аустралия сапынан бүгінгі ойынға үздік ойыншылардың бірі Тим Кэхилл және  қорғаушы Иван Франьич қатыса алмайды. «Қызыл фурия» қатарынан ойын алдындағы жаттығулардың бірінде жарақат алып қалған Пике алаңға шыға алмайды. Сондай-ақ, бас бапкері Висенте Дель Боске жартылай қорғаушы Сеск Фабрегаспен сөзге келмей қалған көрінеді. Енді Сесктің орынына 32-жастағы Хаби Алонсо алаңға шықпақшы. Бүгін Испания мен Аустралия құрамалары арасында алғашқы ойын ойналады. 

Австралия (шығуы мүмкін құрам): Райан — Макгован, Уилкинсон, Спиранович, Дэвидсон — Йединак, Маккай — Леки, Брешиано, Оар — Таггарт

Испания (шығуы мүмкін құрам): Рейна — Хуанфран, Альбиоль, Рамос, Альба — Бускетс, Фабрегас - Хаби Алонсо, Коке — Мата, Диего Коста, Иньеста

Испания мен Аустралия құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Нидерланды vs Чили. «В» тобында кім мықты?

Нидерланды мен Чили құрамасы екінші турда-ақ плей-офф кезеңіне жолдама алып қойған еді. Бүгін олар өз тобының көшбасшысын анықтайтын болады. Бұл кездесудің жеңімпазы «А» тобындағы екінші орын алған командамен жолығады. «А» тобындағы соңғы нәтиже бүгін анықталады. Әзірге ол топта Бразилия құрамасы бірінші орында келеді. Алаң иелері бүгін көш соңындағы Камерун құрамасын жеңуі әбден мүмкін. Демек, Нидерланды – Чили кездесуінің жеңімпазы бразилиялықтармен кездеспейтін болады. Ол үшін екі құрама да барын сала ойнары анық. Бүгінгі ойындағы тең нәтиже нидерландықтардың пайдасына шешіледі. Олар доп айырмашылығы жағынан Чили құрамасынан басым тұр. Нидерланды сапынан Робин ван Перси алаңға шықпайды. Ол өткен ойындарда екі сары қағаз алған болатын. 1928 жылғы Олимпиададағы кездесуді санамағанда (2:2), Нидерланды мен Чили құрамалары бүгін алғаш рет кездесу өткізеді.

Нидерланды (шығуы мүмкін құрам): Силлессен — Янмаат, де Врей, Влаар, Блинд — де Йонг, де Гузман — Снайдер — Роббен, Ленс, Куйт

Чили (шығуы мүмкін құрам): Браво — Хара, Медель, Сильва — Исла, Диас, Гутьеррес, Мена — Видаль — Санчес, Варгас

Бапкерлер сөзі

Нидерланды құрамасының бас бапкері Луи ван Гал: «Әр ойын алдында ФИФА fair play-ды насихаттайды. Әрине бәрі де кестеге байланысты жүзеге асып келеді. Ойындар әділ түрде өтуге тиіс. Біз бүгін Чилиді жеңуге тырысамыз. Ал, бразилиялықтар Камерунға қарсы қалыпты өнер көрсетеді деп үміттенемін», - дейді.

Чили құрамасының бас бапкері Хорхе Сампаоли: «Сан-Паулу» аренасының алаңы нашар жағдайда. Өкінішке орай, өте маңызды ойынды осы жерде өткізгелі жатырмыз. Бұл жағдай ойынның маңыздылығына кесірін тигізбесе болғаны», - дейді.

Нидерланды мен Чили құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады. 

Хорватия vs Мексика. Келесі кезеңге кім шығады?

Күн тәртібінде Нидерланды – Чили кездесуі тұрғанымен, хорваттар мен мексикандықтар арасындағы ойын орталық ойынға айналары анық. Нидерландықтар мен чилиліктер топтағы бірінші орынды сарапқа салса, ал міне Хорватия мен Мексика құрамалары турнирді кімнің жалғастыратынын, кімнің үйге қайтатынын шешетін болады. Бұл тұста бразилиялықтарға есе жіберген еуропалықтар жеңіске зәру бола, қожайындармен тең ойнаған оңтүстік америкалықтарды тең есеп те қанағаттандырады.

Қос  құрама да бұл ойынға өз мақтаулы құрамын шығармақ. Ховарттар сапында соңғы он голдың сегізін соққан  Манджукич-Олич-Перишич үштігі бар. Ал бұларға Бразилиямен өткен матчта ғаламат өнер көрсеткен Гильерме Очоа қарсы тұратын болады. 

 - Осыған дейін командалар үш мәрт кездескен. Жолдастық кездесудің екеуінде хорваттар жеңген. 2002 жылғы Әлем Чемпионатында Мексика 1:0 есебімен басым түскен. 

– Стипе Плетикоса мундиальда бесінші рет жеңіліске ұшырағалы отырған бірінші хорват футболшысы атануы мүмкін. 

– Хорваттар соңғы бес ірі турнирлердің төртеуінде топтық кезеңінен ұшып кетіп отырған. Бұл тізімнен 2008 жылы Еуропа Чемпионатының ширек финалын алып тастаңыз.

Камерун vs Бразилия


Жұртшылық Бразилия құрамасы үшінші турға дейін топтан шығу жағдайын шешіп қояды деп ойлаған, бірінші орынмен деп ойлағандарға топтағы соңғы кездесу шешуші болмақ.

Аталған матч Камерун құрамасы үшін ешнәрсені шешпейді. Үйге қайтуға заттарын жинап қойған футболшылар бразилиялықтарды өздерімен бірге ала кетуі де мүмкін. Алда-жалда ұтып кететін болса. Турнирдің басты сенсациясы осы болар еді!

Егер Хорватия мен Мексика құрамалары тең есеппен ойнап, бразилиялықтар ұтылып қалатын болса, онда оңтүстік америкалықтар өз үйлерінде өтіп жатқан Әлем Чемпионатынан шеттетіліп қалар еді.

Бразилия құрамасы бүгінгі кездесуде бірінші минуттарда гол соғуға тырысары анық. Ал Камерун құрамасына жақсы өнер көрсетуден басқа лаж жоқ. Дей тұра, бір-біріне жұдырық көтергелі жүрген камерундықтардан бәрін күтуге әзір болуы керек.

Себебі, бұл мундиальда осал саналған қарсыластар сенсация орнатып, мықтылардан ұпай алып қалуда бар күштерін салуда. Ендеше, бүгін Бразилия құрамасының орындауында тамаша мачты көруіміз мүмкін. 

Камерун (шығуы мүмкін құрам): Итнадж — Мбиа, Нкулу, Шейджу, Бедимо — Матип, Эно, Макун — Чупо-Мотинг, Вебо, Олинга

Бразилия (шығуы мүмкін құрам): Жулио Сезар — Дани Алвеш, Тиаго Силва, Давид Луис, Марсело — Луис Густаво, Эрнанес — Халк, Оскар, Неймар — Фред

Жарақат алған ойыншылар: Это'О — Халк 

Бас төреші: Йонас Эрикссон (Швеция)

Төрешінің көмекшілері: Матиас Класениус, Даниэль Вернмарк (екеуі де — Швеция)

Төртінші төреші: Свейн Оддвар Моэн (Норвегия)

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген төрт ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 10 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Тағы айта кететіні, қатысушылар өтінішімен жарысқа қатысушылар шектелмейтін болды. Және жаңа ережелер туралы ақпарат кейінге шегерілді. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Төрт ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vk.com

Н. Айдархан