Массагет бәйгесі. Көштен қалмауға ұмтылыңыз!

Массагет бәйгесі. Көштен қалмауға ұмтылыңыз!

Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем Чемпионатының 1/8 финалындағы кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады. 

«Е» тобында бірінші орынмен шыққан Дидье Дешам командасы бүгін Нигерия құрамасымен кездеседі. Шабуылға көп иек артып өнер көрсетіп жүрген француздар Африка құрлығынан келген құрамаға қандай қауқар көрсетер екен?

«Неміс машинасы» Алжир құрамасымен ширек финал жолдамасын сарапқа салады. Йохам Лев шәкірттері бұл кездесудің ғана емес, «мундиальдың» фавориті десек қателеспейміз. Ал алжирліктер келесі кезеңге өтіп жатса, онда «ұлы» сенсация болары анық. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Франция vs Нигерия


Франуия құрамасы өз тобында екі ойыннан кейін плей-офф жолдамасын иеленсе, нигериялықтар соңғы кездесуден кейін ғана 1/8 финалға өткендеріне көзі жетті.

Қос құрама арасындағы бүгінгі кездесуде Дидье Дешам шәкірттері фаворит саналуда. Осыған дейінгі үш кездесуде шабуылда өнер көрсету жүйесін ұстанған француздар бұл жолы да білгенінен жаңыла қоюуы екіталай. Бірақ, Стивен Кеши шәкірттерін де осал деп қарауға болмайды. Ендеше құрамалардың статистикасына көз жүгіртіп көрейік.

-  Нигерия мен Франция осыған дейін бір ғана кездесу өткізген. 2009 жылы өткен жолдастық кездесуде Африка құрлығының құрамасы бір доп айырмашылығымен жеңіске жетпті.

-  Француздар африкалық құрамалармен Әлем чемпионатында 4 рет кездесіпті. Оның екеуінде жеңіп, екеуінде жеңілген. Ал бүгінгі кездесу плей-оффтағы Африка құрлығынан келген құрамамен болатын алғашқы ойыны болмақ.

-  Франция соңғы 14 ойынының біреуінде ғана жеңіліс тапқан.

-  Карим Бензема ұттық құраманың соңғы 6 кездесуінде 7 гол соғыпты.

Кездесу алдындағы шығуы мүмкін құрамалар құрамы:

Франция: Льорис, Дебюши, Сако, Варан, Эвра, Погба, Кабай, Матюйди, Вальбуэна, Гризманн, Бензема.
Нигерия: Эньеама, Эмброуз, Омеру, Обоабона, Ошанива, Онази, Микел, Одемвинги, Азиз, Муса, Эменике.

Кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Германия vs Алжир

Көптеген футбол жанкүйерлері Алжир құрамасын плей-офф кезеңіне өтеді деп күтпеген-ді. Енді 1/8 финалда Германия құрамасымен жолы түйісті. Бір қызығы, осыған дейін екі рет кездескен құрамалар ойынында алжирліктердің мысы басым болған екен. Бірақ, ол ертеректе. Қазіргі неміс футболы шырқауы шыңына жетіп дамыған. Ал өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне өтіп отырған Алжир құрамасы адуынды «неміс машинасына» қарсы қандай жүйе ұстанар екен?

Кездесу алдындағы құрамалар құрамы:

Германия: Нойер, Хеведес, Хуммельс, Мертезакер, Боатенг, Лам, Швайнштайгер, Кроос, Озил, Гётце, Мюллер.
Алжир: М’Боли, Месба, Бугерра, Халиш, Манди, Меджани, Бенталеб, Браими, Джабу, Фегули, Слимани.

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген екі ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 16 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Екі ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: isport.com; vseprosport.ru;

О. Сансызбай